Ташкентте Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының 7-консультативтік кеңесінің отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «тарихи шешім қабылданды» деп айтты. «Енді Орталық Азия + Әзербайжан форматы жұмыс істейді» ‑ деді Қ. Тоқаев. Қ.Тоқаев бұған дейін де Әзербайжанды «Үлкен Орталық Азияның табиғи бөлігі» деп атай бастаған-ды – тіпті, өткенде Вашингтонға Ильхам Әлиевтің де қатысқанын қалаған‑ды... Енді, осы тарихи шешімнің себептеріне тоқталайық:
1. Тарихи-мәдени және түркілік ортақтық
Әзербайжандықтар – тарихи тұрғыда Кыпшақ-Оғыз кеңістігімен байланысқан түркі халқы. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдері мен Әзербайжан «Түркі әлемі» аталатын кеңістікті құрайды. Сондықтан, Әзербайжанның Орталық Азия елдері қатарына қосылуы – осы қатынасты одан әрі нығайта түсетін идеологиялық негіз болып табылады. Бұған дейін «Түркі мемлекеттері ұйымы» құрылған болатын. Ол бұл елдердің саяси интеграциясын ресми түрде бекіткен еді. Нәтижесінде, тарихи мәдени-өркениеттік негіздер Әзербайжанды Орталық Азия кеңістігінің табиғи бөлігі ретінде санауға жол ашты.
2. Экономикалық мүдделер: Батыс–Шығыс көлік-логистикалық дәлізі
Әзербайжан – Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын аса маңызды көпір. Орта дәліз (Транскаспий халықаралық көлік маршруты) мына бағыт арқылы өтеді: Қазақстан → Каспий → Әзербайжан → Грузия → Түркия/Еуропа.
Бүгінде Қытай мен Орталық Азиядан жүк тасымалын жылдамдату Әзербайжанның қатысуынсыз мүмкін емес: Әзербайжан теңіз порттарына, теміржолға және логистикаға инвестициялар салу арқылы стратегиялық маңызды елге айналды. Ал, жуырда ғана АҚШтың араласуымен Армения арқылы өтетін ашылған «Зангезур дәлізі» Әзербайжанның логистикалық әлеуетін одан әрі арттырды. Нәтижесінде, Орталық Азияның да жаһандық сауда интеграциясы Әзербайжанның қатысуынсыз толық жүзеге аспайтыны белгілі бола бастады.
3. Энергетикалық ынтымақтастық
Каспий энергетикасы Қазақстанды, Түрікменстанды және Әзербайжанды бір нарыққа біріктіреді. Әзербайжан – Баку–Тбилиси–Жейхан, Баку–Супса, Оңтүстік Кавказ газ құбыры арқылы Оңтүстік газ дәлізінің белсенді операторына және транзитке қажетті инфрақұрылымға ие мемлекетке айналды. Орталық Азия республикалары еуропалық нарыққа шығу үшін Әзербайжан бағытын пайдаланады.
4. Қауіпсіздік және геосаясат
Әзербайжан аймақтағы күштер тепе-теңдігін Ресей, Түркия, Иран және Батыс арасында теңестіруге көмектеседі. Көпвекторлы саясат ұстанатын Орталық Азия елдері үшін Баку – қолайлы геосаяси серіктес. Әзербайжан көлік артерияларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және терроризмге қарсы әрекетке белсенді қатысады: Әзербайжанның қатысуы аймақтың тұрақтылығын күшейтеді.
5. Қазақстан және Өзбекстанмен саяси жақындасу
Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасындағы қарым‑қатынас жылдан жылға жақсарып келеді. Орталық Азияда бұл екі мемлекеттің әлеуеті жоғары. Дегенмен, Қазақстан да, Өзбекстан да Әзербайжанды «Түркі әлемінің батыс форпосты» ретінде қарастырады. Осы бағытта олар қорғаныс, өнеркәсіп, жасыл энергетика, көлік және цифрлық жобалар бойынша ондаған стратегиялық келісімдер жасалды. Түркия–Әзербайжан–Қазақстан және Өзбекстан–Әзербайжан–Түркия үшжақты форматтары қалыптасуда. Нәтижесінде, бұл елдердің одан әрі саяси жақындасуы ‑ ортақ аймақтық сәйкестікке жол ашатыны айқындала бастады.
6. Келесі себеп: «Каспий–Орталық Азия макроаймағы» тұжырымдамасы
Бұл концепция Кавказ бен Орталық Азия арасындағы дәстүрлі шекараны кеңейтіп, Әзербайжанды табиғи түрде осы кеңістікке енгізеді.
Әзербайжан формалды түрде Орталық Азия құрамына кірмегенімен, мәдени, көлік, энергетикалық және геосаяси себептерге байланысты Әзербайжан кеңейген Орталық Азия–түркі кеңістігінің фактілік бөлігіне айналып келеді. Бұл түркі елдерінің интеграциясын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасындағы аймақтық саяси-экономикалық блоктың қалыптасуын жеделдетеді. Енді, бұл мәселе Ташкентте ресми статусына ие болды.
Құттықтаймыз, Түркі әлемі нығая берсін, ынтымағымыз арта берсін!
Әбдірашит Бәкірұлы, философ