2025 жылғы 15 тамыздағы Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңа редакцияда қабылданды.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесі – ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) және орта мерзімді (1 жылдан 5 жылға дейін) кезеңдерге арналған құжаттардан, қатысушылардан, қағидаттар мен үдерістер мен деректерді басқару элементтерінен тұратын өзара байланысты құрамдастар кешені.

Мемлекеттік жоспарлау әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайту және ресурстарды оңтайлы бөлу мақсатында шараларды қалыптастыру, нәтижелерге қол жеткізу тәсілдері мен міндеттерді шешу қызметін қамтиды.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

  • Адамға бағытталу – мақсаттар, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін халықтың өмір сапасын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағыттау;
  • Ашықтық – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарының және оларды іске асыру нәтижелерінің ресми интернет-ресурстарда жариялануы арқылы қолжетімділігі (шектеулі қолжетімділігі бар мәліметтерден басқа);
  • Нәтижелілік (мәннің түрден басымдығы) – нақты әрі өлшенетін нәтижеге қол жеткізудің жұмыстың нысанынан жоғары тұруы;
  • Тиімділік – мақсаттарға, индикаторларға, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштеріне ең аз ресурстық шығындармен, заманауи технологиялық шешімдер негізінде қол жеткізу;
  • Келісімділік – жүйе қатысушыларының үйлестірілген іс-әрекеттері арқылы нәтижелерге қол жеткізу;
  • Шынайылық – орта мерзімді кезеңде тәуекелдер мен ресурстық шектеулерді ескере отырып, қол жеткізу мүмкіндіктеріне сай мақсаттар мен міндеттерді белгілеу;
  • Басқарушылық жауапкершілік – нақты басшының құзыретіне кіретін шешімдерді қабылдау мен келісуді жоғары тұрған деңгейге немесе алқалы органдарға бермеу (соның ішінде нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізілмеу қаупі болғанда да);
  • Сабақтастық – мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу және іске асыру барысында бұрын қабылданған құжаттардың нәтижелерін және ұзақ мерзімді кезеңдегі құжаттардың орындалу сатыларын ескеру;
  • Басқарушылық икемділік – мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу тәсілдерін таңдауда және қайта қарауда қатысушылардың дербестігі;
  • Негізділік – мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу үшін (мақсаттар, индикаторлар, міндеттер, аралық және түпкі нәтижелер көрсеткіштері) сенімді әрі объективті негіздердің болуы, сыртқы ортаны (саяси, экономикалық, экологиялық), ішкі әлеуетті (ресурстар, құзырет) және ықтимал тәуекелдерді ескеру.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің үдерістері – оның құжаттарын әзірлеу, іске асыру, мониторинг жүргізу және түзету болып табылады.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде әзірленетін құжаттар мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:

  • жекелеген құжатты әзірлеудің негізділігі, таңдалған мақсаттар, нысаналы индикаторлар, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерінің шынайылығы;
  • нысаналы индикаторларды, нәтижелер көрсеткіштерін, іс-шараларды қамту, олар халықтың өмір сапасын, әл-ауқатын және әлеуметтік игілігін арттыруға бағытталуы тиіс (тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беру, инвестиция тарту, адами капиталды дамыту, жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны енгізу және т.б.);
  • ұсынылған іс-шаралардың құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталуы;
  • нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің нақты мерзімдерін белгілеу;
  • құжатты іске асыру үшін қаржылық-экономикалық (оның ішінде бюджеттен тыс), материалдық-техникалық және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі.

Іске асыру – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу үдерісі болып табылады.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру үдерісін басқару жобалау, жобалық басқаруды қолдануды, коммуникацияларды құруды, сондай-ақ құжаттарды іске асыру барысын мониторинг жүргізуді, тәуекелдерді басқару жүйесін және ден қою тетіктерін енгізу арқылы құжаттарды уақтылы әрі сапалы орындауды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қарастырады.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру барысында заңнамада белгіленген тәртіппен жобалық басқару әдістері мен тәсілдері қолданылуы мүмкін.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен айқындалған стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді басқару үшін негізгі ұлттық индикаторлар, нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан декомпозицияланады.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру барысында мынадай талаптар қамтамасыз етілуі тиіс:

  • ведомствоаралық өзара іс-қимылдың келісімділігі;
  • ресурстарды ең аз шығынмен пайдалана отырып, белгіленген нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы;
  • қаржылық, еңбек және өзге де ресурстардың теңгерімділігі.

Іске асыру барысында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына түзетулер енгізілуі мүмкін.

Түзету жүргізілген мониторинг нәтижелерін ескере отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.