2025 жылғы 21 тамыздағы Ұлттық статистика бюросы басшысының бұйрығымен көлеңкелі экономиканы бағалау әдістемесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, көлеңкелі экономика (көлеңкелі айналым) салық төлеушінің табысы мен орташа салалық табыстың айырмасы ретінде, салық төлеу деңгейін ескере отырып, субъектілік пен аудандық бөліністе есептеледі.

Есептеуден мынадай салық төлеушілер алынып тасталады:

  • салықтық түсімдері теріс мәнге ие;
  • салық органы коды, өлшемділігі мен қызмет түрі бойынша деректер жоқ;
  • Қаржы министрлігі бекітетін тізімге сәйкес мониторингке жататындар;
  • салық заңнамасына сәйкес салықтық жеңілдіктер пайдаланғандар;
  • бюджетке түскен салық түсімдерінің табысқа қатынасы 50%-дан асатындар;
  • қызмет түрі, өлшемділік пен аудан бөлінісінде табысы 5 есе және одан да көп жоғары болғандар.

Есептеу дереккөздері – Ұлттық статистика бюросы ұсынатын бейресми сектор (үй шаруашылықтары) деректері:

  • Ауыл, орман және балық шаруашылығы – үй шаруашылықтарының өз қажеттілігі үшін, сату немесе айырбасқа арналған ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтар тіркелмейді, себебі өндіріс көлемі шағын және кәсіпорын ретінде тіркеуге жеткіліксіз. Дереккөз – ауыл шаруашылығы саласындағы іріктемелі статистикалық байқаулар.
  • Өңдеу өнеркәсібі – үй шаруашылықтарының өз қажеттілігі үшін, сату немесе айырбасқа өндірген өнім көлемі. Дереккөз – үй шаруашылықтарын зерттеу деректері.
  • Құрылыс – үй иелері салған саяжай үйлері, қора-қопсы, гараждар және басқа да нысандардың құрылысы. Дереккөз – үй шаруашылықтарын зерттеу деректері.
  • Көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – үй шаруашылықтарының сатқан тауарлары мен көрсеткен қызметтері көлемі. Саудада – сауда үстемесі, ал автокөлікті жөндеу мен жууда – үй шаруашылықтарының табысы есепке алынады. Дереккөз – үй шаруашылықтарын зерттеу деректері.
  • Импорттық тауарлар – жеке тұлғалардың коммерциялық мақсатта алып келіп қайта сататын тауарлары. Бағалау Ұлттық банк деректеріне, қазақстандықтардың шекаралас елдерге (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай) сапар жиілігі мен бір сапарға әкелінетін орташа тауар көлеміне негізделеді.
  • Көлік – жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудан түскен табыс. Дереккөз – үй шаруашылықтарын зерттеу деректері.

Қосымша есептеулер жеке қызмет түрлері бойынша жүргізіледі:

  • Жылжымайтын мүлікпен операциялар – пәтерлерді, тұрғын емес ғимараттарды, автотұрақтарды бейресми жалға беруден түскен табыс (тұрғындардың өз үйінде тұруы есепке алынбайды).

Пәтерлер мен жеке тұрғын үйлерді жалға беруден түскен табыс тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі мен тұрғын үй бағасы статистикасына сүйене отырып бағаланады.

-Егер жеке тұлға 5 және одан да көп пәтерге иелік етсе, алғашқы екеуі өзіне не туыстарына қолданылады деп есептеледі, ал 3-ші пәтерден бастап – бейресми жалға беріледі. Бағаланған табыстың 67%-ы көлеңкелі экономикаға жатқызылады.

Қалалық жерлердегі жеке тұрғын үйлердің шамамен 5%-ы бейресми жалға беріледі деп болжанады.

Коммерциялық үй-жайлар мен автотұрақтардың 10%-ы бейресми жалға беріледі деп есептеледі. Ресми тіркелген жалдау жағдайлары есепке алынбайды.

  • Басқа жеке қызметтер – үй шаруашылықтарының киім тігу, аяқ киім жасау және жөндеу, тұрмыстық техниканы жөндеу, шаштараз және сұлулық салондарындағы қызметтерден түскен табысы. Дереккөз – үй шаруашылықтарын зерттеу.
  • Үй қызметкерлерін жалдау және жеке көмекші қызметтері – үй шаруашылықтарының күтуші, аспаз, жүргізуші, бақташы сияқты қызметтерден түсетін табысы. Дереккөз – үй шаруашылықтарын зерттеу.
  • Білім беру саласы – репетиторлық пен қосымша білім беру қызметтеріне қосымша есептеулер.

Бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.