Қазақстан агроөнеркәсіп саласындағы импортқа тәуелділікті азайту үшін 202 инвестициялық жобаны іске қосады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды кең ауқымда тарату және инфляцияны тежеу мәселелері бойынша жиын өткізді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы АӨК-тің 12 бағыты бойынша 202 жобаны қамтитын 2025–2027 жылдарға арналған "Инвестицияға тапсырыс" тұжырымдамасын таныстырды.

"Біз "Инвестицияға тапсырыс" тұжырымдамасын әзірледік. Ол 202 жобадан тұрады және ішкі нарықты сұранысқа ие азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ импорталмастырудан экспортты дамытуға көшуге мүмкіндік береді", — деді Ермек Кенжеханұлы.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттары – импортқа тәуелділігі жоғары өнімдерді өндіру. Олар – құс еті (қамтамасыз етілу деңгейі – 79 пайыз), ірімшік пен сүзбе (52 пайыз), қант (33 пайыз), шұжық өнімдері (60 пайыз), балық өнімдері (67 пайыз). Қалған жобалар астықты, картопты, жеміс-көкөніс дақылдарын, тері мен жүнді терең өңдеуге, сондай-ақ сүт-тауарлы фермалар, жылыжай кешендері мен қоймалар салуға бағытталған.

Құс еті бойынша биылдың өзінде-ақ өз-өзімізді толық қамтамасыз етуге және жаңа жобалар есебінен экспортты ұлғайтуға қол жеткізу жоспарланып отыр. Сүт саласында үшінші жыл қатарынан "Үлкен жоба" жүзеге асырылуда, ол – сүт-тауарлы фермалар құрылысына жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы. Бүгінде 49 жаңа және кеңейтілген ферма пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 20, ал келесі жылы 17 ферма іске қосылады. Осы жобаның арқасында 2–3 жыл ішінде ішкі сұранысты толық жабуға мүмкіндік туады.

Жылыжай құрылысы бойынша Шымкент қаласы, Түркістан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында ірі жобалар қолға алынған. Бұл елді маусымаралық кезеңде көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Картоп пен жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға өз алдына бөлек назар аударылып отыр. Қазір Pepsico және Иранның Solico компанияларымен бірлескен жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар картопты, жемістер мен бақша дақылдарын қайта өңдеуді айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін тағы 27 бастама қолға алынған.

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бойынша импорттың инфляцияға әсері туралы талдау жасады. Орта есеппен алғанда ӘМАТ ішіндегі импорттық брендтердің үлесі 16,5 пайыз, шекара маңындағы өңірлерде ол 50 пайызға дейін жетеді. Ең төменгі үлес Түркістан (8,4 пайыз), Қызылорда (7,6 пайыз), Алматы (7,3 пайыз) және Абай (2,8 пайыз) облыстарында тіркелген. Алты ай ішінде ӘМАТ индексіне қатысты импорттық инфляцияның үлесі – 32 пайыз.

"Фискалды деректер операторының мәліметтерін талдау нәтижесінде еліміздегі дүкендерде сатылатын ӘМАТ бойынша 234 шетелдік бренд анықталды. Жалпы, ӘМАТ импортының 97%-ы ЕАЭО елдерінен келеді, мәселен: Ресейден – 184, Беларусьтан – 23, Қырғызстаннан – 10 бренд. Сондай-ақ Италия, Үндістан, Қытай, Пәкістан және Түркиядан да өнімдер бар, алайда олардың үлесі 2 пайыздан аспайды", — деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Сауда және интеграция министрлігі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, сауда ағындарын цифрландыру бойынша пилоттық жобаны жалғастыруда. Бұл жоба шетелдік брендтердің өнім түрлерін бақылап, халықтың тұтыну талғамын анықтауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба аяқталған соң әкімдіктер импорттың өңірлерге ықпалын нақты уақыт режимінде бағалап, тұрғындардың қажеттіліктеріне сәйкес отандық өнім өндірісін тиімді арттыра алады.

"Азық-түлікпен өз-өзімізді толық қамтамасыз ету тек азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, бағаны тұрақтандырудың да маңызды факторы болмақ. Сонымен бірге жобаларды әзірлеуде тексерілген технологияларға сүйеніп, шикізат базасын мұқият есептеу қажет, әсіресе ылғалсүйгіш дақылдарға арналған жобаларда", — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз