Астанада ауа сапасына қатысты проблема тұрғындар үшін де, билік үшін де күрделі мәселе болып тұр. Бас қала тұрақты түрде Қазақстанның ластанған қалаларының тізіміне кіреді. Жылу электр станцияларының жүктемесі артатын, ал жекемешік секторда жылыту үшін көмір мен басқа да қатты отын түрлері пайдаланылатын қысқы маусымда жағдай қиындап кетеді. Бұл кезеңде ауаның ластану деңгейі, оның ішінде ұсақ дипсерсті шаң мен азот диоксидінің мөлшері санитарлық нормадан асып түседі.
Ауа сапасының тұрақсыздығы қала ішінде де байқалады – кей ауданда көрсеткіштер рұқсат етілген деңгейде болса, кейбір аудандарда қауіпті шекке жеткен. Мұндай әркелкілік ластағыш заттардың сейілуіне кедергі келтіретін қала құрылысының ерекшеліктері мен климаттық факторларға байланысты.
Жылыту жүйелері мен көлік – басты ластаушы көздер болып тұр. Жыл өткен сайын көліктің саны артып, атмосфераға жүктемені күшейтіп отыр. Нәтижесінде экологиялық жағдай технологиялық, көліктік және демографиялық сияқты бірнеше фактордан құралады. Мұның өзі жергілікті шараларды ғана емес, сонымен қатар қаланы жоспарлау мен инфрақұрылымды жаңғыртудың жүйелі тәсілдерін талап етеді.
Мемлекеттік органдардың қызметінің басым бағыттарының бірі – автокөлік шығарындыларын азайту және елорданы газдандыру. 2025 жылғы қаңтарға дейін табиғи газбен 14 мыңға жуық абонент қамтамасыз етілген, ол 216 мыңнан астам тұрғынды қамтиды. Бұл қадам көмірді пайдалануды қысқартып, атмосфераға шығарындыларды азайтуға мүмкіндік берді.
Алдағы жылдары ауа мониторингі жүйесін жаңғырту жоспарланған. "Қазгидромет" РМК-нің жаңа жабдығы қаланың әртүрлі аудандарындағы атмосфераның жай-күйін анағұрлым дәл бақылауды қамтамасыз етіп, экологиялық деректердің ашықтығын арттыруы тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – қалдықтармен жұмыс істеу. Халық санының жылдам өсуіне және урбандалуға байланысты Астанада жыл сайын 432 мың тоннаға жуық қоқыс жиналады, оның шамамен 17 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалада пластик өңдейтін төрт кәсіпорын және шина өңдейтін екі кәсіпорын бар, алайда олардың қуаты мегаполистің қажеттілігін толық өтеуге жетпейді.
Инфрақұрылымның жетіспеуі және халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі жағдайды қиындатып отыр. 2024 жылы ғарыштық мониторинг барысында қалада 414 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталып, 405-і жойылды. Алайда мұндай үйінділердің пайда болу қарқыны жүйелік шешімдердің тиісті деңгейде жолға қойылмағанын көрсетіп отыр.
Ең перспективалы бағыттардың бірі – көгалдандыру. Соңғы үш жылда астанада 2,5 млн ағаш пен бұта отырғызылды. Көгалдандыру жарғысы қабылданды, жасыл екпелерді цифрлық есепке алу жүйесі енгізіліп жатыр. Жаңа көгалдандыру жобалары – Кіші Талдыкөлдегі экопарк, Green Line жасыл жаяу жүргіншілер дәлізі, Damu паркі орнықты экожүйені құруға негіз қалыптастырады. Сонымен қатар қала айналасындағы "жасыл белдеуді" және табиғи аумақтарды бірыңғай құрылымға біріктіретін экологиялық дәліздерді дамыту жұмысы жалғастырылуда.
Астананың экологиялық күн тәртібі біртіндеп стратегиялық сипатқа ие болып отыр. Билік ластанудың салдарын жоюды ғана емес, сондай-ақ қалалық дамудың заманауи тәсілдерін енгізуді де бағдарға алып отыр. Технологиялық шешімдерді үйлестіру, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениетін дамыту қоршаған ортаның сапасын ұзақ мерзімді жақсартуға негіз болады деп есептейді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының мамандары.
Өнеркәсіп пен көліктің жүктемесі жыл сайын артып келе жатқан мегаполис үшін "жасыл" стандарттарға көшу беделге қатысты емес, тіршілік үшін маңызды мәселеге айналды. Мұндай трансформацияның табысқа жетуі мемлекеттің, бизнес пен тұрғындардың өзара күш-жігерін жұмылдыра білуіне тікелей байланысты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз