Германияда зейнетақы жүйесі дағдарыс алдында тұр. Елдің Экономика министрлігінің жанындағы кеңес осылай деп дабыл қақты. "Бұған жол бермес үшін зейнет жасы өмір сүру ұзақтығына байланысты өзгеруге тиіс", — дейді.
Өйтпеген жағдайда 2050 жылға қарай зейнетақы төлеуге бюджеттен бөлінетін қаржы 100 млрд-тан 164 млрд еуроға дейін артуы мүмкін. Сондықтан кеңес мүшелері Германиядағы зейнет жасын 73-ке дейін ұзартуды ұсынып отыр.
Германия — Еуропадағы қарты көп ел. Олардың қарасы тіпті еңбекке қабілетті адамдар санынан асып түседі. Яғни зейнетақы қорына түсетін жарна қазірдің өзінде жеткіліксіз. Ал 2035 жылға қарай жағдай тіптен ушығатын түрі бар. Өйткені сол уақытта елде жыл сайын 1 млн адам зейнетке шығып тұрады. Сарапшылар: "Бұл мәселені шешудің бірден бір жолы — зейнет жасын ұлғайтып, жарналар көлемін арттыру", — дейді.
Мартин Вердинг, Германия экономика жөніндегі сарапшылар кеңесінің мүшесі:
- Біз мойындауымыз керек. Қазіргі зейнетақы төлемдері еңбекке қабілетті азаматтардың жарналары есебінен төленеді. Ал алдағы 10-15 жылда бұл жүйені іске асыру әлдеқайда қиындайды. Сондықтан бюджетке түсетін салмақты азайтудың басқа амалын қарастыруымыз қажет. Мәселен, зейнет жасын ұзартып, жастардың ертеңгі қамсыз қарттығына ақша жинауына мүмкіндік беруіміз керек.
Қаржыгерлер зейнет жасын халықтың өмір сүру ұзақтығына байланысты өзгерту қажет деп санайды. Мұны заң жүзінде бекіткен санаулы елдің бірі — Дания.
Құжатқа сай елде 2035 жылға қарай зейнет жасы 69-ға, ал 2050 жылға қарай 73-ке дейін ұлғаюы тиіс. Себебі орташа өмір сүру ұзақтығы артқан сайын, бір есептен мемлекетке зейнетақы төлеу, денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету секілді міндетемесін орындау үшін қосымша қаржы қажет болады.
Алайда Дания тәжірибесі Германиядағы оппозиция өкілдерінің арасында қызу пікірталас туғызды.
Зерен Пельман, Германия Парламентінің депутаты:
- Көп адам өмір бойы таңның атысы, күннің батысы еңбек етеді. Жұмыстың көптігінен ауруға шалдығады. Ал зейнетке шыққанда алатын зейнетақысы мардымсыз.
Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша алдағы 10-15 жылда Германия ғана емес, Шығыс Азия мен бүкіл Еуропа зейнетақы дағдарысына ұшырайды. Бұған халықтың қартаюынан бөлек, туу көрсеткішінің төмендеуі себеп. Қазір әлемде 60-ты алқымдаған қарт кісілердің саны 857 млн болса, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,2 млрд-қа жетуі мүмкін.
Қазір әлемде қолданыстағы зейнетақы жүйесі бұрынғы демографиялық көрсеткіштерге негізделіп жасалған. Зейнетақы саласын реформалау бұл уақыт талабы. Өйтпеген жағдайда оның экономикаға тиер салдары ауыр болады.
Қазір Германияда 65 жастан зейнетке шығады. Алайда елде қазынаға салмақ салмай, жүйедегі тұрақтылықты сақтау үшін зейнетақы саласына ерте ме, кеш пе, реформа жасалатыны анық.
Авторы: Зайнұр Байжігіт