Алматы өңірі табиғи жағдайларға, антропогендік факторларға байланысты көптеген экологиялық сын-қатерге тап болып отыр.
Тянь-Шань тауының етегіне қоныс тепкен Алматының жер бедері күрделі әрі ауа ағынының динамикасы да ерекше. Мұндай табиғи ерекшелік атмосферада ластағыш заттардың жиналуына қолайлы жағдай жасайды әрі қаланың экологиялық жағдайын нашарлатып, ауа сапасына қатысты проблеманы күшейтеді.
Қаланың экологиялық жағдайы ушығып тұр, әсіресе атмосфераның ластануы алаңдатады. Экологиялық балансты сақтауда маңызды рөл атқаратын таулы аймақ аса күшті антропогендік әсерге ұшырап отыр. Қаптаған сансыз көліктен бөлінетін газдар, өнеркәсіптік қалдықтар мен тығыз орналасқан үй-жайлар ауаның табиғи алмасуына кедергі келтіріп, ауа сапасын одан әрі нашарлатып жатыр.
Қала құрылысы регламенттерінің бұзылуы, әсіресе таулы аудандарда урбанизацияланған ортаның орнықтылығын әлсіретіп, ауа сапасының нашарлау қаупін күшейтуде. Мұндай жағдайларда ауа ортасының жай-күйін мониторингілеу және болжау үшін математикалық модельдеуді қолдану өте маңызды шаруа.
Аэродинамикалық процестерді сандық модельдеу жаңа құрылыс объектілерінің атмосфералық айналымға, ластағыш заттардың кеңістікте таралуына, сондай-ақ жерүсті қабатының энергетикалық балансына әсерін кешенді бағалауға мүмкіндік беретін тиімділігі жоғары талдамалық құрал болып саналады.
Экологиялық тәжірибеде модельдеу – күрделі жер бедерлерінде өнеркәсіптік және көлік көздерінен шығатын шығарындылардың таралуын бағалау; ауаны табиғи тазартуға ықпал ететін қаланың желдету дәліздеріне құрылыстың әсерін талдау; аэродинамиканы және зиянды заттарды азайтуды ескере отырып, көше-жол желісін оңтайландыру жөніндегі стратегияларды әзірлеу; ауаның тоқырау эпизодтарын модельдеу және түтін қаупін азайту жөніндегі шараларды әзірлеу үшін қолданылады.
Алматы ауасын ең қатты ластап отырған – жылу электр орталықтары (ЖЭО). EXIMAR форсайт-агенттігінің бағалауы бойынша (2015–2018) ЖЭО-дан және көмір қазандықтарынан шығатын шығарындылардың үлесі жалпы ластану деңгейінің 70 пайызына дейін жетуі мүмкін. Олардың қызметі қаланы түтінге көміп, халық денсаулығына қауіп-қатер төндіретін негізгі фактор болып отыр.
Халықаралық жасыл технологиялар орталығы (ХЖТО) экологиялық жүктемені азайту және тұрақты қалалық ортаны дамытуға үш стратегиялық бағытқа: жылу энергетикалық объектілерді жаңғыртуға, ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізуге және ағынды суларды басқару жүйелерін оңтайландыруға негізделген бастамалармен қолдау көрсетеді.
ЖЭО-ны жаңғырту аясында ескірген жабдықтар ауыстырылды, тиімді қазандықтар мен оттықтар енгізілді, NOₓ, SO₂ және қатты бөлшектер шығарындыларын азайту үшін отынды жағу режимдері оңтайландырылды. Энергетикалық жүйенің көмірге тәуелділігін төмендету мақсатында баламалы отын түрлерін — табиғи газды және биомассаны бағалау жүргізілді.
Өнеркәсіптік алаңдарда іске асырылатын пилоттық жобалар ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізудің экономикалық және экологиялық тиімділігін растады.
Ағынды суларды басқару үшін механикалық, химиялық және биологиялық тазарту қондырғылары оңтайландырылған. Су ресурстарына жүктемені азайтуға ықпал ететін технологиялық процестер мен суару жүйелерінде тазартылған суды қайта пайдалану схемалары әзірленіп жатыр.
Заманауи биотехнологиялар ауыр металдар мен органикалық ластағыш заттарды тиімді жоюға мүмкіндік береді, бұл су бұрудың экологиялық қауіпсіздігін арттырады.
Қаланы экологиялық жаңғырту саласындағы негізгі бастамалардың бірі – Алматының жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарында кешенді технологиялық аудиттер (КТА) өткізу болды. Бұл шаралар экологиялық жүктемені іс жүзінде бағалауға, технологиялық кедергілерді анықтауға және ең үздік қолжетімді техникаларға (ЕҚТ) көшу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.
КТА нәтижелері негізінде қаланың өнеркәсіптік кластерлерінің ерекшеліктерін ескеретін ЕҚТ бойынша анықтамалықтар әзірленді. Бұл ЕҚТ анықтамалықтары кәсіпорындардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайта отырып, ең үздік экологиялық тәжірибеге көшуіне негіздеме болып табылады.
Алматы — ЕҚТ-ны іс жүзінде енгізуді бастаған елдегі алғашқы қалалардың бірі, бұл мегаполистің тұрақты болашағын қамтамасыз етудегі жергілікті биліктің стратегиялық көзқарасы мен саяси ерік-жігерінің көрсеткіші.
Алматы ауыр экологиялық сын-қатерге ұшырап отыр, оның ішінде ең бастысы – атмосфералық ластану. Оның себептері – антропогендік факторлардың жиынтығы, соның ішінде жылу электр орталықтарының жұмысы және қарқынды көлік қозғалысы, сондай-ақ табиғи жағдайлар: күрделі жер бедері және ауа ағындарының ерекшеліктері.
Қалыптасқан жағдайға қарсы қала энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртады, ең үздік қолжетімді техникаларды енгізеді және су ресурстарын басқаруды оңтайландырады. Математикалық модельдеу ластану деңгейін болжауға мүмкіндік береді және ауа сапасын бақылауды күшейтеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз