Ұлт саулығы, ұрпақ амандығы – мемлекеттік мәселе. Кез келген ел ана мен бала саулығына бейжай қарамайды. Ресми дерекке үңілсек, елімізде былтыр ана өлімі 12%-ға, нәресте өлімі 11%-ға төмендеген. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ана өлімі 10%, нәресте өлімі 26% төмендегені байқалған.
Әйелдер мен балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында акушерлік, педиатрия саласындағы стандарт пен клиникалық хаттама жаңартылды. Былтыр 1 маусымнан бастап босандыруға, операцияларға, салмағы аз жаңа туған нәрестелерге күтім жасауды қоса алғанда, акушерлік, педиатриялық көмек көрсетуге тариф ұлғайған. Қымбат дәрілік зат қолжетімді бола бастады. Медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін төмендетуге, білікті мамандарды тартуға мүмкіндік туды. Осы мәселелердің егжей-тегжейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.
– Босанғаннан кейінгі қан кетулермен күресудің жаңа тәсілдері енгізілді. Биыл ағзаны сақтайтын операциялар 20%-ға өсті. Медициналық авиация желісі арқылы уақтылы, жоғары мамандандырылған көмек көрсету жөніндегі шаралар әйелдер мен балалардың 96%-ының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Биыл алғаш рет дәрі-дәрмектер тізіміне пиелонефрит, қант диабеті, артериялық гипертензиясы бар жүкті әйелдерге арналған препараттар енгізілді, – деді министр.
Бүгінде «Аналар саулығы» жобасының шеңберінде жүктілікке алдын ала дайындық бағдарламалары іске қосылған. Скринингтердің тізімі кеңейіп, даму кемістіктерінің ерте диагностикасы күшейді. 22 перинаталдық орталықтың базасында ұрықты сақтау орталықтары мен «Бір күндік клиникалар» ашылған. Оған болашақ аналар барып, тиісті көмек ала алады. Феталдық медицинаның бағыты да жан-жақты дамып жатыр. Туғанға дейін баланың өмірін сақтау мақсатында жатырішілік операциялар жасалатын болды. Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында «Салауатты ана» пансионаттары ашылған. Онда ауыр босанғаннан кейін ем алып, оңалтудан өтуге болады.
Жүкті әйелдердің жағдайын бақылайтын Ахуалдық орталықтардың жұмысы күшейеді. Әйелдер мен балаларды сүйемелдейтін цифрлық құралдар белсенді дамып келеді. Айталық, қазірде балабақша мен мектепке барарда қажет бала денсаулығы құжатының электронды нұсқасы бар. Сондай-ақ ауытқулар мен қауіп факторларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін мониторинг жүйесі енгізілген. Алдағы уақытта денсаулықтың негізгі параметрлерін қамтитын 18 жасқа дейінгі әр баланың цифрлық бейіні қалыптасады. Жүкті әйелдерді қабылдау, скрининг мерзімі туралы проактивті хабарландыру сервисі енгізілді. Мұның барлығы профилактикалық жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі кадр тапшылығын реттеу жөнінде де шара қабылдаған. Былтыр алғаш рет 162 педиатр оқуын аяқтаса, биыл 159 педиатр диплом алған. Осыған қоса қыркүйектен сұранысқа ие 14 балалар мамандығына резидентурада оқыту жүріп жатыр. Жалпы, босандыру, педиатрия мамандарының тапшылығы 25%-ға төмендеді. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге ниет еткен дәрігерлер 8,5 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі біржолғы төлемдер алған.
Жалпы статистика тәуір болғанымен, бірнеше өңірде ана мен бала өлімі көбейген. Оның негізгі себептері – ауыр экстрагениталды аурулар, акушерлік асқынулар, балаларда туабіткен ақаулар, тыныс алу жолдарының аурулары. Сол себепті минстрлік ана мен бала өліміне әкелетін себеп-салдармен күреске көп көңіл бөледі.