Еліміздегі 16 моноқаланың дамуы кеніштер мен металлургия зауыттарының жұмысына тікелей байланысты. Бұл қалаларда бүгінде бір миллионнан астам халық тұрады. Олардың барлығы тарихи түрде өндіріс маңында қалыптасқан, әлі күнге дейін сол өндірістің есебінен өмір сүріп келеді. Тау-кен металлургия кешеніне (ТМК) қарасты кәсіпорындар бұл елді мекендер үшін тек негізгі жұмыс беруші емес. Олар абаттандыру, білім беру сияқты әлеуметтік салаларда да серіктес саналады. ТМК-нің өңірлер өміріндегі орны қандай және сарапшылар бұл туралы не дейді, толығырақ NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Міндеттен де үлкен жауапкершілік
Мәжіліс депутаты Арман Қалыков көмір өндіру саласында отыз жылдан астам еңбек еткен маман ретінде индустриялық өңірлердегі ірі кен кәсіпорындарының рөлі тек жұмыс орындарын құрумен шектелмейтінін айтады. Бұл әлдеқайда терең әлеуметтік процестерге ықпал ететін фактор.
"Жұмыс орындары – ТМК-ның өңірге әсерінің бір ғана қыры. Ірі өндіріс ошақтарының төңірегінде өзара байланысты қауымдастықтар мен тұрақты әлеуметтік жүйе қалыптасады. Адамдардың тұрмыс сапасы мен өңірдің тұрақтылығы кәсіпорындардың үздіксіз жұмысына тәуелді. Шын мәнінде, ТМК белгілі бір аумақтағы әлеуметтік ахуалға бағыт-бағдар береді", — дейді депутат.
"Атамекен" ҰКП басқарма мүшесі Гүлнара Бижанова да тау-кен металлургия кешенінің мемлекеттік бюджеттегі орны ерекше екенін айтады. Сектордың салықтық үлесі триллиондап саналатын теңге, ал ол қаражат – мектеп, аурухана, әлеуметтік жоба мен инфрақұрылымға айналып, халықтың игілігіне жарайды.
"Бүгін біз мемлекеттің әлеуметтік саясаты деп атап жүрген шаралардың басым бөлігі металлургтер мен кеншілердің еңбегі арқылы жүзеге асып отыр. ТМК-ның жыл сайынғы салықтық үлесі 2-3 трлн теңгені құрайды, бұл – ел бюджетінің 13-20 пайызы. Демек, әлеуметтік шығындардың едәуір бөлігі осы саланың арқасында қалыптасады. Бұл – "жер қойнауы халыққа тиесілі" деген конституциялық қағиданың нақты орындалуы. Бұған қоса, кәсіпорындар өздері орналасқан өңірлерге тікелей әлеуметтік пайда әкеледі", — дейді Гүлнара Бижанова.
Ernst & Young (EY) компаниясының серіктесі Виктор Коваленко да ТМК кәсіпорындары көп жылдан бері өз өңірлерінде маңызды әлеуметтік рөл атқарып келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, олардың міндеті тек салық төлеумен немесе жұмыспен қамтумен шектелмейді.
"ТМК компаниялары қай жерде жұмыс істесе, сол жерде әлеуметтік жауапкершілікте де бірге алып жүреді. Шағын әрі шалғай қалаларда балама жұмыс берушілер болмағандықтан, жергілікті халық бизнес тарапынан қолдау күтеді. Кәсіпорын инфрақұрылымды дамытып, қоғамға көмектескен сайын халық сенім артады. Бұл өңірдегі тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.Мәселен, қақтығыс азаяды, тұрғындардың сенімі мен қолдауы артады", — дейді Виктор Коваленко.
"Тау-кен металлургия кешені: Қазақстан экономикасына үлесі және орнықты даму келешегі" атты зерттеу де осы тұжырымды растайды. Сала компаниялары миллиардтаған теңгені тек өндірісті жаңғыртуға ғана емес, әлеуметтік жобаларды іске асыруға да бағыттап келеді. Көбіне бұл – мемлекетпен белгілеген міндеттемеден де жоғары деңгейдегі қолдау.
"Кәсіпорындар қызметкерлерін оқыту мен әлеуметтік бағдарламалармен қамтиды, қалаларға мектеп, аурухана, спорт нысандарының салынуына атсалысады. Білім мен ғылымға қаржы бөледі, ал табиғи апат кезінде қаржылай және материалдық көмек көрсетеді", — дейді зерттеу авторы, сарапшы Марат Шибутов.
Жиналған деректер ТМК-ның әлеуметтік рөлін "қосымша міндет" деп қарастыруға келмейтінін көрсетеді. Қалаларды, білім мен денсаулық саласын, тірек болып, экономика мен қоғамның қатар дамуына мүмкіндік береді.
Өңірлерге бағытталған миллиардтар
Тау-кен металлургия компаниялары бұрынғыдай бір реттік демеушілікпен ғана шектелмейді. Әлеуметтік қолдау қазір олардың тұрақты стратегиясына айналған. Бұған нақты мысалдар аз емес.
"Қазақмыс" – 38 мың адам жұмыс істейтін, өңір өмірін айқындайтын алып жұмыс беруші. Компания Ұлытау облысының негізгі әлеуметтік инвесторы ретінде соңғы жылдары өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ерекше қарқынмен кірісті. 2022 жылдан бері үш жылдық меморандум аясында әлеуметтік нысандарға 36 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Келісімнен тыс та қосымша 15 млрд теңгеден аса қаржы геокластер құруға, шахмат академиясына, спорт ангарларына және білім, мәдениет, спорт әлеуетін арттыратын өзге де нысандарға жұмсалды. 2024 жылы кәсіпорын әлеуметтік бағдарламаларға 9,1 млрд теңге, ал биыл 12,4 млрд теңге бөлді. 2025 жылы маңызды жобалардың қатарында "Ана үйі" қоры мен жыл сайын 600 балаға көмек көрсететін нейро-ортопедиялық ауытқулары бар балаларға арналған оңалту орталығы бар.
Кәсіпорын саланың ең мазмұнды ұжымдық шарттарының біріне ие. "Қазақмыс" қызметкерлер мен олардың отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдау жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, бала туу, неке құру, білім алу сияқты өмірлік жағдайларға арналған төлемдер артты.
"2022 жылдан бастап зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ерікті медициналық сақтандыру енгізілді. Қазір шамамен 139 мың адам, оның ішінде қызметкерлердің отбасы мүшелері де осы сақтандырумен қамтылған. Әр адамға белгіленген лимит – 2,5 млн теңге. Сақтандыру амбулаторлық және стационарлық емді, стоматологияны, отбасылық дәрігерді шақыруды және дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды", — дейді Kazakhmys Holding ЖШС HR басқарушы директоры Алибек Алдонгаров.
Жыл сайын 4 мыңнан астам қызметкер санаторлық емдеуден өтсе, 1,5 мың бала жазғы лагерлерге жіберіледі. Компания зейнеткерлерді де назардан тыс қалдырмайды: жыл сайын 700-ге жуық ардагер шипажайда емделіп, демалып келеді.
"2019 жылдан бері қызметкерлерге 280 пәтер берілген, ал 2025 жылы қосымша 202 пәтер тегін тапсырылады. Мектепке дайындық үшін қаржылық қолдау көрсетіледі. Қиын жағдайға тап болғандарға, еңбекке жарамсыз азаматтарға және өндірісте қаза тапқан қызметкерлердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі", — дейді Алибек Алдонгаров.
Кәсіпорын өңірдің білім беру жүйесін күшейтуге де үлес қосып отыр. Мысалы, Ustaz Ulytau педагогикалық трансформация орталығын қолдауға 715 млн теңге бөлінді. Бұл орталық мұғалімдерді жаңа әдістемелер бойынша оқытып жатыр. 2025 жылы бұл орталық 85 мектепті, 2 колледжді және қосымша білім беретін 2 ұйымды қамтиды. Сәтпаев пен Балқаш қалаларындағы корпоративтік колледждер жыл сайын 70 мың қызметкерге дейін оқыту жүргізеді. Соңғы үш жылда 6,5 мыңнан астам студент "Қазақмыс" нысандарында тәжірибеден өтті. Көптеген жас маман оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасты. Сәтпаевта болашақ инженерлер мен кеншілерге арналған оқу полигоны салынып жатыр.
Инвестордың қолдауымен өңір қалаларында жаңа спорт кешендері, академиялар, балаларға арналған секциялар, мәдени алаңдар ашылып жатыр. Жезқазғанда құны 8,5 млрд теңге болатын "Жігер" спорт кешені пайдалануға берілді. Қазір 200 орындық жатақханасы бар балалар спорт академиясы салынып жатыр. Сәтпаев пен Ералиевте екі спорт кешенінің құрылысы аяқталды, шахмат академиясы ашылды. "Қазақмыс" Сәтпаевтағы Шахтер даңқы алаңын қайта жөндеді және Жезқазғанда 280 орындық балабақша салды.
Компания қалаларды көркейтуге, қоғамдық кеңістіктер мен қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға тұрақты түрде қаржы бөліп келеді.
ERG: қалалар, мектептер және баспана
2010 жылдан бері компания өңірлерді дамытуға 400 млрд теңгеден астам қаражат жұмсап келеді. Инвестициялар инфрақұрылымға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, медицина мен білім беруге, ғылым, экология, мәдениет, спорт және демалыс салаларына жұмсалған. Бұған қоса, 2024 жылы акционерлер елдің төрт өңіріндегі су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 40 млрд теңге бөлді.
ERG облыс әкімдіктерімен тұрақты ынтымақтастық орнатқан. Соның негізінде соңғы бес жылда 48 млрд теңгеден астам сомаға жобалар жүзеге асқан. Қаражаттың басым бөлігі моноқалалардың өзекті мәселелерін шешуге жұмсалды: мектептер мен балабақшалар салу, университеттер мен колледждерді жөндеу, үйлер мен инженерлік желілерді қалыпқа келтіру, ауруханаларды жабдықтау, абаттандыру.
Ең ауқымды жобалардың қатарында: Рудныйдағы 1,2 мың орындық мектеп (7,8 млрд теңге); Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау (2,5 млрд теңге); Павлодар облысының екі ауылында мектеп салу (2 млрд теңге); ERG for colleges бағдарламасын қаржыландыру (Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстары – 2 млрд теңге) және осы өңірлердегі "Туған қала" жобасы (1,8 млрд теңге).
Сонымен бірге компания Хромтауда мәдениет орталығының құрылысына 1,8 млрд теңге, Ақсудағы мектептің күрделі жөндеуіне 1,5 млрд теңге, Павлодарда футбол манежі мен мұз аренасын салуға 1,2 млрд теңгеден бөлді. Ақтөбеде жедел жәрдем станциясы жабдықталып, сквер абаттандырылды және жергілікті футбол клубына қайырымдылық көрсетілді. Жалпы көлемі 3,6 млрд теңге.
ERG-дің басты бағыттарының бірі – қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету. Коллективтік келісімдер аясында кеңейтілген әлеуметтік пакет қарастырылған: тегін медициналық қызмет, отбасыларға қолдау, өмірлік маңызды жағдайлардағы төлемдер, жеңілдетілген тамақтану, балаларға жолдамалар. Моноқалаларда қолжетімді бағамен сатылатын дүкендер желісі жұмыс істейді. Соңғы он жылда 19 көпқабатты үй салынды, ал жеңілдетілген бағдарламаладың арқасында 2 мыңнан астам жұмысшы баспаналы болды.
Компания шағын және орта бизнесті де дамытып келеді. Мысалы, Хромтауда 2 млрд теңгеге 95 бизнес-жоба іске қосылып, 115 жұмыс орны ашылды. Бұл тәжірибені Ақсу қаласында да қолдану жоспарланып отыр.
KAZ Minerals: жобалар, студенттер, қауымдастықтар
Әлеуметтік инвестициялар – KAZ Minerals компаниясының тұрақты даму стратегиясының ажырамас бөлігі. Компания жаңа мектептер мен шығармашылық орталықтарын салып, оқу кабинеттері мен зертханаларды жабдықтайды, студенттерге гранттар бөледі және дағдарыс кезінде жергілікті қауымдастықтарға қолдау көрсетеді.
2021-2024 жылдары әлеуметтік бастамаларға 160 млн доллардан астам қаржы бағытталған. Ірі жобалардың қатарында: Семейдегі 1,2 мың орындық жаңа мектеп, Екібастұздағы балаларға арналған шығармашылық үйі, Павлодар мен Екібастұз теміржол вокзалдарын жаңарту, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек бар.
"Казцинк": инклюзия, мәдениет, спорт
"Казцинк" те әлеуметтік жауапкершілікті белсенді атқарып, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және қаланы абаттандыру бағыттарын тұрақты қолдап келеді. Компания жұмыс істеген жылдар ішінде осы салаларға шамамен 650 млн доллар жұмсалған.
Компания Business Lady Qazaqstan байқауын жалпы демеуші ретінде қолдайды, "Iзгi koktem" қайырымдылық балын қаржыландырады, ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға арналған Өскемендегі Bastau түзету мектебінің жұмысына дем береді. Сонымен бірге Винный елді мекеніндегі ат спорт кешенінің паралимпиадалық және арнайы олимпиадалық бағдарламаларына жағдай жасайды, өңір әйелдерінің бастамаларын "Шығыстың інжу-маржаны" байқауы арқылы қолдайды. Бұған қоса, компания есту қабілеті бұзылған адамдарды жұмыспен қамтуға арналған бейнемониторинг орталығын ашты және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін заманауи құрылғылармен қамтамасыз етті.
"Казцинк" спорттық инфрақұрылымды дамытуға да жүйелі түрде үлес қосады. Компания теннис орталығын, жекпе-жек сарайын, жеңіл атлетика манежін, бассейн, хоккей модулін және дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салды. Тек 2019 жылы әлеуметтік салаға 11 млрд теңге инвестиция салынса, 2020-2025 жылдар аралығындағы жиынтық көлем 46 млрд теңгеден асады. Соның ішінде 2025 жылы 14,2 млрд теңге бөлінуі жоспарланған.
Көптарапты әсер
Тау-кен металлургия кешені ел экономикасының қуатты тірегіне айналып отыр. Сала айналасында тұтас іскер орта қалыптасады: зауыттар, зертханалар, тасымалдау компаниялары, қызмет көрсету ұйымдары, тамақтану орындары. Қаражат ел ішінде қалып, жаңа жұмыс орындарын, салық түсімдерін және өңірлердегі өмір сапасының артуын қамтамасыз етеді.
Бүгінде салада 205 мың адам еңбек етеді. Бірақ экономист Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, ТМК-ның еңбек нарығына ықпалы ресми статистикадан әлдеқайда кең.
"ТМК-ның төңірегінде ондаған жеткізуші компания мен мердігер жұмыс істейді. Әр зауыт өзімен бірге ондаған қосалқы өндірістерді де алып жүреді. Металлургтерге қосалқы бөлшектерден бастап арнайы киім, тамақтану, тасымал, тұрмыстық қызметтердің бәрі керек – мұнымен шағын және орта бизнес айналысады. Сондықтан ТМК-дағы бір жұмыс орны бірнеше жаңа жұмыс орнының ашылуына себеп болады. Кешеннің экономикалық үлесін бағалағанда мұны ескеру қажет. Ол тек өнім мен салық емес, тұтас еңбек нарығын қалыптастыратын күш", — дейді экономист.
Зерттеулерге сәйкес, ТМК-дағы бір жұмыс орны байланысты салааралық бағыттарда үштен жетіге дейін қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, кешенде жұмыс істейтін 200 мың қызметкер түрлі салаларды кем дегенде 600 мың адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашып отыр. Бұл – біліктілік арттырып, мансап өсіруге мүмкіндік беретін тұрақты орта.
"Көптарапты әсердің мәні қарапайым: ірі кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істесе, оның айналасында ондаған қызмет көрсету саласы дамиды. Ал негізгі өндіріс тоқтай қалса, бүкіл экожүйе де әлсірейді. Мұнда бәрі бір-бірімен сабақтас", — дейді депутат Арман Қалықов.
Бұл әсер нақты мысалдардан да байқалады. ТМК жыл сайын мемлекет бюджетіне түсетін салықтың елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Сол қаражат есебінен мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы төленеді, жолдар жөнделеді, мектептер мен әлеуметтік нысандар салынады. Сонымен қатар сала ғылым мен технологиялардың дамуына серпін береді, жаңа өндірістік тәсілдер экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
"ТМК өңірдің дамуына бағыт береді. Кәсіпорындар міндетті түрде мердігерлерді тартады, сол арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын өндірістік орта қалыптастырады. Компания өндірісін кеңейтіп, жергілікті жеткізушілерді қолдағанда, бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің жаңа деңгейі", — дейді депутат.
Оның айтуынша, ТМК кәсіпорындарының өңірлерге келуі қалалардың тіршілігін жандандырады: зауыттармен бірге мектептер, ауруханалар, тұрғын үй салынып, әлеуметтік және қайырымдылық жобалар жүзеге асады. Саланың ықпалы өндірістің шеңберімен шектелмейді. Экспорт көлемі артады, инфрақұрылым дамиды, тұтынушылық сұраныс күшейеді.
ТМК және әлеуметтік оптимизм
"Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының дерегінше, ТМК кәсіпорындары орналасқан қалалардың тұрғындары елдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда болашаққа сенімдірек. Былтыр Жезқазған, Теміртау, Павлодар, Рудный және Хромтау қалаларында жүргізілген сауалнамада әлеуметтік оптимизм деңгейі бұл өңірлерде 52%, ал Қазақстан бойынша 37% болғаны анықталды.
Тұрғындардың басым бөлігі өз қалаларындағы жағдайды оң бағалайды (29%) немесе тұрақты деп қабылдайды (58%), ал жартысынан көбі өмір сүру жағдайының жақсарғанын айтқан. Материалдық жағдайға қанағаттану көрсеткіші Хромтауда, Рудныйда және Жезқазғанда ең жоғары – 50%-дан астам. ТМК қызметкерлері арасында бұл көрсеткіш 60%-дан жоғары.
Әлеуметтанушылар ТМК компаниялары өңірлердегі тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтеді. EY серіктесі Виктор Коваленконың пікірінше, ТМК-ның әлеуметтік инвестициялары мен өңірлердің тұрақтылығы арасында айқын байланыс бар. Оның айтуынша, кәсіпорындар жергілікті мәселелерді шешуге қаржы құйғанда, бұл тек сенім қалыптастырып қана қоймай, болашаққа қажет кадрлық әлеуетті де күшейтеді.
"Компания өңірге әлеуметтік инвестиция салып, оған тән мәселелерді шешіп, адамдарға өмір сүруге, жұмыс істеуге, бала өсіруге қолайлы орта қалыптастырса, ондай өңір тоқырауға түспейді. Мұндай жерде компанияға деген көзқарас жақсарады, оның беделі мен сенім деңгейі тек қызметкерлер арасында емес, жалпы қоғамда өседі. Жастар қалып, болашақта дайын мамандар осы жерде жұмыс істейтін болады. Шынайы тұрақтылық дегеніміз осы", — дейді сарапшы.
Бұл пікірді депутат Арман Қалықов та қолдайды. Оның айтуынша, ТМК-ның әлеуметтік жауапкершілігі қалалардағы өмір сапасын арттыратын жобалар арқылы айқын көрінеді. Әсіресе жастарға арналған бастамалар маңызды орын алады.
"Жұмыс бар дегеннің өзі жеткіліксіз. Жастар өңірде қалу үшін жайлы орта қажет: спорт кешендері, балабақшалар, мектептер. Осындай әлеуметтік жобалар инфрақұрылымды күшейтеді, шахталардағы әулеттік еңбек жолын сақтайды және инвестордың кадрды ұстап қалуға мүдделі екенін көрсетеді", — деп атап өтеді ол.
Мүдделер балансы
Экономист Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, компаниялардың инвестиция салу мүмкіндігі экономикалық ахуалға тікелей тәуелді: айналымның азаюы, өзіндік құнның өсуі мен әлемдік бағалардың құлдырауы кәсіпорындардың белсенділігін шектейді.
Оның сөзінше, кәсіпорындар үшін ең бастысы – ұзақ мерзімді тұрақтылықты сақтау.
"Қала құраушы кәсіпорындар қажет. Олар жұмыс орындарын ашады, адамдар өмір сүріп, еңбек етеді. Осындай кәсіпорындар ұзақ уақыт тұрақты жұмыс істеп, жалақыдан бөлек әлеуметтік нысандар мен спорттық инфрақұрылымды дамытса дейміз. Қазір геологиялық барлауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Жаңа кен көздері табылса, бұл өңірдің болашағын ашады. Бірақ тек ірі кәсіпорындарға ғана сүйену – қауіпті. Мемлекет мұндай тәуекелдерді есепке алып, бір ғана қала құраушы кәсіпорынға арқа сүйемейтін жоспар жасауы керек. Экономиканы әртараптандыру, жаңа бизнес пен өзге салалардың дамуына жол ашу маңызды. Сонда жаңа жұмыс орындары пайда болып, салық түсімдерінің аясы кеңейеді", — дейді Нұрғалиев.
Ол сондай-ақ әлеуметтік инвестицияларды жүйелі тепе-теңдіктің бір бөлігі деп санайды.
"ТМК компаниялары бөлетін миллиардтар – ерікті қаржы мен олардың міндеттемелерінің үйлесімі. Кәсіпорындар, әсіресе салықтар мен тарифтер бойынша, жеңілдіктер мен преференциялар алады, ал оның орнына жергілікті қауымдастықтарды қолдайды. Бұл – әділ баланс", — деп атап өтеді ол.
Мәжіліс депутаты Арман Қалықов та ТМК-ның өңірлердің әлеуметтік дамуына ықпалы күшеюі үшін кәсіпорындардың қаржылай тұрақты болуы және жергілікті қауымдастықтарға инвестиция салуға мүмкіндігі болуы керек деп есептейді. Мемлекет өз кезегінде өзара тиімді серіктестікке жағдай жасауы тиіс.
"Жаңа механизм ойлап табудың қажеті жоқ – барлығы жұмыс істеп тұр. Компания табыс тапса, әлеуметтік жобаларға қаржы сала алады. Маңыздысы – мемлекет пен бизнес бір бағытта қозғалу керек: преференциялар мен жеңілдіктер өңірдің дамуы мен жаңғыруына салынатын инвестициямен қатар жүруі тиіс. Бұл – екі тараптың ортақ жауапкершілігі", — дейді Қалықов.
Сарапшылардың пікірі бір жерден шықты: ТМК инвестиция салуға мүмкіндік тапса, оның пайда тек кәсіпорындарға емес, тұтас өңірлерге тиеді – жаңа жұмыс орындары ашылады, өмір сапасы жақсарады, әлеуметтік тұрақтылық нығаяды. Өнеркәсіп қаншалық берік тұрса, оның айналасында қалыптасқан қалалар да соғұрлым сенімді болады. Ал саланың әлсіреуі халықтың тұрмысына, инфрақұрылымға және жастардың мүмкіндіктеріне әсер етеді. Сондықтан саланы назарда ұстау – өңірлердің тұрақтылығына қамқорлық жасаудың бір жолы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз