Облыс әкімдігінде Президент Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру жолдары талқыланған кеңес өтті. Жиында өңір экономикасын ілгерілетудегі жасанды интеллектінің орны, инвестиция тарту, оқушылар мен мұғалімдердің ІТ құзыретін дамыту, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту тәрізді маңызды мәселелер қаралды.

Мемлекет басшысы Жолдауында елімізге қомақты инвестиция тарту мәсе­лесіне тоқтала келіп, жаңа инвес­тициялық кезеңді бастау қажет екенін айтты. Осы орайда өңірде қазірдің өзінде өндіріс өрісін кеңейткен ілкімді инвестициялық жобалар іске асырылып жатқанын тілге тиек еткен жөн. Алқалы кеңесте бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы «ҚазақИнвест» АҚ өңірлік филиалының директоры Дәурен Ниязбеков баяндап берді.

– Мемлекет басшысы Жолдауында, әсіресе, өңдеу өнеркәсібіне көптеп инвес­тиция тарту қажет екенін, қомақты инвес­тиция тарта білу орталық мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы орындардың да үйлесімді жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Қостанай облысына кейінгі 7 ай ішінде 329,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңірде Инвестиция тарту жөніндегі кеңес құрылды. Оған облыс әкімі Құмар Іргебайұлы төрағалық етеді. Аталған кеңес бүгінде инвестиция тарту жұмыстарын ширату, инвесторлар­дың алдынан кесе-көлденең шығып қалатын мәселелердің шешімін табу бойынша тиімді жұмыс атқарып келеді, – деді Д.Ниязбеков.

Кейінгі жылдары өңірде машина жасау саласы мен металлургия кәсіп­орындарына қомақты инвестиция тар­тыл­­ған. Бұл бағыттағы маңызды жоба­ның бірі – еліміздегі 17 серпінді жобаның қатарына енген толық циклді «KIA» автомобильдерін шығаратын зауыт. Ин­вес­тиция көлемі 131,5 млрд теңгені құ­райды. Жылына 70 мың автомобиль шы­ғаратын зауытта 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Аталған кәсіпорын шіл­де айында алғашқы автокөліктерін шығара бастаған. Ал қазан айынан бас­тап жаппай көлік шығару өндірісіне көшуді жоспарлап отыр. «ҚазақИнвест» АҚ өкілінің айтуынша, аталған жоба Президент Жолдауы айқындап берген индустрияландыру, заманауи техно­логия­ларды енгізу, сапалы жұ­мыс орын­­дарын құру және еліміздің экс­­порттық әлеуетін дамыту тәрізді маңыз­ды міндеттерге толық сәйкес келеді.

– Машина жасау саласында өндірістің жергілікті үлесін ұлғайтып, бірте-бірте импортқа тәуелділіктен арылу мақсатында Қостанайда аумағы 30 мың шаршы метр болатын Локализациялық орталық салынып жатыр. 800 адам жұмыс істейтін бұл кәсіпорын жылына 60 мың автокомпонент шығарады. Автокомпоненттердің дені «КІА» корпорациясының қаржысына салынып жатқан жаңа зауытқа жөнелтіліп отырады, – деді Д.Ниязбеков.

Локализациялық орталықтан «КІА» автокөлігінің орындығы, пайдаланылған газды сыртқа шығаратын жүйесі, көлік қаңқасының пластикалық бөлшектері, электр жалғағыштары тәрізді шетелден тасымалдауға уақыт пен қаржы шығыны көп кететін бөлшектер шығарылады. Осылайша, бірте-бірте өңірде толық циклді машина жасау кластерін қалып­тастыру жоспарланып отыр.

Жиында өңірдің өңдеу өнеркәсі­біне серпін берген өзге де ірі инвестиция­лық жобалар жөнінде сөз болды. Мәсе­лен, инвестиция көлемі 82,5 млрд теңге болатын «KamLit KZ» зауыты жылына 74 мың жүк көліктеріне арналған жетекші белдеме шығарады.

Жолдауда кен байыту, металлургия саласын дамытуға да айрықша мән беріліп, саланың даму әлеуеті зор екені, әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шы­ғаруға мүмкіндік мол екені айтылды. Бұл бағытта өңірде көлемі 1,4 трлн теңге болатын 2 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мәселен, бүгінде «ССКБӨБ» АҚ ыстық брикетті темір өндіретін зауыт салып жатыр. Аталған инвестжобаның көлемі 532 млрд теңге болады. Бір мың тұрақты жұмыс орны ашылатын зауыт іске қосылса, жылына 2 млн тонна өнім шығарады. Жаңа зауыт бүгінде әлемдік темір өндірісінің 70 пайызын қамтамасыз етіп отырған «Midrex» технологиясы бойынша жұмыс істейді. Заманауи кәсіпорында домна пеш, көмір, кокс пайдалану дегендер болмайды. Оның орнын табиғи газ басады. Нәтижесінде, қуат шығыны айтарлықтай азайып, өнімнің өзіндік құны төмендейді. Бұл – Қостанай темірінің нарықтағы бәсін арттыра түседі. Еліміздің 17 серпінді жобасының тізіміне енген аталған стратегиялық жоба толық өндірістік қуатына көшкен соң бюджетке жылына 32 млрд теңге салық түсіп отырады. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 9,2 пайызға ұлғаяды.

Мұның сыртында, өңірде алюминий тотығын шығаратын зауыт салу жоспарда бар. Ауқымды жобаға Қытайдың «East Hope Group» компаниясы 864 млрд теңге көлемінде қаржы салуға ықылас білдіріп отыр.

Президент Жолдауы көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруды міндеттейді. Бұл бағытта өңірде газ-химия кешенін салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру пысықталып жатыр.

– Таяуда «Gas Solutions» компания­сының акционері, белгілі кәсіпкер Нұрлан Артықбаевпен кездестім. Қоста­най облысында газ-химия кешенін салу жобасын талқыладық. Инвестиция көлемі шамамен 3-6 млрд доллар болады. Жаңа кәсіпорын жылына 5 млн тоннадан аса химиялық өнім шығаратын болады. Сондай-ақ жылына 1,5 млрд доллардың өнімін экспорттауға мүм­кіндік туады. Аталған жоба аясында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруға мемлекет тарапынан толық қолдау көрсетілді. Бұл өңірдегі ірі инвестициялық өндіріс­тер­дің бірі болмақ, – деді өңір басшысы Қ.Ақсақалов.

Қостанай облысының ауылшаруа­шылық кешені мен өнеркәсіп саласында құны 2,1 трлн теңгеден асып жығылатын ұзын ырғасы 80 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде, 12 200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Жалпы, өңірде экономиканың барлық саласына жаппай жасанды интелектіні енгізу үдерісі басталды деуге болады. Оған таяуда өткен инвестициялық форум барысында, технологиялық көрме кезінде көз жетті. Мысалы, дәстүрлі ауыл шаруашылығын интеллектуалды АӨК-ке алмастыруға жемісті қадамдар жасалып жатыр. Егін шаруашылығына бірқатар озық технология енді. Білім, медицина, мемлекеттік қызмет, шағын және орта кәсіпкерлік саласы да белгілі бір деңгейде ЖИ-дің игілігін көріп отыр.

– Біз тамыз айында «Өңірді дамы­тудағы жасанды интеллектінің орны» тақырыбында кең ауқымды форум өткіздік. Күні кешегі Үкімет отырысында бұл да атап өтілді. Біз алдымызға үлкен мақ­­­сат қойып отырмыз – облыс­ты цифр­­­ландыру және инновация сала­­сын­­­да­­ғы көшбасшы өңірлердің бірі­не айнал­дыру. Осы жолдағы күш-жігері­міз эко­номиканың басым салаларын тұ­рақты дамытуға, инвестициялық тартым­дылық­ты арттыруға бағытталады. Қазақ­станды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамыт­қымыз келсе, жұмысымызды жаңа тәсіл­мен жүргізуіміз керек, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар әкім кейбір салалар­дың, азаматтардың ЖИ мүмкіндіктерін әлі де толық түсінбей жатқанын айтты. Сон­­дықтан қолжетімді оқу материалда­рын әзірлеп, шеберлік сабақтары мен ашық дәрістер ұйымдастыру қажет. Ал жал­­пы, өңір қазірдің өзінде жасанды ин­тел­­лектінің игілігін көріп отыр. Мәсе­­лен, өңірде ишемиялық және гемор­ра­гия­лық инсультке ЖИ көмегімен авто­мат­тандырылған ерте мерзімді диагноз қою жобасы іске асырылды. Сүт безі обырына 98 пайыз дәлдікпен диагноздау жобасын енгізу пысықталып жатыр. Ендігәрі күн райы, қауіп-қатер, залал-ауру жөнінде алдын ала ақпарат беретін «мо­бильді агроном» немесе «мобильді зертхана» қосымшалары әр фермердің қолын ұзар­та түспек. Жасанды интеллект ин­фра­құрылымды, әсіресе, жылу жүйелерін алдын ала диагностикалауда да тиімді.

– Жасанды интеллект барлық салаға енгізілуге тиіс. Бұл мақсатта іске асырылатын жұмыстардың бәрі азаматтардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын артты­руға бағытталады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы ел бірлігін, қоғамның тұрақтылығын нығайта түсетіні сөзсіз. Біз атқарып жатқан ауқымды жұмыс өңірдің жарқын болашағы үшін маңызды, – деді Қ.Ақсақалов.

Қостанай облысы