Қазақстанда жылыту маусымы басталысымен көмір саласына деген назар қайта түсті. Газдандыру қарқын алып, "жасыл" энергетиканың үлесі артқанына қарамастан, көмір әлі де елдің энергетикалық қауіпсіздігінің негізгі тірегі саналады. Саланың биылғы маусымға дайындығы, кәсіпорындар кездесіп отырған түйткілдер және неге тариф саясатының бүкіл энергетика саласының болашағына ықпалы жайында NUR.KZ тілшісіне "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі Гүлнара Бижанова әңгімелеп берді.

– Гүлнара Қадыржанқызы, жылыту маусымы басталды. Елдің ішкі сұранысын өтеуге көмір қоры жеткілікті ме?

– Өнеркәсіп пен энергетика саласында жүрген адам ретінде Қазақстанның көмір қоры ішкі сұранысты толық қамтуға жеткілікті екенін сенімді түрде айта аламын. Жыл сайын елімізде шамамен 115 млн тонна көмір өндіріледі, оның 30 млн тоннасы экспортқа шығарылады. Қалған көлемі коммуналдық шаруашылықтың, энергея өндірісінің және халықтың тұрмыстық қажеттілігін өтеуге жеткілікті.

– Бүгінде елімізде газдандыру бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл үдеріс көмір саласының маңызын әлсіретпей ме?

– Газдандыру – энергетикалық саясаттағы негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе оңтүстік өңірлерде жылу электр орталықтары, электр стансалары және тұрғын үйлер біртіндеп табиғи газға көшіп жатыр. Бұл – мемлекет пен бизнес қолдайтын стратегиялық бағыт. Дегенмен көмір әлі де еліміздің энергетикалық тепе-теңдігін сақтап тұрған негізгі қуат көзі. Ірі өнеркәсіп орындары мен энергия нысандары үшін ол сенімді, қолжетімді әрі тұрақты энергия көзі.

Күн, жел, биомасса секілді жаңартылған энергия көздерінің үлесі артқанымен, олар әзірге көмірді толық алмастыра алмайды. Көмір, әсіресе энергияға сұраныс шарықтайтын мезгілдерде, еліміздің энергетикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.

– Биылғы маусымда өңірлерге көмір тасымалдау қалай жүріп жатыр?

– Газбен қамтылған Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарынан өзге өңірлердің барлығы көмірмен толық қамтамасыз етілген.

Әрине, логистика отынның соңғы бағасына әсер етеді. Себебі арақашықтық ұлғайған сайын баға да өседі. Дегенмен елде көмір тапшылығы жоқ, жеткізу жұмыстары бекітілген кесте бойынша тұрақты режимде жүргізілуде.

Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық секторға 7,7 млн тонна көмір қажет, оның шамамен 3 млн тоннасы 29 қазанға дейін жеткізілген.

– Жеткізу жұмыстары тұрақты жүргенімен, саланың ішінде әлі шешімін таппаған түйткілдер бар шығар?

– Иә, бар және бұл туралы ашық айту қажет. Негізгі мәселе – жылу энергеясын өндіретін кәсіпорындарының төлемді кешіктіруі. Көп жағдайда көмір алдын ала төлемсіз жеткізіледі, ал есеп айырысу маусым қызған кезде ғана жүргізіледі. Мұндай жағдай кен өндіруші компаниялардың қаржы айналымын қиындатып, тәуекел туғызады. Соған қарамастан, кәсіпорындар көмір жеткізуді тоқтатқан емес.

Бұл мәселе "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Көмір саласы жөніндегі подкомитетінің, Энергетика министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Біз жүйелі шешім қабылдау бағытында бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – көмір өндіруші компаниялардың қаржылық тұрақтылығын маусымдық төлемдерге тәуелді етпеу.

– Мемлекет пен бизнес әлеуметтік жағынан осал азаматтарға қандай қолдау көрсетіп келеді?

– Табысы төмен отбасыларға отын алу үшін арнайы көмек қарастырылған. Әкімдіктер мен кәсіпорындар арасында көмірді жеңілдетілген бағамен жеткізу немесе тегін беру жөнінде меморандумдар жасалады. Бұдан бөлек, кәсіпорындар өндіріс барысында қаза тапқан жұмысшылардың отбасына, сала ардагерлері мен зейнеткерлеріне тұрақты түрде көмек көрсетеді. Мұндай әлеуметтік міндеттемелер тау-кен металлургия кешеніне арналған салалық келісімде нақты бекітілген және қатаң сақталады.

Президенттің өзі бірнеше рет атап өткендей, Қазақстан – әлеуметтік бағытты ұстанған мемлекет. Бизнес те осы қағиданы толық қолдап, өз үлесін қосып келеді.

– Қазір көмір жеткізу, әсіресе теміржол арқылы тасымалдау қаншалықты тұрақты?

– Логистика – көмір саласының негізгі қан тамыры іспетті. Әрине, кейде жол жөндеу жұмыстары, вагондардың тоқтап қалуы сияқты күтпеген жағдайлар туындауы мүмкін. Дегенмен бүгінде көмір өндіруші кәсіпорындар, тасымалдаушы компаниялар мен жергілікті әкімдіктер үйлесімді жұмыс істеп, тасымалдау процессін тұрақты етіп отыр.

Вагон саны жеткілікті, тапшылық жоқ. Ал қоймалардағы қор жылу маусымында уақытша кідіріс болса да, көмірдің үзіліссіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.

– Қазіргі таңда сала тариф саясаты мен реттеу жағынан қандай қауіп-қатерлерді байқап отыр?

– Сала тұрақты болғанымен, маңызды қиындықтар сақталып отыр. Ең үлкен алаңдаушылық тудыратын мәселе – 2026-2030 жылдарға теміржол магистральдық желісінің қызметіне жаңа бес жылдық тарифтерді бекіту және жүктердің түріне қарай тарифтерді дифференциялауды жою ұсынысы. Егер бұл ұсыныс қабылданса, көмір тасымалының бағасы 2026 жылға қарай 3,5 есе, ал 2030 жылға қарай шамамен 5 есе өсуі мүмкін. Мұндай шешім тек көмір компанияларына ғана емес, бүкіл экономикаға әсер етеді. Себебі тарифтің өсуі өндіріс мен экспорт көлемінің қысқаруына, сондай-ақ халық үшін бөлшек бағаның көтерілуіне әкеледі.

Тағы бір алаңдаушылық тудыратын жайт – энергетикалық және коммуналдық көмір бағасына мемлекет тарапынан реттеу ықтималдығы.

Әкімшілік араласу нарық механизмдерін бұзып, инвестициялық тартымдылықты төмендетеді, жаңғыртуды тежейді және өндірушілерге қосымша қысым жасайды. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті және болжамды іскерлік орта қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытына қайшы келеді. Қазіргі уақытта бұл мәселе парламент мәжілісінде қаралуда, депутаттар көмір саласының пікірін ескеретініне үміттенеміз.

– Қазіргі таңда көмір саласының мүддесін қорғауда "Атамекен" ҰКП қандай рөл атқарады?

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көмір саласының мемлекетпен қарым-қатынасындағы дауысына айналды. Біз теңгерімді тариф саясатын жүргізуге ықпал етеміз, мемлекеттік органдар жанындағы жұмыс топтарына қатысып, реттеушілер мен монополистермен тұрақты байланыс орнатамыз. Біздің басты мақсатымыз – саланың тұрақтылығын сақтау, ауытқулар мен әкімшілік артықшылықтардың алдын алу.

Көмір өнеркәсібі – бұл өткеннің саласы емес, Қазақстанның стратегиялық бүгінгісі. Бұл – он мыңдаған жұмыс орны, өңірлердің тұрақтылығы, бюджетке түсетін салықтар және елдің энергетикалық тәуелсіздігі. Ең бастысы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның мүддесін дұрыс теңгерімде ұстап, дамудың бір тараптың шығынына емес, әріптестік пен өзара жауапкершілік негізінде жүруін қамтамасыз ету.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз