Бұл сүтқоректінің еті "халал" ма? Неге оның еті өте улы болып келетіні анықталды .

Мектептен білеміз, дельфиндер – кит тектестер отрядына жататын су сүтқоректілері. Олар теңіздегі (Delphinidae отбасы) және тұщы сулы (Platanistoidea, өзен тобы) болып екіге бөлінеді.

Әлемдегі ең ірі дельфин – "косатка": өмір сүретін өңіріне қарай оның салмағы 3-тен 7 тоннаға дейін жетеді. Кейбір бірегейлері одан да ірі болады.

A-z-animals.com мамандандырылған экопорталының түсіндіруінше, экологтар барлық өзен дельфиндерін "құру қатері төнген" немесе "жойылу алдында тұрған" санатқа жатқызады. "Қытайлық өзен дельфинін" көршілер ақыры құртып тынды.

Дегенмен аталған порталдың мәліметінше, "Атлантикалық өркешті дельфинді", әлемдегі ең кішкентай Мауи дельфинін қоспағанда, мұхиттық дельфиндер жойылу қаупі төнген түрге кірмейді. Нақты саны белгісіз, бірақ зерттеушілердің болжамынша, қазіргі кезде әлемде шамамен 6 миллиондай дельфин бар.

Қазақстанда, мысалы, киік саны 4 миллионнан асып еді, Үкімет оны атуға, етін базарда сатуға рұқсат етті. Ендеше неге бірлі-жарым елді айтпағанда, басқа еш жерде дельфин етін жаппай жемейді? Шынында, мұндай тыйымның артында қызықты себептер тұр.

Біріншіден, дельфин еті халал емес. Бұл туралы әлемге Тринидад пен Тобагоның Даруль Улюм ғылым ордасының мүфтийі Васим Хан хабарлады.

"Дельфиндерге келсек, имам Мәлік, имам Шафии және имам Ахмад (Рахматуллахи алейхум) толығымен су ішінде жүзетін және тек суда ғана өмір сүре алатын барлық жануарларды жеуді заңды санаған. Алайда Исламдағы сүнниттік бағыттағы 4 мазһабтың біреуінің негізін қалаушы имам Әбу Ханифа (Рахматуллахи алейхи) теңіздің басқа жануарларын емес, тек балықтарды жеуге жол беріледі деп санаған. Осыған байланысты, дельфинді жеуге болмайды, өйткені ол балық болып табылмайды. Аллаһ Тағала бәрін білуші. Ол бәрін біледі және Ол білмейтін нәрсе жоқ", – деді мүфтийі Васим Хан.

Айтпақшы, "Уикипедия" жазуынша, кейбір дельфин түрі, мысалы Азов дельфині ("азовка") шынында теңіз доңызының қаратеңіздік бір түрі болып табылады.

Екіншіден, дельфинді харам ететіні – олар етпен қоректенетін жыртқыштар. Сондай-ақ өз тұқымдасын жейтін канибалдары да кездеседі.

"Дельфиндер – тек етпен ғана қоректенеді. Олардың әдеттегі рационы балықтан, шаян тәріздестерден, кальмарлардан, медузалардан тұрады. Әлдеқайда ірі дельфиндер, мысалы, косаткалар итбалықтарға, теңіз арыстандарына және акулаларға тап береді. Кейде дельфиндер өзге дельфиндерді немесе теңіз доңыздарын жейді", – деп мәлім етті A-z-animals.com.

Үшіншіден, дельфиннің еті дәмсіз келеді, жегендердің тілінде қышқыл дәм қалдырады. Сарапшылар оның етін "жеңсік ас" деп атайтын адамды бүкіл әлемнен табу қиын екеніне назар аудартады.

Төртіншіден, олардың еті көбіне улы болып келеді. IFL Science ғылыми басылымының дерегінше, адамзат дельфинді өте сүйкімді болғаны үшін емес, басқа себеппен жемейді. Өйткені олардың еті нағыз у болып шығуы мүмкін.

"Мысалы, Жапония тұрғындары байырғы замандардан бері киттер мен дельфиндерді тамаққа тұтынған. Алайда бүгінде тіпті "Күншығыс елінде" адамдар осы дәстүрден негізінен бас тартты және өте сирек кездеседі. Бұл дұрыс: ғалымдар анықтағандай, дельфиндер ағзасында сынап (ртуть) көп көлемде жинақталады. Ендеше оның етін жеу адам өміріне қауіпті. Мысалы, 2023 жылы жүргізілген ірі зерттеу барысында бірқатар дельфин түрлерінің етінде сынаптың деңгейі нормадан 200 есе (!) артық болып шыққан", – деп жазды Hi-News порталы.

Олар сонша улы затты қайдан жинап жүр?

Дельфиндер – теңіздегі азық-түлік тізбегінің ұшар шыңында тұрған жыртқыштар. Тіпті акулалар да оларды шабуылдаудан қорқады – дельфиндер түрлі айла-шарғыны білетін интеллектуалды жануарлар.

Мұхит-теңіз – тұтас әлем. Ондағы балдырлар және басқа өсімдік организмдері, яғни, "фитопланктондар" судағы органикалық қоқыспен, элементтермен, күн нұрымен қоректенеді, фотосинтез процесінде күннен қуат алады.

Бір жасушалы қарапайымдар, шаян тәрізділер, балықтардың уылдырықтары, дернәсілдер немесе жалпы алғанда "зоопланктондар" – дәл осы фитопланктондарды және бактериопланктонды (түрлі бактерияларды) жұтады.

Өз кезегінде ұсақ балықтар зоопланктондарды азық етеді. Ұсақ балықтарды ірі балықтар асайды. Бірін бірі жеу барысында су жануарларының денесінде түрлі токсиндер барған сайын көбейіп, қордаланады. Ақыр соңында осылардың үлкен бөлігі дельфиндердің тамағына айналады.

Тиісінше, бұл сүтқоректінің бір ғана кесек етінің өзі бірнеше қасық сынапты жұтып қойғандай әсер етіп, адам ағзасын улайы мүмкін. Тұрақты түрде тұтынса, одан да жаман. Адам денесінде жинақтала келе, осы улы метал миды, жүректі және жүйке жүйесін зақымдайды.

Әсіресе, мұндай етті жүкті әйелдерге және балаларға жеуге болмайды. Әйтпесе, оның салдары қайтарымсыз ауыр болуы ықтимал.

Міне, дәл осы себепті жер-жаһандағы мемлекеттердің көбінде дельфин етін сатуға да, асқа пайдалануға да тыйым салынған. Бұл етте сынаптың көптігі сонша, кейбір ақпарат құралдары оны "улы қалдыққа" теңейді.

Бүгінде ғалымдар қайта-қайта ескертіп жүр: қандай да бір жануар азық тізбегінде (ас пирамидасында) неғұрлым жоғары тұрса, оның еті де соғұрлым қауіпті.

Мұны мұсылман қауым Құран Мұхаммад (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға аяттар түрінде түсе бастаған кезден, сонау 610-шы жылдардан бері біледі. Өйткені оның бәрі "харам" саналады. Оған мысалы, ет жейтін жыртқыштар да жатады.

Арнайы тапсырыспен шет мемлекеттерден алғызбаса, Қазақстанда еттің бұл түрі сатылмайды. Олай болса, егер сізге шетелде әлдекімге қонаққа барғанда, мейрамханада түстенгенде, қонақүйге түскенде дельфин етінен жасалған "экзотикалық астан" дәм татуды ұсынса, дініңізге, ұлтыңызға қарамастан бас тартыңыз. Улану ұлт таңдамайды. Дәл осылайша акула еті туралы да айтуға болады, оның да еті сынапқа қаныққан. Оның үстіне акулалардың басым көпшілігі – 143 түрі құру қарсаңында тұрған жануар ретінде қорғауға алынған.