Шетелдердегі кейбір оқыс оқиғаларды естіп, өзіміз шүкіршілік айтамыз. Әнебір өркениеті дамып, көш ілгері кеткен елдегі кешегі бір оқиға...
Төрт-бес бас бұзар ұшайын деп тұрған ұшаққа қару кезеніп баса көктеп кіріпті де, ондағыларды кепілдікке алып, өздерін ана бір мемлекетке апаруларын талап етіпті. Ақылдың арқасында келісіп, талабын орындап, көп өтпей өздерін тұтқындапты. Ойпыр-ай десеңші, ұшақтағы дін аман болса да жүз қаралы пенденің бақандай екі тәулік көрген қорлығын айтсаңшы...
Е, оның жанында біздегі жағдайымызға тәубе етіп, шүкіршілік айталық. Заман түзелер, өз билігіміз өзімізге берілгелі отыз шақты жыл... Тарихқа отыз дегенің не тәйірі, енді бір ширек қана ғасырды артқа тастасақ, анау қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заманның да төбесі көрінеді екен... Жыртығымыз тігілер, тесігіміз бүтінделер, қашанғы қалың көпшілік қиындықтың қамытын кие берер дейсің. Тек, анандай пәлекеттен сақтасын, бетін аулақ!
Әнебір аралдағы қусырылған қуықтай елде, пәлекет жер дүмпуі ай сайын болып тұрады дей ме!.. Пәлекеттер сілкіністің де «тілін» тауып алған-ау шамасы. Алып бара жатқан бүлінушілік айтыла қоймайды. Табиғаттың айтып келмес залалына не шара?
Е, оның қасында біздегі халық санының кемуі не тәйірі! Біле білгенге бұл да – табиғаттың бүлдіргісі. Туу кемісе, сәби шетінесе, жастар саналылықтың арқасында баланы бір-екеумен шектесе — амалың қайсы! Адамның азаюы бірдеңе болар, анандай табиғат ажалынан аман болайық. Құдайымыз аман болса, келер ұрпақ келе жатар. Тек тәубемізді ұмытпай, барымызға шүкіршілік етейік.
Е, ең алдымен мына далиған далама шүкіршілік! Қуықтай жерді иемденіп мен де елмін дегеннен сақтасын. Білім-ғылымын ілгері оздырып, ананы да жасап, мынаны да жасап, ақыры соларынан қалған улы қалдығын көмер жер таппай, бізді сағалап, ақыры әкелетін бопты. Кеңпейілділік қанымызда бар қасиет... Осыншама жерді көздің қарашығындай сақтап қалған ата-бабаға тәубе етіп, шүкіршілік делік.
Ойпырмай, өткендегі әнебір теңіз жағасындағы елді жойқын су шайып, қаншама ел аңырап, баспанасыз баз кешіп қалды...
Тізе берсек, анау шетелдегі айтып өткен мәндегі кесапаттар жетіп артылады. Е, оның жанындағы біздегі «майда-шүйде» не тәйірі.
Шыдамдылық, көнбістік сияқты қасиеттерімізден айырылмай, бар-барына «шүкіршілік» айтып жүре берейік, жұртым...
Берік САДЫР