Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық – ежелден қоңсы қонған екі мемлекеттің біртұтас тарихи тамырластығының жарқын үлгісі. Тәуелсіз мемлекеттер барлық салада өзара құрмет пен достыққа құрылған тең құқылы берік байланыс орнатқан. Бұл ықпалдастық бір-бірінің егемендігі мен азаттығын нығайтуға, аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық өсімге септігін тигізіп отыр.
Әрине, мемлекетаралық мамыражай қатынасқа ең алдымен ел басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің достық пен сыйластық рәуішіндегі барыс-келісі себеп. Көп жылдан бері жалғасқан өзара құрметтің тұғырын қуаттайтын тағы бір шынайы белгі – Орал қаласында басталған Қазақстан мен Ресейдің ХХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы және Президент Қ.Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары.
Президент жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Марат Рамазановтың айтуынша, бір-бірімен тығыз байланысқан бұл екі іс-шара еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды оқиғалардың бірі болмақ әрі ол әлемдегі геосаяси турбуленттілік жағдайындағы одақтастық қарым-қатынастың стратегиялық сипатын қуаттап, екіжақты байланыс дамуының барысын айқын көрсетеді.
«Мемлекет басшысының 12 қарашаға жоспарланған Мәскеуге мемлекеттік сапары ерекше протоколдық маңызға ие: мұндай форматтағы өзара байланыс президенттік мерзім барысында бір-ақ рет жүзеге асырылады және өзара құрметтің жоғары деңгейін білдіреді. Сапардың нақты күні мен күн тәртібінің 10 қазанда Душанбеде өткен ТМД саммиті аясындағы кездесу барысында және 14 қазандағы мемлекет басшыларының телефон арқылы сөйлесуі кезінде келісілгені екіжақты дипломатиялық үйлесімділіктің ойластырылған әрі саяси тұрғыдан дәл айқындалғанын көрсетеді», дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси диалог тұрақты түрде жоғары сенім деңгейімен әрі өзара серіктес іс-қимылдың сапасымен ерекшеленеді. Сапар аясында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты, институционалдық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Негізгі назар декларативті тұжырымдарға емес, сенімді іс жүзінде нығайту мен өзара әрекеттесудің нақты тетіктеріне аударылады. Мұндай тәсіл тараптардың бірізділік пен одақтастық бағыттың ұзақмерзімді тұрақтылығына ұмтылысын айқын көрсетеді.
«Сапар барысы Душанбеде өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында айқындалды. Сол жиында «ТМД+» форматы іске қосылып, ұйымының сыртқы әріптестермен өзара әрекеттесу мүмкіндіктері кеңейді. Сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымына ТМД жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді. Бұл қадамдар өңірлік құрылымдардың институционалдық байланысының күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан мен Ресейдің қауіпсіздік, экономикалық интеграция және көпжақты ынтымақтастық салаларындағы ұстанымдарын келісуге қосымша алғышарттар жасайды», дейді М.Рамазанов.
Сарапшы Президенттің мемлекеттік сапары мен Оралдағы іргелі форум Қазақстан – Ресей қатынасының жаңа деңгейге шыққанын көрсететінін айтып, еліміз халықаралық институттарды жаңғырту мен жаһандық басқарудың неғұрлым теңгерімді жүйесін ілгерілетуге бағытталған жауапты орта держава ретіндегі өз рөлін тағы да дәлелдеп отырғанын жеткізді.
Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының аға сарапшысы Әлия Мусинаның айтуынша, Президенттің Ресейге сапары – жай ғана жұмыс барысы емес, бұл стратегиялық серіктестіктің белгісі, әрі екі елдің бір-бірін барлық деңгейде қолдауы мен тәжірибелік ынтымақтастығын білдіретін маңызды оқиға. Ол бұл мемлекеттік сапар барысында ең алдымен экономика саласына қатысты келіссөздер болатынын жеткізді.
«Қазақстан мен Ресей сауда, бірлескен өнеркәсіптік жобалар, энергетикалық ынтымақтастық пен көлік-логистикалық бағыттарды белсенді түрде дамытып келеді. Сапар барысында ең алдымен өзара сауданы әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге, жоғары қосылған құны бар бірлескен өндірістерді құруға айрықша назар аударылуы ықтимал», дейді ол.
Сонымен қатар инфрақұрылым мен көлік саласына да назар аударылмақ. Сарапшының айтуынша, қазірде Еуразиялық аймақ тауар жеткізудің жаңа бағыттарын қалыптастыруда үлкен мәнге ие, осы саладағы бірлескен жобалар екі елдің де экономикалық өсіміне жаңа серпін бермек. Бұған қоса гуманитарлық, білім беру бастамаларына, шекаралық ынтымақтастыққа ден қойылады деп күтіліп отыр.
«Қазақстан мен Ресейге өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықтар арасындағы байланыстарды нығайту ерекше маңызды. Бұл бағыттар азаматтардың күнделікті өміріне және екі ел арасындағы серіктестікті қоғам деңгейінде қабылдауына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар аймақтық және жаһандық жағдай да назардан тыс қалмайды. Қазақстан мен Ресей өз іс-қимылдарын Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД және ҰҚШҰ аясында үйлестіріп, әлемдегі экономикалық және саяси өзгерістерді мұқият қадағалап отыр», дейді Ә.Мусина.
Оның айтуынша, бұл сапар бұған дейін қол жеткізілген нәтижелерді қорытындылау ғана емес, сондай-ақ екіжақты байланыстардың жаңа бағыттарын айқындау мақсатында да жүзеге асқалы отыр. Өзара сенім мен құрметке негізделген кез келген іс екі елдің бауырластығын арттырып, халықтарымыздың өмірі мен тұрмысына жағымды ықпал алып келетінін тілге тиек етті.
Ал «Аймақтық интеграцияны зерттеу институты» қоғамдық қорының жетекшісі Таисия Мармонтова Қазақстан мен Ресей халықтарының тарихи байланысы мен жағрапиялық жақындығына баса назар аударды. Оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынасты нығайту стратегиялық серіктестіктің ең биік дипломатиялық деңгейінде тұр. Өйткені екі елдің арасында әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бар. Сол арқылы біртұтас көлік әрі теміржолдармен, энергетика, құбыр желілерімен тығыз байланысып жатырмыз.
«Саяси көзқарас пен экономикалық байланыстарды былай қойғанда, халықтарымыз арасында терең адами түсіністік бар. Екі халықтың арасында туыстық байланыс та кеңінен таралған. Біз тарихта талай жеңістерге бірге жеттік. Осылайша, Қазақстан мен Ресейдің достығы Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен дамудың негізі болып отыр. Батыс пен Шығысты жалғастырып тұрған жолдардың басым бөлігі елдеріміздің аумағынан өтеді», дейді ол.
Сарапшы екі елдің кейінгі жылдардағы тауар айналымына қатысты нақты деректерге де тоқталды. Оның айтуынша, былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27,8 млрд долларды құраған. Ал 2023 жылы 28 млрд болған.
«Біз өзара төлемдердің 90 пайызын ұлттық валюталарымызбен жүргіземіз. Қазір еліміздің территориясында Ресейдің қатысы бар 23 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Ресей инвестициясының көлемі 10 млрд доллардан асты. Өнеркәсіп, көлік, энергетика салаларын қамтитын бірлескен ірі жобаларымыз іске асырылып жатыр. Мемлекеттеріміз Еуразиялық экономикалық одақтың бастауында тұрғанын да ұмытпауымыз керек. Мұның бәрі Мәскеу мен Астананың жаһандық саясат мәселелерінде ұқсас ұстанымда екенін көрсетеді», дейді Т.Мармонтова.
Сонымен қатар ол Қазақстан мен Ресейдің білім саласындағы ынтымақтастығына, еліміздің алпыстан аса жоғары оқу орны ресейлік ЖОО-мен қосарланған диплом бағдарламасы бойынша жұмыс істейтініне, жыл сайын Ресей университеттерінде Қазақстан талапкерлеріне 10 мың орын бөлінетініне тоқталды. Оның айтуынша, Ресейде оқып жатқан шетелдік студенттер саны бойынша Қазақстан – бірінші орында.
Көршіге деген құрметтің мәнін терең білген қазақ халқына айналамыздағы әрбір мемлекетпен бейбіт, тату қатынас орнату – аса маңызды міндет. Мұның ішінде солтүстік көршімізбен байланыстың орны айрықша. Қазақтың мүддесіне қайшы келмеген әрбір елмен құшақ ашып туыс болу, бауырластық қатынас орнату – бейбітсүйгіш халқымыздың басты мұраты.