Қазақстанда базалық мөлшерлеме көтерілсе, несие пайызы да жоғарылайды, сондай-ақ депозит шарттары жақсаруы мүмкін. Инфляция бәсеңдеуі ықтимал. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.

10 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 1,5 тармаққа, яғни, 18 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл – 2025 жылдың наурызынан бері бірінші рет болып отырған жағдай. Қазіргі көрсеткіш – рекордтық деңгейдегі ең жоғарғы мөлшерлеме.

Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімнің себептері қарапайым:

  • инфляцияның жоғарылауы, ол болжамды мөлшерден де жылдам өсуде – қыркүйекте 12,9 пайызға жетті;
  • адамдар ақшаны сұраныстан да тезірек жұмсауда;
  • теңгенің әлсіреуі – доллар бағамы қыркүйекте тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті.

Бұл өсім қарапайым қазақстандықтарды да айналып өтпейтінін түсіну маңызды. Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты қазақстандықтарды алда қандай өзгеріс күтуі мүмкін екенін қарастырайық.

Кредиттер

Базалық мөлшерлеме көтерілген сайын банктер де кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені көтеруге кірісуі мүмкін. Себебі, клиентке несие бермес бұрын, банктердің өзі базалық мөлшерлемеге байланысты пайыздық мөлшерлемемен қарыз алады — мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қаражат та қымбатқа түседі.

Басқаша айтқанда, шығынның орнын толтыру үшін банктер кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені көтере бастауы мүмкін, бұдан халыққа несие алу қиынға соғады.

Депозиттер

Депозиттер де кредиттер сияқты механизм бойынша жұмыс істейді. Базалық мөлшерлеме өскендіктен көптеген банк депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді көтере бастауы мүмкін.

Банктердің осы әрекетінің қисынын түсіну оңай: ақшаны халықтан "қарызға" алып, депозитке салу, сосын жоғары пайызбен несие беру олар үшін арзанға түседі. Бұл банктердің өздеріне де, олардың салымшыларына да тиімді.

Осылайша, теңгедегі депозиттер халық үшін бұрынғыдан да тартымды болуы мүмкін, бұл ұлттық валютаның нығаюына да ықпал етеді.

Теңге бағамы

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі теңге бағамын да ұстап тұруға көмектеседі. Несие пайызы көтерілген кезде, адамдар немесе кәсіпорындар несие алуды азайтып, көбірек ақша жинайды, әсіресе теңгемен, өйткені пайыздық мөлшерлеме теңгемен жинайтындар үшін көтеріледі.

Нәтижесінде ұлттық валютаға сұраныс артып, оның құнына әсер етеді.

Инфляция

Осы факторлардың барлығы елдегі инфляцияға жанама әсер етеді. Несие алу қиындаған соң, адамдар оны рәсімдеуді азайтады. Депозит мөлшерлемесі көтерілетіндіктен, адамдар ақша жұмсамай, үнемдеуге тырыасады:

Бір жағынан, бұдан тұтынушылық белсенділік төмендейді және ол экономиканың "салқындауына" әкеледі, ал сұраныс аз болса, әдетте тауарлар мен қызметтердің бағасы төмендейді немесе, ең болмағанда, бағаның өсуі баяулайды. Екінші жағынан, ақша-несие саясатын қатайту жоғары пайыздық мөлшерлемемен қарыз алуға мәжбүр болатын бизнеске теріс әсер етуі мүмкін. Кей кәсіпкерлер дамуға инвестиция салмай, қолда барын ұстап тұруға тырысады — мұндай жағдайда экономика айтарлықтай баяулауы мүмкін.

Осылайша, базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерудің ел үшін оң және теріс салдары болуы мүмкін.

Қорытындылай келе, жоғары базалық мөлшерлеме бірінші кезекте ақшасын теңге депозитінде сақтайтын және жақын арада банктен несие алуды жоспарламайтын азаматтарға тиімді деп айтуға болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз