Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде, Ұлытау облысында, жүздеген метр тереңдікте тұтас бір жерасты әлемі жасырынған. Мұндағы рудадан жасалған катодты металл – бүкіл әлемдегі энергетиканы, технологияны және қалаларды қуат көзімен қамтып отыр, деп хабарлайды Zakon .kz.

Мыстың ұзақ сапары сонау тереңдіктен бастау алады – кеннен бастап отты пештер мен электролиз астауларына дейін.

Жезқазған – Қазақстанның мыс өндірісінің қайнар көзі. Бұл – тек бейнелі сөз емес: картаға көз жүгіртсеңіз, қала географиялық тұрғыдан елдің қақ орталығында орналасқан. Мұннан тарайтын металл қуаты Қазақстанды ғана емес, күллі әлемді қамтиды.

Жартылай шөлейтті далада тұтас бір жерасты патшалығы бар. Жүздеген метр тереңдікте күрделі тоннельдер, штректер мен кен желілері жүйесі созылып жатыр. Мұнда әлемдегі ең құнды металдардың бірі – мыс өндіріледі. Оның арқасында қалаларға өң бітіп, технологиялар алға жылжиды, көпірлер салынып, қала бере елмен елді байланыстырады.

Мыстың жолы Жезқазғанның солтүстігінен 30–35 шақырым жерде орналасқан Жыланды кен орнынан бастау алады. Бұл топқа бес ірі кеніш кіреді: Итауыз, Батыс және Шығыс Сарыоба, Қыпшақбай және Қарашошақ. Жалпы өндірістік қуаты – жылына 4,5 миллион тонна кен. Мұнда күн сайын 1 000-нан астам адам еңбек етеді.

№65 шахта – осы кеніштер тобындағы маңызды нысандардың бірі. Мұнда жұмыс тәулік бойы ауысыммен жүргізіледі. Әр бригада өз міндетін атқарады: біреулер тау жынысын бұрғылайды, енді бірі кенді қазып алады, тағы бір топ оны жер үстіне тасымалдайды.

Кенді өндірудің тиімділігін арттыру үшін шахтада әртүрлі әдістер қолданылады: панельді-бағаналы жүйе және қабатаралық опыру әдісі.

Біріншісінде кен блоктарға бөлініп, біртіндеп өндіріледі. Екіншісінде ол арнайы ұңғымалар арқылы опырылып түсіріледі, бұл оны беткі қабатқа шығаруды жеңілдетеді.

Жер астынан өндірілген кен алып жерасты самосвалдарына тиеліп, рудоспуск деп аталатын нүктеге жеткізіледі.

Бұл жерден екі шақырымдық конвейер арқылы кен жер бетіне шығып, думпкарларға тиеледі де, 70 шақырым қашықтықтағы Жезқазған байыту фабрикасына (ЖБФ) жөнелтіледі.

Концентраттардың дайындалуы

Жезқазған байыту фабрикасында өмір шахталардан кем емес деңгейде жүріп жатыр. Мұнда 1,800-ден астам адам еңбек етеді, олардың әрқайсысының өндіріс процесіндегі өз рөлі бар.

Кәсіпорын директоры Әтен Медет Әбутахирұлының айтуынша, қызметкерлер зейнет жасына жетіп қалса да, көпшілігі еңбек келісімдерін ұзартуды сұрайды. Оның себебі — еңбек жағдайының қолайлығы мен лайықты жалақы.

Бұл ретте, жаңадан келген кадрларға сұраныс жоғары — кәсіпорын жыл сайын колледж және университет түлектерінен 25–30 жаңа маманды қабылдайды. Кәсіпорындағы тәжірибелі шеберлер оларды өндірісте үйретіп, жаңа буынды дайындайды. Жұмыс үш ауысым бойынша жүргізіледі: таңғы, кешкі және түнгі. Осы жүйенің арқасында өндіріс бір сәтке де тоқтамайды — мыс ұсақтаудан бастап флотацияға дейін үздіксіз жүріп отырады.

Күн сайын фабрикаға 600-ге жуық вагон кен жеткізіледі. Алдымен олар вагонаударғыштарға түседі – бұл жерде құрамалар төңкеріліп, кен алып бункерлерге төгіледі. Осылайша, тас кеннің металлға айналу жолы басталады: ұсақтау мен майдалау.

Кен алып диірмендерде ұнтаққа айналып, кейін флотациялық камераларға түседі.

"Мында руда ұнтақталып, флотация процесіне жіберіледі. Флотация – минералдарды су ортасында бөлу. Гидрофобты минералдар ауа көпіршіктеріне жабысып, көбік қабатын түзеді. Бұл қабат үздіксіз айналатын арнайы құрылғымен жиналады", – дейді флотация мастері Гүлмира Шубаева.

Ол мұнда 19 жыл қызмет етіп келеді және осы уақыт ішінде процестер едәуір автоматтандырылып, қара күшті қажет ететін жұмыстар азайғанын айтып отыр.

"Бізде, мысалы, бірінші және екінші блоктарда барлығы автоматтандырылған. Жаңа флотация машиналары дерлік толық автоматтық режимде жұмыс істейді. Реагенттер автоматты түрде беріліп, бәрі экран арқылы реттеледі. Бұрын пульп деңгейін штурвал арқылы реттейтінбіз, ал қазір экраннан саусақпен керегін енгізсек болғаны, жүйе автоматты түрде оны ұстап тұрады".

Дегенмен Гүлмира автоматиканы бақылаусыз қалдырмау керегін де жасырмады.

"Автомат жүйе іркіліп қалуы мүмкін, сондықтан процессті қадағалау үшін адам керек. Егер ақау пайда болса, оны бәрібір адам түзейді",- деді ол.

Флотация нәтижесінде мыс концентраты алынады, ол – құрамында металдың мөлшері жоғары өнім.

Концентрат сүзгілеу, қоюландыру және кептіру сатыларынан өтеді де, жасыл-сұр түсті тығыз түйіршіктерге айналады. Олар арнайы контейнерлерге тиеліп, Жезқазған мыс балқыту зауытына (ЖМЗ) жөнелтіледі.

Флотация қалдықтары (пайдасыз жыныстар) қалдыққоймаларға жіберіледі, онда қатты бөлшектер тұнып, тазартылған су қайтадан өндіріс цикліне оралады.

Отты алхимия: концентратты мысқа айналдыру

Жезқазған мыс балқыту зауытының цехтарында металл қайта жанданады. Мұнда концентрат бірнеше күрделі кезеңнен өтіп, таза катодты мысқа айналады.

: Zakon.kz/Екатерина Елисеева А

Зауытта жылына 200 мың тонна катодты мыс өндіруге мүмкіндік беретін екі руднотермиялық пеш жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2 100-ден астам адам еңбек етеді.

Жезқазған мыс балқыту зауытының бас инженері Елмұрат Абуовтың айтуынша, балқыту цехында үш процесс өтеді: электробалқыту, конверттеу және отты рафинация.

"Электрпеш арқылы балқыту – шихтаны сұйық балқымаға айналдыру үшін қажет. Ал конвертация – күкіртті бөліп шығару және қара мыс алу үшін жүргізіледі. Онда мыс мөлшері – 98,7 пайыз", – деп түсіндірді маман.

"Біздің шихта даярлау цехымыз шикізатты – Жезқазған байыту фабрикаларынан келетін мыс концентратын және Балқаш, Нуказған, Қарағайлы және басқа фабрикалардан әкелінетін концентраттарды қабылдаумен айналысады. Концентраттан біз қажетті мыс құрамымен штейн алу үшін шихта дайындаймыз. Ол ұнтақтық күйде келеді. Шихта жасалып болған соң оны гранулаларға айналдырып, электробалқытуға – ЭКТП қондырғысына жібереміз",- деді шихта цехының басты инженері Қайырбек Мархабатов.

Бұл цехта штат бойынша шамамен 204 адам жұмыс істейді. Жұмысқа қабылдауда жасқа қойылатын шектеу жоқ: 18 жастан бастап адамдар еңбекке тұра алады және зейнетке шыққанға дейін жұмыс істей береді. Қайырбек Мархабатов айтуынша, өзі мұнда университет бітіргеннен кейін орналасқан, әкесі де осында істеген, қазір жұбайы да осында, осылайша кәсіп отбасылық дәстүрге жалғасқан.

Шихталанған концентрат электробалқытуға түседі. Ерекше пештерде 1200 °C жоғары температурада концентрат сұйық балқымаға айналады. Мұнда негізгі металл қабатын бос жыныстан бөледі: осылайша ар­найы штейн — мыс құрамымен жоғары аралық өнім пайда болады.

Содан кейін штейн конвертерлерге жіберіледі, онда оттегі қосып, күкірт қосылыстары мен басқа қоспалар алынып тасталады. Осы сатыда шамамен 98,7% қоспасыз шала дайын мыс пайда болады. Тек содан кейін қыздырылған металл анод цехына жіберіледі, онда ол үлкен пластиналарға құйылады. Әр пластина қалыңдығы, пішіні мен салмағы бойынша мұқият тексеріледі, себебі осы факторлар соңғы өнімнің сапасына әсер етеді.

Пластиналар қатайған соң электролиз цехына жіберіледі, мұнда мыс соңғы тазарту кезеңінен өтеді. Электролит астауларында электр тогының әсерінен мыс катодтық металлға айналады, оның тазалығы шамамен 99,99%.

Анод цехында барлығы маңызды: балқыма температурасы, құю дәлдігі, әр пластинаның қалыңдығы мен салмағы. Бұлар – кейінгі процестердің тұрақтылығы мен соңғы металдың сапасы үшін шешуші мәнге ие.

Бұл жылтыр пластиналар — бүкіл өндіріс тізбегінің соңғы өнімі. Бір пластина шамамен 65 кг-ға жуық.

Халықаралық сападағы мыс

Жезқазғанда өндірілген катодтық мыс бүкіл әлемде бағаланады. Оны кабель құрастыруда, электр техникасында, электроникада, құрылыс саласында және ғарыш технологияларында да пайдаланады.

Металлдың жоғары тазалығы — заманауи технологиялар, тәжірибелі мамандардың және жоғары сапа бақылауының нәтижесі.

Осылайша, әрбір катодтық пластинаның артында – мыңдаған адам, жүздеген шақырым жерасты желілері, алып самосвалдар мен диірмендер, үздіксіз жұмыс істейтін конвейерлер мен цехтар тұрады.

Мыстың жолы – бұл тек өндірістік процесс емес. Бұл — ондаған жылдар бойы индустриялық жүрек болып келе жатқан бүкіл бір аймақтың өмірі.