Өмірін қазақ сахнасы мен киносына арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті актёр Айдос Жұмаділдәұлы Бектемір шеберлік шыңына қалай көтерілгеніне зер салсақ, сахнаның өзегіндегі асау рух, сырлы сөз, шынайы бейнелердің қалай туғанын тереңірек ұғынамыз.
Айдос он жеті жасында республикалық эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, көркемсөз әртісі мамандығы бойынша білім алып, 1969 жылы оқуын ойдағыдай аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын «Қазақконцерт» бірлестігінде бастаған ол 1970–1972 жылдары Орталық Азия әскери округінің ансамблінде, 1972–1973 жылдары республикалық эстрадалық «Гүлдер» ансамблінде қызмет атқарады. Алайда жас жігіт жүрегінің түкпіріндегі қалауы театр болатын. Мәскеудің атақты М.С.Щепкин атындағы жоғары театр училищесіне оқуға түсіп, кәсіби білім алған талант иесі 1978 жылы туған еліне білікті маман ретінде оралады. Шығармашылық жолын Торғай облыстық музыкалық драма театрында бастайды. Көп ұзамай Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында шығармашылық өрісін кеңейтуге мүмкіндік алған еді.
Ізденімпаздық пен өнерге деген адалдық оның әрбір рөлінен айқын көрініс тапты. Уақыт өте келе А. Бектемір образдың ішкі әлеміне тереңдеп енетін, кейіпкердің жан дүниесін шеберлікпен жеткізе білетін театр сахнасының нағыз шеберіне айналды. Актёр ретінде ұлттық сана мен рухани мұраны сахна арқылы жаңғырта алды. Әсіресе, Ш. Мұртазаның шығармалары негізінде қойылған «Қызыл жебе» мен «Сталинге хат» спектакльдеріндегі Тұрар Рысқұловтың бейнесі ерекше. Осы рөлі арқылы халықтың арман-мұңын, ірі күрескердің азаматтық келбетін айрықша шынайылықпен сомдап шықты. Еңбегі еленіп, 1986 жылы А.Бектемірге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. Кейінгі жылдары Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралында» Орманшы, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» Қабанбай, Абай поэзиясы негізінде қойылған «Қалың елім, қазағымда» Абай, Ә.Әбішевтің «Атыңнан айналайын» драмасында Мәди, «Біздің үйдің жұлдыздарында» Абдолла секілді әртүрлі психологиялық, тарихи рөлдерде де көрермен ықыласына бөленді. Осы тұста актёрдің Абдолла рөлі үшін республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанғанын айта кеткен жөн.
А. Бектемір 2003 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп келеді. Мұнда ол Е.Обаев, Х.Әмір-Темір, Ә.Рахимов, Н.Жақыпбай сынды еліміздің жетекші режиссерлерімен қатар қызмет етіп, қазақ және әлемдік классикадан күрделі рөлдерді жоғары деңгейде сомдады. М.Әуезовтің «Абайында» – Оразбай, «Еңлік – Кебекте» – Кеңгірбай, «Айман – Шолпанда» – Көтібар, «Қилы заманда» – Ақжелке актёрдің терең психологизмге құрылған бейнелеу тәсілін айқын көрсеткен рөлдері қатарынан. Сөз құдіретін сезінетін, ұлттық топырағы мықты актёр «Қобыландыда» Тоқтарбай (реж. Н.Жақыпбай) кейіпкерінің қайшылыққа толы, күрделі жан дүниесін аша білді. Сахна шеберінің ұлттық классикада Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Қарабай (реж. Қ.Сүгірбеков), Ш.Айтматовтың «Ана – Жер анасында» Сыбанқұл (реж. Ә.Мәмбетов), Д.Исабековтың «Жаужүрегінде» Паң Нұрмағамбет (реж.Е.Обаев), Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түнінде» көрші (реж. Н.Жақыпбай); әлемдік классикадан Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Штейниц (реж. Р.Андриасян), Н.В.Гогольдің «Үйленуінде» Яичница (реж. В.Захаров), Т.Муродтың «Ат жылаған түнінде» Зиябек (реж. О. Салимов), У. Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Граф (реж. О.Салимов), т.б. үлкенді-кішілі кейіпкерді шынайы бейнеледі.
Негізінен сахнаның сырын игеру, өзге адамның қуанышты-қайғылы күйін кешу, кейіпкер аузымен күллі адамзат пен өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның көкейкесті мәселелерін көрермен залындағы жүздеген, мыңдаған адаммен тең бөлісу, шынайы жеткізу әртістік жолды таңдаған адамға оңай алынар қамал емес. Сонымен қатар
театр сыншыларының көңілінен шығып, олардың мақалаларынан орын алу да үлкен еңбектің нәтижесі. Мәселен, сахнагердің Кеңгірбай бейнесі хақында театртанушы Зухра Исламбаева өзінің «Еңлік – Кебек» спектаклінің тәуелсіздіктен кейінгі режиссурасы» деп аталатын мақаласында былай дейді: «Осы көріністе елінің тыныштығын ойлады ма, жоқ әлде сана түкпірінің қуысында арам ойдың сызы жатты ма, Кеңгірбай – Айдос Бектемір мимикасымен-ақ қарсыластарына келіскен сыңай танытты. Актёр алғаш иі жұмсақ, жанашыр болып көрінгенімен, Еспенбетке қарсы шыға алмайтын кейіпкерінің психологиясын айқын меңгерген. Ол не істерін білмей үстіне кіргендерге (Абыз, Жәуетай) теріс қабақ танытып, мазасызданады. Негізінен халқымызда сөзі терең, ісі жауапты саясаткер билер аз болмаған. Пьесадағы осындай ірі типтік тұлғаны А.Бектемір шынайылықпен халыққа таныстырып өтті». Сыншының актёрдің ойынына берген осы пікірін әділ әрі кәсіби баға деп білеміз.
Ұлттық кино өнерінің дамуына да үлкен үлес қосып келе жатқан жаны сергек, ойы терең суреткер «Сібір», «Провинциалды роман», «Шоқан Уәлиханов», «Біржан сал», «Ағайындылар», «Цукцванк», «Мың бала», «Алдар көсе», «Құнанбай», т.б. фильмде жарқын бейнелер жасады. Тағы бір атап айтарлығы, А. Бектемір – Голливуд түсірген әлем жұртшылығына барынша танымал «Марко Поло» телесериалына кастингтен өтіп, ойнаған алғашқы қазақ актёрі. Белгілі өнер қайраткері сонымен қатар «Мосфильм» киностудиясы түсірген «Тобыл» тарихи фильмінде жоңғар ханы Дондопты, «Монғол» киностудиясы түсіріп, Канн, Ольденбург, Сан-Диего халықаралық кинофестивальдерінде «Үздік көркем фильм» атанған «Хийморь» туындысында қазақ ақсақалы бейнелерін шебер сомдады. Ал кейінгі он жылдың көлемінде отандық телеарналар түсірген «Ағайындылар», «Қанатсыз құстар», «Мәдениет үйі», «Мезгілсіз махаббат», т.б. телехикаядағы рөлдерімен көрермен ықыласына бөленді.
2016 жылы «Құнанбай» фильміндегі Барақ рөлі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Айдос Жұмаділдәұлы Құнанбаймен текетірес, бірақ қиын-қыстау кезеңде оны Итжеккеннің айдауынан аман алып қалатын Барақтың кейпіне енді. Ел ішінде екі алып бір-бірімен жаға жыртысса да, жатқа, жамандыққа бауырын қимайтын халықпыз. Бұл – тектілігіміздің белгісі, сондықтан көрермен қауымға, әсіресе, жастарға берері мол, тәрбиелік мәні зор кинокартинаның көпшіліктің көңіл төрінен орын алатынына сенемін» деді актёр. Бұл жайында фильмнің режиссёрі Досхан Жолжақсыновпен сұхбаттасып, Барақ сұлтан рөліне Айдос Бектемірді таңдауының себебін сұраған болатынбыз. Режиссёр: «Барақ сұлтанды, баяғы патша үкіметін еске алсақ, сол кезеңнің өзінде Жетісуды патша үкіметінің дәргейіне өткіземіз деп жол бойы келе жатқан кезде Барақ сұлтан солардың ішінде екен. Қамыстың ішіне енсе, Алакөлдің маңайын қараса су басып кеткен екен. «Өте алмайтын болдық, кері қайтыңыздар» деп басқарып келе жатқан адам айтса, жаңағы кірген жолында үлкен диірменнің тасы жатыр дейді. «Жаңа кіргенде жоқ еді ғой» десе, Барақ өзінің күшін көрсету үшін әлгі жерде жатқан үлкен диірменнің тасын көтеріп жолдың үстіне қойған екен. Сонда бұлардың ішінде болған баяғы поляктің революционері Янушкевич былай деп жазыпты: «Барақты көр де, Гераклді көр». Осы сөздің астарында қаншалықты ірілік жатыр. Міне, сол тұлғасына қарап Айдосты таңдадым. Екіншіден, жақсы актёр, осыған дейін әкемтеатрында және жастар театрында жүріп қаншама рөл сомдады, тәжірибелі, адами тұрғысынан айтқанда ақыл тоқтатқан азамат, келбетінде тұлғалық сипат бар. Актёрлердің ішінде бет-әлпетін өзгертіп, айқайлап жыласа, соны актёрлікке балайтындар бар. Ал режиссёрлердің көбі актёрмен жұмыс істеуге келгенде оларға актёрлік сараптама жасап, талғам таразысына салуы кемшін тартып жатады. Бұл жағдайда маған актёрді түсіну қиынға соқпады. Айдос осының бәрін түсініп, қимыл-әрекетіне жан бітіріп, ойынан қосып орындайды. Мұндай актёрлермен жұмыс істеу өте жеңіл. Содан кейін актёрдің адами жауапкершілігі, ұқыптылығы, сөздің қасиетін білетіндігі керек. Айдос сценарийдегі сөзді тек түсірілім барысында жаттап, одан кейін ұмытып қалатын актёрлердің қатарынан емес. Ол керісінше, сөздің бәріне мән беріп, парқына жетуге тырысады. Фильмде Құнанбайды айдауға алып кеткенін естіген Барақ етігімен су кешеді. Сол тұсында Айдос әкесінің саптама етігін киген. Осының барлығы актёрдің өзі ойнайтын рөліне қосатын үлкен үлесі. Өнер деген ағып жатқан су секілді, актёр адам кино мен театр сахнасында ойнамай жүргеннің өзінде ол бүкіл қиялымен кейде көргені мен оқығанын іштей тоқып, солардың бәрінен бір актёрлік қимыл-әрекет пен ойдың төркінін іздеп тұрады. Әйтпесе актёр қалыпқа түсіп қалады. Бұл кинода да, театрда да өте қауіпті дүние. Сондықтан Айдостың әлі келешегі бар, талай рөлді сомдайды деп ойлаймын» деп жауап берді.
«Талант барлық жағынан талант» деген ұғым бар. Осы бір мәтел Айдос Жұмаділдәұлына да арналып айтылғандай. Яғни ол тек сахнагер ғана емес, талантты режиссёр де. Оның І.Жансүгіровтің «Күйші», С.Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы», Т.Драйзердің «Аяулы Керри», Ш.Сариевтің «Мұңым менің», М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!», т.б. қойылымы түрлі театрларда сахналанып, көрермен мен сыншылар тарапынан жоғары бағасын алды.
Айдос Жұмаділдәұлы – өзінің адами болмысымен де өзінен кейінгі жас өнерпаздарға үлгі. Өнердегі ғана емес, өмірдегі серігі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жібек Бектемірмен бірге театр мен отбасы құндылықтарын қатар ұстап, ұрпақ тәрбиелеп, өнегелі ғұмыр кешіп келеді. Ол – қазақ сахнасының саңлағы, киноның кемел актёрі, ұлттық мәдениеттің шын мәніндегі ірі тұлғасы. Оның әрбір рөлі – көрермен санасында мәңгі қалатын бейне, ал шығармашылық жолы – жас актёрлерге өнеге боларлық тағылым.
Ақерке САДУ,
театртанушы