Елімізде дәл қазір 234 электр станциясы жұмыс істейді. Оның ішінде жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 158 жаңартылатын энергия көздері объектісі бар. Станция жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56 пайыз. Жыл басынан бері 9 айдың есебі бойынша электр энергиясын өндіру көлемі – 89,9 млрд кВтсағ. Тұтыну – 91,1 млрд кВтсағ болды, деп хабарлайды NUR.KZ.

2025 жылы 9 айда жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру 6 470,8 млн кВтсағ шамасында болған. Оның ішінде жел электр станциясы – 3 767,2 млн кВтсағ, күн электр станциясы – 1743 млн кВтсағ, су электр станциясы — 959 млн кВтсағ, биоэлектростанция – 1,6 млн кВтсағ. Осылайша, жалпы электр энергиясын өндірудің үлесі шамамен – 7,2 пайыз.

Кез келген ел үшін энергетикалық қауіпсіздікті сақтау мәселесі өзекті. Бізде де халықты сенімді энергиямен жабдықтау жайы күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде мемлекет электр энергиясын тұтынушылардың жыл сайын көбейіп жатқанын ескере отырып, 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам жаңа өндіру қуаттарын енгізуді көздеп отыр. Мәселен қазірдің өзінде Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жұмыстарының жоспары бекітіліп қойды. Тарқатып айтсақ, Көкшетау қаласында жылу электр орталығын салу жобасы бойынша жобалауға, жабдықтарды жеткізуге, құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарына қажетті келісімшарттар жасалды. Ал Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталығы жобалары бойынша үкіметтің 2025 жылғы 2 қазандағы қаулысы қабылданды. Жобаларды отандық инвесторлармен бірлесіп іске асыру бойынша жұмыс басталып кетті.

Биыл "Орталық Азия — Қытай" II индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Ақмола облысының әкімдігі жел генераторларын өндіру және жел электр станцияларын салу саласына маманданған Windey Energy Technology Ltd. Co компаниясының басшылығымен келіссөз жүргізген еді. Соның нәтижесінде өңірде жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі қаралды. Енді көп ұзамай тараптар Аршалы, Ерейментау аудандарындағы алаңдар зерделенбек. Жалпы Ақмола өңірінде бүгінге дейін құны 284 млрд теңге болатын жаңартылатын энергия көздері бойынша 17 жоба іске асыпты. Осылайша биыл қаңтар-ақпан аралығында өңірдің республикадағы "жасыл" экономиканы дамыту ісінде қосқан үлесі 30 пайызға жеткен. Сол секілді Жамбыл облысында жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істейді. Оның ішінде 6 су электр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар. Экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болғаны маңызды. Бұған мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев баса мән беріп отыр. Осының аясында Жамбылда қуат көздерін жаңғырту, шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобаларды іске асыру көзделген. "Жасыл" энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бүгінде өңір бойынша жалпы электр энергиясының тұтыну қуаты – сағатына 425 МВт. Оның ішінде тұрғындар – 206 МВт/сағ, басқа да тұтынушылар – 25 МВт/сағ, өнеркәсіп – 194 МВт/сағ тұтынады.

"Жасыл" энергия нысандарын салу бойынша Алматы облысы да көш басындағы өңірлердің қатарында. Қазір өңірде жалпы қуаты 328,1 МВт болатын 23 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде қуаты 25,78 МВт болатын 8 шағын су электр станциясы бар. 142 МВт-тық 9 жел электр станциясы және 160,365 МВт-тық 6 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Бұл бірді-екілі ғана мысал, мұндай жобалар еліміздің көптеген аймағында үйлесімді іске асып келеді. Себебі жаңартылатын энергия көздерін дамыту – бірді-екілі өңірдің емес, мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Біз ғана емес, жаһан халқы осыған бет бұрып келеді.

Кейінгі жылдары әлемдік практиканы ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері секторындағы инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ дамыту бойынша жүйелі іс-шаралар қабылдауға бағытталған мемлекеттік саясатты белсенді жүргізу жолымен елеулі қадамдар жасалды. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу және жылу электр орталықтарын жаңғырту жөніндегі жобалар төмен көміртекті экономикаға көшуді қамтамасыз етеді. Жаңа газ турбиналарын орнату және қолданыстағы турбиналарды жаңғырту электр станцияларының тиімділік коэффициентінің әсерін арттыруға және шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. 2026 жылға қарай күн және жел электр станцияларының белгіленген қуатын 3,5 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл энергетикалық теңгерімді әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Ал биыл белгіленген жиынтық қуаты 455,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергия көздері жобасын іске асыру міндеті қойылған. Жоспар жыл соңына дейін мерзімінен кешікпей орындалатынына үміт басым.

Ақпарат үшін:

Бүгінде белгіленген қуаты 3 122,12 МВт болатын 156 ЖЭК объектісі (200 кВт-тан жоғары) жұмыс істейді:

- қуаты 1 570,05 МВт жел электр станцияларының 63 объектісі,

- қуаты 1 262,61 МВт күн электр станцияларының 48 объектісі,

- қуаты 287,685 МВт болатын 42 гидроэлектростанция объектісі,

- қуаты 1,77 МВт биогаз электр станцияларының 3 объектісі.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз