Қазақстанда еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалар дауы жылдан жылға өсіп келеді. 2022 жылы 340 іс тіркелсе, 2023 жылы – 450, 2024 жылы 552 жағдай ресми түрде есепке алынған. Еңбек заңнамасына сәйкес, қызметкердің өз еңбек міндетін орындау барысында денсаулығына зиян келуі немесе қаза болуы өндірістік жазатайым оқиға деп танылуы мүмкін.

Тергеу және тіркеу рәсімдері 2015 жылғы Еңбек кодексінің 20-бабы бойынша жүргізіледі, ал бұдан бөлек, жұмыс берушілердің міндеттері де нақты айқындалған. Атап айтқанда, зардап шегушінің еңбек міндеттерін орындау кезінде немесе жұмыс берушінің тікелей тапсырмасын орындау барысында жарақат алуы дәлелденуге тиіс.

Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеп-тексеруге және есепке алуға жататын жағдайлар:

  • Қызметкерлердің еңбек қызметіне байланысты денсаулығына зиян келуі және оның еңбекке жарамсыздыққа немесе өлімге әкелуі;
  • Кәсіби даярлықтан өтушілер, сынақ мерзіміндегі қызметкерлер, өндірістік тәжірибеден өтетін білім алушылар;
  • Техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері;
  • Әскери қызметке жатпайтын жұмыстарға тартылған әскери қызметшілер;
  • Сот үкімімен еңбекке тартылған тұлғалар;
  • Апаттық-құтқару бөлімшелерінің, әскери күзет қызметкерлерінің және төтенше жағдайларды жоюға қатысатын ерікті жасақ мүшелерінің жарақаттануы.

Егер жазатайым оқиғаға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы қызметкер тап болса, ол сақтандыру жағдайы болып саналады. Еңбек қызметіне байланысты денсаулыққа келтірілген кез келген зиян, егер ол 1 күннен астам уақытқа уақытша еңбекке жарамсыздыққа, тұрақты еңбекке жарамсыздыққа немесе қазаға әкелсе, өндірістік жазатайым оқиға ретінде тіркелуді және тергеп-тексерілуді талап етеді.

Тергеп-тексеру нәтижесінде өндірістік жарақаттар мынадай жағдайларға жіктеледі:

  1. Жұмыс басталар алдында немесе аяқталған соң жұмыс орнын, жабдықтарды, жеке қорғаныс құралдарын дайындау кезінде;
  2. Жұмыс уақытында немесе іссапар барысында;
  3. Жұмыс берушінің тікелей тапсырмасын орындау кезінде;
  4. Зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлардың әсері салдарынан.

Бұл тізім толық емес, әрбір жағдайда өндіріс пен оқиға арасындағы байланыс комиссиямен жеке тәртіпте анықталады.

Өндірістік жарақат болып танылмайтын жағдайлар:

  • Қызметкердің өз бастамасымен жұмыс берушінің мүддесіне қатысы жоқ әрекеттер жасауы;
  • Өзіне қасақана зиян келтіру;
  • Қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде жарақат алу;
  • Өндірістік факторларға байланысы жоқ денсаулық жағдайының күрт нашарлауы;
  • Алкоголь, есірткі немесе уытты мастықтың салдарынан туындаған жағдайлар.

Жазатайым оқиға туралы зардап шегуші немесе оқиға куәгері жұмыс берушіге дереу хабарлауға міндетті. Денсаулық сақтау ұйымдары да өндірісте зардап шеккен әрбір қызметкер туралы жұмыс берушіні және мемлекеттік еңбек инспекциясын хабардар етуге тиіс.

Еңбек кодексіне сәйкес, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мен тіркеуді ұйымдастыру жұмыс берушінің міндеті болып саналады және ол әкімшілік жауапкершілікке жатады. Ал, оқиғаны тергеп-тексеруді жұмыс берушінің актісімен құрылған комиссия жүзеге асырады. Ауыр өлімге әкелген немесе топтық жазатайым оқиғалар арнайы тергеп-тексеру тәртібімен қаралады. Арнайы тергеп-тексеру комиссиясының құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы (төраға), жұмыс берушінің және қызметкерлердің өкілдері кіреді. Қауіпті өндірістік нысандарда төтенше жағдайлар жөніндегі инспектор да комиссия құрамына енгізіледі. Комиссия жұмысы Еңбек кодексінің 189 және 190-баптарына сәйкес қатаң тәртіппен жүргізіледі.

Соттар еңбек даулары бойынша істерді қарау кезінде тергеп-тексеру материалдарының толықтығы мен заңдылығын міндетті түрде тексереді. Сонымен қатар еңбекке жарамдылықтың жоғалуын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана жұмыс берушінің кінәсі анықталып, өтемақы мөлшері белгіленеді. Көп жағдайда талапкерлер тергеп-тексеру нәтижелерімен келіспей, еңбек қатынасының бар-жоғын анықтауды сұратады. Бірақ еңбек шартының болмауы еңбек қатынасының жоқ екенін білдірмейді. Еңбек қатынасына нақты жұмыс орындау, еңбекақы төлеу, еңбек жағдайымен қамтамасыз ету жатады.

Даулар санының артуына жұмыс берушілердің келтірілген зиянды сотқа дейін ерікті түрде өтемеуі себеп болып отыр. Зардап шегушілер жоғалған табысты, емделу шығындарын, дәрі-дәрмек, протез, санаторий-курорттық ем және арнайы көлік пен қайта даярлау шығындарын өндіріп беруді талап етеді. Бұл шығындар жұмыс берушінің кінәсі дәлелденген жағдайда өтеледі.

АК-ның 940-бабына сәйкес, қызметкер қаза болған жағдайда оның асырауындағы еңбекке қабілетсіз тұлғалар зиянды өтеуді талап етуге құқылы. Жерлеу шығындары тек қажетті шығындар көлемінде өтеледі (табыт, киім, гүл, қазу жұмыстары және т.б.).

Компенсация мөлшері отбасы мүшелерінің еңбекке қабілетсіздік дәрежесіне қарай белгіленеді:

  • Кәмелетке толмағандар – 18 жасқа дейін;
  • Студенттер – 23 жасқа дейін;
  • Зейнеткерлер – өмір бойына;
  • Мүгедектігі бар адамдар – мүгедектік мерзіміне.

Жұмыс беруші таратылған жағдайда төлемдер капитализацияланады, ал капитализация мүмкін болмаса – мемлекет өтейді. Өндірістік жазатайым оқиғалар бойынша ең жиі талап – моральдық зиянды өтеу талабы. Моральдық зиян еңбек құқықтарының бұзылуы (заңсыз жұмыстан босату, жалақыны кешіктіру) жағдайында да өндіріледі.

Жалпы, қолданыстағы заңнама өндірістік жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, оларды болдырмау және тараптардың құқықтарын сот тәртібімен қорғау үшін барлық қажетті құқықтық тетіктерді көздейді.

Гүлнұр Тергемесова

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы