Ғылымсыз адам айуан ,

Не қылсаң да ғылым біл.

Ғылымға да керек жан,

Ақылсыз болса ғылым тұл.

(Шәкәрім)

Жамбыл Артықбаевтың «Өткенді бұрмалау – болашаққа қиянат!» және Өмір Тұяқбайдың «Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары» атты мақалаларының ізімен...

Ғылымның адам өміріндегі маңыздылығы бәрімізге жақсы білгілі, десе де ғалымбыз деп жүрген адамдардың өздері сол ғылымның негізгі мақсаты не екенін шын түйсінеді ма екен? Ғылымның басты мақсаты ақиқат білім алу, оны жүйелеу және адамзат игілігіне пайдалану.

Ғылым мен ғалымға қатысты анықтаманы Абайдан асып айтқан адам кемде кем шығар: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. ... Әрбір ғалым — хакім емес, әрбір хакім – ғалым». Абайдың сөзіне сай, ғалым атағын алып ғылым жасап жүрген адамдардың көпшілігі адамзат игілігіне емес, өз жеке қара басы үшін жүрген жандар екені анық. Себебі олар ақиқат білімді мақсат етпейді. Ғылымға ақыл көзімен емес, пайда табу пендешілік көзімен қарайды.

«- бұдан былай жалпы гуманитарлық ғылымдар аумағын жайлаған, академиялық білімі жоқ псевдо-ғалымдардың, әуесқой тарихшылардың жазбаларына заңмен шектеу қою қажет. Бұл мәселе Парламент қабырғасында көтеріліп, қабылданған шешім құзырлы министрліктің бақылауына берілуі керек деп білеміз.

-псевдо-тарихшылар мен әуесқойлардың бұған дейінгі «жасаған» еңбектерін, жалпы тарихи кітаптарды тексеретін, кәсіби мамандардан құралған арнайы сараптама кеңесі құрылуы тиіс. Әрбір еңбек осы кеңестің қатаң тексеруінен өткеннен кейін ғана баспаға жіберілгені дұрыс.

- аталған мақсатты жүзеге асыру үшін кәсіби тарихшы ғалымдар күш біріктіруі және тиісті органдар, мекемелер тарапынан нақты шешім қабылдатуға күш салуымыз қажет деп білемін» деп жазады Жамбыл Артықбаев. Өте дұрыс, орынды талап. Алайда «кәсіби тарихшы ғалымдар» деп айтып отырған ғалымдардың ақиқат тарихты білетіндеріне қандай кепілдік бар? Қазіргі тарихшылар арасындағы «Шыңғыс хан қазақ па, әлде қазақ емес па?» деген сияқты қарапайым сұрақтардың жауабын таппай, үлкен дауға айналдырып жүргендеріне қарап қарның ашады. Жетпіс жылдық отаршылық кезеңді былай қойғанда, отыз жылдан асқан тәуелсіздік кезеңінде қазақтың түп тарихын жаза алмай, тоз-тозын шығарған тарихшылардан не күтуге болады?

Қазақ тарихының кей кезеңдеріне көз жүгіртсек, «Би жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қорада» деген халық нақылының мәні еріксіз еске түседі. Ұлттың рухани және саяси тарихында әділдік пен даналықтың орнын көп жағдайда бұрмалау мен бейқамдық басып кеткендей әсер қалдырады. Кәсіби тарихшы болмағанның өзінде, қазақтың өткені мен дүниетанымына терең үңілген сайын сан алуан қарама-қайшылықтар мен әділетсіздік көріністерінің молдығына куә боласың. Бұл – тарихты тек оқиға ретінде емес, қоғамдық сана мен ұлттық болмыстың айнасы ретінде зерделеудің қажеттілігін көрсетеді. Қазаққа қаншама қастандық жасалса да тағдырдың тәлкегіне қарсы тұра алды, мың өліп, мың тірілді. Себебі қазақ ұлтының руханияты тамыры тереңге кеткен бәйтерек тәрізді. Қаншама бұтақтары бұталса да, тамырынан нәр алып, діңгегінен жаңа бұтақтар өсіп шығып, өмірін ары қарай жалғастыра берді.

Тарих ғылымының мақсаты – адамзаттың өткенін ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның сабақтарын қазіргі және болашақ дамуға қолдану. Қазақтың тарихы – қазақ ұлтының рухани тамыры. Тамыры күйреген бәйтеректің болашағы жоқ, ол ерте ме кеш пе жалп етіп, қаттырақ соққан желдің ығына қарай құлайды. Қазіргі қазақ ұлтының басына туып тұрған мың-сан қатердін ең қауіптісі осы – өзінің төл, түпнұсқа тарихынан, рухани тамырынан ажырап қалғаны.

Ресми тұрғыда қазақтың тарихы жоқ емес, қазынаның қаншама қаражаты жұмсалып жазылып та жатыр. Бірақ ол тарихты қазақтың төл тарихы деп айтуға қорсынасың, әрі ұяласың. Себебі тарихты жазу үшін тарихшылардың негізгі сүйенетін деректері қолжазбалар мен археологиялық қазбалар. Қазақтың төл тарихын жазуға ол деректердің дәлелдері жеткіліксіз.

Себебі, біріншіден, құндылығы әлемнің жеті кереметінен де асып түсетін «Алтын адам» сияқты жәдігерлер шығып жатыр қазақ топырағынан. Беймәлім болып жатқан жер астындағы археологиялық құнды жәдігерлердің шегі жоқ және оны заманның ақырына дейін қазып бітіре алмайсың. Бар жәдігерлердің өзін ғылыми айналымға айналдыра алмай отырғаны жанға батады. Кезінде Евразия материгінің жартысынан астам жеріне бабаларымыздың ат тұяғы тиіп, өркениет пен ғылым-білімді таратқаны белгілі тарихтан. Сондықтан археологиялық қазбалардың түп тарихымызды қалыптастыруға берері көп болғанымен, толыққанды сұлбасын қалыптастыруға жеткіліксіз.

Екіншіден, тарихи қолжазбалардың басым көпшілігі — өзге ұлт тарихшыларының жазған еңбектері. Олардың қашан да түп тарихымыздың ішкі рухани хал-ахуалы мен себеп-салдарын толық түсіндіруге дәрмені жетпейді, тек сыртқы сипатын суреттеумен шектеледі. Ең қиыны олардың ниеттеріне қарай өз мүдделері үшін бұрмалауы басым болатыны анық. Ол деректерді төл тарихымызға негіз қылып алудың өзі қауіпті.

Бұл тығырықтан шығудың жолы бар ма? Мансап жасауды мақсат қылған ғалымдар үшін оның жолы жоқ. Боранда адасқан отар сияқты желді ықтап кете береді олар. Себебі оларға ақиқат білім емес, бас амандығы мен атақ-мансап маңызды. Ондай тарихшылардан қайран жоқ қазаққа. Ақиқат білімді мақсат қылған, жеке мүддесінен ұлттың мүддесін артық көретін, алаш ұранын ұстын етіп ұстаған тұлғалар ғана жаза алады қазақтың түпнұсқа-төл тарихын.

Ондай тарихшылар бар ма арамызда? Әрине бар, Аллаға шүкір! Аз да болса, соқпақсыз тыңнан сүрлеу салып жүрген саңлақтар бар екен арамызда. Атақ пен мансапты місе тұтпай, ұлтының болашағы үшін жанын пида етіп жүрген жандардың бірі — яассауитанушы, әрі тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек деп білеміз. Докторлық диссертациясы үкімет басындағы үлкен шенеутіктердің үдесінен шықпағандықтан қорғауға жіберілмеді. Ұлт мүддесі «үлкен шенеунік» мүддесінен төмен тұрған саяси жүйеде қалайша ұлттың тарихы үстемдік құрады?

Оның жасаған жаңашыл зерттеу әдістері мен тарихтың ғылыми теориясын қалыптастырудың тың тәсілдері дүйім бір ғылыми-зерттеу институтына жүк боларлық дүние. Тарихи зерттеулермен айналыспасақ та ұлтымыздың болашағын бағдарлау үшін өткенімізге, тарихи тамырымызға үңілсек, тарихшыларымыздың ұсынып отырған тарихы жанымызға жат екені сезіліп тұрады. Қанша оқысаң да қисыны жоқ құрғақ деректер мен жалықтырып жіберетін мағлұматтар жинағы сияқты «Қазақстан тарихы» оқулықтары. Тарихи оқулықтар арқылы қазақтың тарихын түсіну қиынның қиыны қазақ үшін.

Ал енді Зікірия Жандарбектің әдіс-тәсілдері арқылы тарихымызға көз жүгіртер болсақ, алыстан аңсап келген туған атаңмен қауышқандай, тіпті, өлгенің тіріліп келгендей боласың. Әрбір тарихи дерек миыңнан өтіп жүрегіңе жетеді. Санаңның саңылауы ашылып, ата-бабаларымыздың жүріп өткен әрбір «тар жол тайғақ кешу» оқиғалары нұр болып көкейіңе құйыла кеткендей сезімге бөленесің. Тарихи оқиғаларды ынта-шынтаңмен оқып, төл тарихыңа деген шексіз махаббатың оянады. Өзіңді қазақ топырағының егесі екеніңді түйсініп, табаныңның астындағы Жер ананың сені қолдап тұрған күш-қуатының бойыңа сіңіп жатқанына шейін сезінесің.

Бұл жаңашыл әдіс-тәсілдердің ерекшелігі неде, дәстүрлі тарихи танымнан не айырмашылығы бар? Дәстүрлі тарихи таным құралдары мен зерттеу әдіс-тәсілдері материалистік, евроцентрлік ғылымға негізделгендіктен оның таным шеңбері шектеулі. Ол әдіс-тәсілдер арқылы қазақ ұлтының табиғатын терең түсіну мен түйсіну мүмкінсіз.

Қазақтың дүниетанымы мен салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі тамыры терең руханият заңдылықтарынан нәр алатын киелі дүниелер. Оны қазақтың «малым — жанымның садақасы, жаным — арымның садақасы», «өлімнен ұят күшті», «қоянды қамы өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» деген сияқты мақалдардың рухани мағынасынан түсінуге болады.

Сол себепті де қазақ ұлтының өзге ұлттардан ерекшеленетін өзіндік менталитеті бар. Біріншіден, қазақ халқының тарихында айрықша рөл атқарған ру-тайпалық және әлеуметтік құрылым – ұлт болмысының өзегін құрайтын ерекше құбылыс. Ол қазақ дүниетанымының түпкі рухани мұратымен өлшенеді.

Екіншіден, қазақтың табиғаты да, ділі мен діні де – өзгеге ұқсамайтын ғажайып әлем. Оның бойында бар қасиет – сіңіріп, өңдеп, өзінікі етіп алатын ерекше рухани қуат. Сол себепті қазақ ұлты уақыттың қандай толқыны келсе де, оны өз өрнегімен қабылдап, төл мәдениетінің жаңа бояуына айналдыра алады. Жақсысы болса да, жаманы болса да.

Үшіншіден, қазақтың тарихи жады ғасырлар бойы қолжазба бетінде емес, халық жадында – шежіре, жыр-толғау, дастан мен аңыз-әпсаналар арқылы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырды. Даланың әрбір қазағы – жүрегінде тарих, көкірегінде даналық тұнған тұлға еді. Оның айтқан сөзі, шерткен күйі, жырлаған жыры – тұтас ұлттың рухани шежіресіне айналды. Бұл ерекшелікті талай шетелдік зерттеушілер де қызыға да, қызғана да атап өткен: қазақ даласы – жазусыз өркениеттің тірі кітабы, ал оның халқы – тарихты жанымен, жадымен, жүрегімен сақтаған халық.

Төртіншіден, қазақтың қан тазалығы арқасында дарыған дарындылық қасиетінің өзі ерекше бір феномен. Оған көптеген дәлелдер келтіруге болады. Алайда біздің мақсатымыз қазақты мақтау, артықшылықтарын айту емес. Бұл тізімді бісінші, алтыншы деп оннан ойланбай асыруға болады. Біздің мақсатымыз — «Қазақтың теңдесі жоқ күшті рухани әлеуеті бола тұра, неге қазір өз жерінде салыстырмалы түрде қайыршылықтың күнін кешіп жатыр?» деген сұраққа жауап іздеу.

Әрине бұл сұраққа әркімнің әр түрлі жауаптары бар. Десе де, біз бұл проблемның үлкен бір себебі «кәсіби тарихшылар» жазған қазақ тарихының қазақтың шынайы табиғатымен үйлеспейтіндігінде деп білеміз. Себебі олардың көпшілігі кеңес дәуірінде қалыптасқан атеистік, метриалистік мектептердің түлектері. Сәйкесінше, қазақтың рухани дүниесінен мүлдем бейхабар, хабардар болса да оны ғылыми айналымға салудың жолдарын білмейді. Себебі қолында ондай құрал жоқ. Ондай құралды жасап жандарын қинағылары келмейді. Сондықтан да қазақтың жанын, терең рухани табиғатын, шынайы дүниетанымын танымайды, әрі өзгеге де таныта алмайды. Осылайша қазақ тарихы қазақтың жанына жат болып отыр.

Қазіргі әлем соғыс отына оранып отырған мына алмағайып заманда асты да, үсті де қазба байлыққа толы қазақтың жеріне көз алартып отырғандар аз емес. Мұхиттың арғы жағынан бастап, екі бүйіріміздегі шегір көз бен жегір көздерді былай қойғанда, өз ағамыздың тарихшылары оңтүстігіміздегі қалаларды «кезінде біз салғанбыз» деп біздің осал тарихымызды өз пайдаларына бұрып отыр. Оларға ондай ойды кім салып отыр? Оған кінәлі өзіміз. Себебі «көшпенділер тұжырымдасамын» ұстанатын зерттеушілер қазақ даласындағы қалаларды қазақтың қалалары емес деп біледі.

Кезінде арабтар ислам ғалымдарының тегіне талдау жасапты. Сонда он ғалымның тоғызы түрік балып шыққанына кейіп, оныншысы араб дегенде «әлһәмдулиллә!» деп шүкіршілік еткен екен. Мұндай ғылыми әлеует тек қана көшіп-қонып жүретін болса, бабаларымыздан қалай шығады. Бір ғана мысал, әл-Фарабиді бүкіл әлем мойындайды. Оны әлем «екінші үстаз» деп таниды. Ол екінші ұстаз болса, онда бірінші ұстаз кім? Біреулер Аристотель десе, енді біреулер Платон дейді. Ресми ғылымда ол ашық сұрақ, ал «екінші ұстазға» ешкімнің таласы жоқ. Шын мәнісінде рухани тұрғыдан алғанда «Бірінші ұстаз» деп пайғамбарларды танитын болсақ, әл-Фараби әлемдегі екінші ұстаз болуға лайықты. Ал енді қарапайым адамдардың арасынан шыққан ұстаз ретінде қарасақ, әл-Фараби — мүлтіксіз бірінші! Бұл ойды әл-Фарабиді тірілтіп қазаққа қайтарған Ақжан әл-Машани атамыз айтады.

Ислам өркениетінің әлемде рухани өсіп-өнуіне өлшеусіз үлес қосқан Яасауи бабамыздың адамзат тарихындағы ролі пайғамбарлардан кем емес. Қарапайым адамдар арасынан шығып, кемелдіктің шыңына шыққан рухани тұлғаның да қазақ даласынан шығуы тегін емес. Осындай ғұламалардың ғұламалары, ұстаздардың ұстаздары шыққан қазақ топырағындағы өркениет өресінің қандай болғанын елестетіп көрші көз алдыңа. Қазіргі қазақ тарихы оны шынайы суреттеп, түсіндіріп бере алмайды. Себебі оның рухани әлеуетін өлшейтін құралдары былай тұрсын, өздерінде ол туралы түйсік-түсінік жоқ.

Мекемтас Мырзахметұлының абайтану мен қазақ ұлтының болашағы үшін өлшеусіз еңбек етіп кетті. Ғылыми айналымға түспесе де, кейінгі қазақтың жас ғалымдары кәдесіне жаратады деген сеніммен қазақ даласынан табылған орта ғасырлық қолжазбаларды төрт жүзге жуық том етіп жүйелеп кеткен еңбектері қол тимеген күйінде тұр. Көне Тараз қалаларынан да сондай қолжазбалар қоры табылған. Алайда оны жүйелеуге ғымыры жетпей қалды. Айтылған қолжазбалар арасында рухани құндылығы ислам мемлекеттерінде үздік саналатын еңбектерден әлдеқайда асып түсетін нұсқалар жетерлік. Қолымызда осындай гауһар-жауһарлар бола тұра елімізге сырттан кіріп жатқан салафиттік, т.б. жат діндер экспансиясы мен тарихтың келмес қойнауына кеткен жасанды тәңіршілдікке тойтарыс бере алмай отырғанымыздың бір ұшы осы тарыхшыларымыздың осалдығында да деп білеміз.

Осы сияқты ұзын сонар шегі жоқ қазақтың сорына айналып отырған проблемалардың барлығы да қазақ халқының табиғатына жат тарихты, евроцентристік, материалистік тұрғыдан түсіну методологиясының негізінде жатыр деп білеміз. Бұл сордан арылудың бір ғана жолы бар. Ол Зікірия Жандарбектің қазақ тарихын зерттеудің жаңашыл, тың әдіс-тәсілдерін пайдаланып, қазаққа өзінің төл тарихын қайтару. Барлық жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында осы әдіс-тәсілдерді қолданысқа енгізу, қазақ тарихының жандануының, ұлт снасының оянуының кепілі болады деп білеміз.

Қазіргі тарих ғылымындағы бұл проблема — барлық гуманитарлық ғылымдарда орын алып отырған қазақ ұлтының үлкен қасіреті. Қазақ тілінің өз тәуелсіз мемлекетінде қадірсіз болуы, қазақ әдебиетінің сананы оятатын туындылар тудыра алмауы, білім саласындағы тәрбиенің тұралап тұруы, ұлттық құндылықтардың құнсыздануы, әр түрлі діни ағымдардың етек алуы, халықтың азғындыққа ұшырауы, т. б. ұлтқа қатысты проблемалардың барлығы да осы мәселеге байланысты екені анық. Сондықтан да ұлтқа шын жанашыр ғалым болса, әрқайсысы өз саласындағы қазақ ұлтының рухани тамырынан нәр алатын, ұлт санасын оятатын ғылым жасауды қолға алсын!

Керекті керек білмеген,

Керектен қашып күйреген.

Еріксіз керек сүйреген,

Біздің қазақ емес па?

Керексізді керек деп,

Санасыз ойсыз дедектеп,

Керекке осы кезек деп,

Адасқан азап емес па?

Керекті білген кемелдер,

Мал үшін уайым жемеңдер,

Қазақты қолдан демеңдер,

Міндетің осы емес па?

(Шәкәрім)

Ерұлан Жиенбаев