2025 жылғы 18 желтоқсанда Сенат депутаттары құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заңды және оған ілеспе құжаттарды мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.


Сенатор Марат Қожаевтың айтуынша, жаңа заңда құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілерінің тізімі мен құзыреті едәуір кеңейтіліп, олардың өзара үйлестіруі мен ықпалдастығының жаңа тетіктері әзірленген. Аталған үйлестіру Үкімет жанынан құрылатын Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанындағы комиссиялар арқылы жүзеге асырылады.

"Заңда алғаш рет Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің (құқық бұзушылықтардың алдын алу) жай-күйі туралы Ұлттық баяндама әзірлеу көзделіп отыр. Бұл баяндама Үкімет тарапынан ел Президентіне ұсынылады. "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесі қайта қаралып, ол жалпы, жеке және арнайы шаралардан тұратын болады. Жалпы алдын алу шаралары әлеуметтік-экономикалық себептер мен құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін жағдайларды жою арқылы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағытталған",- деді депутат.

Мемлекеттік органдардың уәкілетті лауазымды тұлғалары, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардың уәкілетті қызметкерлері жеке профилактикалық шараларды қолдану құқығына ие болады. Бұл шараларға профилактикалық әңгіме жүргізу, ресми ескерту жасау, жақындауға тыйым салу, әкімшілік жаза қолдану, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды (отбасыларды) есепке алу, профилактикалық есеп пен бақылау, қорғау нұсқамасы және басқа да шаралар кіреді.

Сонымен қатар, уәкілетті органдар құқық бұзушылықтың жекелеген түрлерінің алдын алуға, олардың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған арнайы профилактикалық шараларды қолдану құқығына ие болады.

Заңда виктимологиялық профилактика ұғымы енгізіледі. Ол белгілі бір адам немесе адамдар тобының құқық бұзушылық құрбанына айналу қаупін азайтуға бағытталған шараларды қамтиды.

Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – азаматтарды құқық бұзушылықтардың алдын алуға құқық қорғау органдарына ерікті түрде көмек көрсету арқылы тарту.

Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қайталанған қылмыстардың, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың, қоғамдық орындарда жасалатын және экономикалық құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ балалардың қараусыз қалуы, қаңғыбастығы мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу ерекшеліктері көзделген.

Заңнамалық деңгейде қоғамдық орын ұғымы мен олардың тізбесі бекітіледі.

"Заңмен 17 заңнамалық актіге, оның ішінде Азаматтық кодекске, Қылмыстық-атқару кодексіне, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске, Әлеуметтік кодекске және өзге де заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, қайталанған қылмыстардың алдын алу мақсатында Қылмыстық-атқару кодексінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, әкімшілік қадағалау белгіленетін адамдар санаты мен қадағалау мерзімдері кеңейтіледі. Ал Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияның мәні мен петиция тақырыбы бола алмайтын мәселелер нақтыланады. Мысалы, жеке және заңды тұлғалардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәселелер, сондай-ақ есірткі құралдары мен психотроптық заттарды кез келген түрде тарату мен насихаттауға қатысты мәселелер бойынша петиция беруге жол берілмейді",- деді Қожаев.

Балалардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдеріне әкімдік құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілетті орган құру өкілеттігі беріледі. Аталған органның өкілеттіктері заңнамалық деңгейде бекітіліп, оның қызметкеріне Қазақстан Республикасының "Баланың құқықтары туралы" заңына сәйкес ерекше мәртебе мен белгіленген үлгідегі арнайы киім кию құқығы беріледі.

Жеке сот орындаушыларының қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және олардың арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында атқарушылық құжаттарды бөлу тетігін қайта қарауға бағытталған түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушыларды электросамокат жүргізушілерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау мақсатында мынадай талаптар енгізіледі:

  • электросамокаттарды жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру;
  • Ішкі істер министрлігі белгілейтін тәртіпке сәйкес электросамокаттарды есепке алып, оларға тіркеу нөмірін беру және оны самокатқа орналастыру міндеті.

Бұған дейін сенатттың ЛГБТ-насихатына тыйым салу туралы заңды мақұлдағанын жазғанбыз.