Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестиция тартудың аса маңызды екенін атап өткен еді. Президент «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасын алға тартып, әлемдік деңгейде капитал үшін бәсеке күшейіп тұрғанын, мұндай жағдайда Қазақстан батыл әрі жедел шешімдер қабылдауға тиіс екенін қадап айтты. Содан бері қандай нәтижеге жеттік?
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, 2025 жылғы қаңтар-шілдеде сауда көлемі 8,6%-ға, инвестиция көлемі әдепкі 6 айда 37%-ға өсіп, 438 млрд теңгеге көтерілген.
«Сауда саласында 800 мыңнан астам бизнес субъектісі 1,5 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр» дейді министр. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб ірі жобалардың іске асуына кедергі болатын бюрократиялық әрі жүйелік тосқауылдарды жоюда маңызды рөл атқарады. «Қағазбастылықты» азайту, жұмысты жеңілдету, уақытты үнемдеу тұрғысынан инвесторларға нақты қолдау көрсетіледі.
«Мемлекет басшысы Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты негізінде жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб мәселесін көтерді. Бұл штаб 70 млрд долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау жасап келеді. Бұдан бөлек, заңнамаға инвесторлардың мәселесін кешенді түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болған екен», дейді сарапшы.
Осы уақыт ішінде Штаб аясында бірқатар түйткіл шешімін тапты. Мәселен, жалпы құны 50 млрд доллардан асатын жобалар бойынша 115 түрлі мәселе реттелген. Нәтижесінде, құны 2,3 млрд доллар болатын 6 ірі инвестициялық жобаға келісім жасалған. Инвестиция тарту ісіндегі тағы бір маңызды жаңалық – Ұлттық цифрлық платформаның іске қосылуы. Бұл жүйе инвесторлардың жобаларын қадағалап, олардың мәселесін дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Бұрын мұндай үдерістер айлап, тіпті жылдап шешілсе, енді цифрлық бақылаудың арқасында инвестордың өтініші мен мәселесі жедел қаралады.
2024 жылдың 9 айында елімізге 12,7 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция келді. БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының деректеріне қарағанда, өткен жылы 15,7 млрд доллар инвестиция тартып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 88%-ға көп нәтижеге жеткен. Солтүстік және Орталық Азия елдеріне келген инвестицияның үштен екісінен астамы бізге тиесілі болған. Алдағы жоспар да ауқымды. 2025 жылы бізге 25 млрд доллар тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл үшін өңірлерде арнайы бағдарламалар қабылданып, шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс күшейтілді. Инвесторларға уақыт жоғалтпай мемлекеттік қызмет алуына жағдай жасайтын «Fast Track» немесе «жасыл дәліз» жүйесі іске қосылған. Қазірдің өзінде осы жүйе арқылы 134 шетелдік инвестор жедел қызметке қол жеткізді.
«Инвесторлар елімізде біраз ірі жобаларды іске асырып жатыр. Мысалы, «Alstom» компаниясы елімізде сервистік орталықтар салып, 2028 жылдан бастап локомотивтердің жаңа буынын шығаруды жоспарлап отыр. «Wabtec» компаниясы балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 млн доллар инвестиция құйды. «Stadler Rail» кәсіпорны өндірістік қуаты жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды. Осы жобаларға қарап-ақ инвесторлардың тілін табу, оларға кешенді жағдай жасау, құқықтық қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін көреміз», деп түсіндірді экономист.
Сарапшы айтқандай, шынында, ірі жобалардың алғашқы нәтижесі де бар. Мәселен, құны 450 млн доллар болатын «Жетісу Вольфрамы» зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Бұдан бөлек, «Carlsberg» зауыты, «WAN SHENG CERAMIC» керамика өндірісі, Қостанайдағы «SKODA» мен «HONGQI» автокөлік зауыттары, Алматы облысындағы 160 млн долларлық «PepsiCo» жобасы іске қосылып, өнеркәсіп әлеуетін арттырып жатыр.
«Ұлттық қордың биылғы 6 айдағы нәтижесі мұнайға қарағанда инвестицияның табысы әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Инвестициялық кіріс 4,7 млрд долларды құраса, мұнайдан түскен пайда 2,7 млрд доллар болды. Бұл болашақта мұнай қоры сарқылған жағдайда да Ұлттық қорды дұрыс басқарылған инвестиция қамтамасыз ете алатынын аңғартады. Сыртқы нарықтардағы құбылмалы ахуалға қарамастан, Ұлттық банктің сауатты таңдалған инвестициялық стратегиясы нәтиже беріп отыр. Акциялардан 1,9 млрд доллар түсті. Әсіресе жасанды интеллектіге байланысты технологиялық компаниялардың құны айтарлықтай артқан. Дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларынан – 1 млрд доллар, алтыннан – 800 млн доллар, дамушы нарықтардағы инвестициялардан – 600 млн доллар, корпоративтік облигациялардан 400 млн доллар пайда түсті. Осы уақыт ішінде қордан бюджетке трансферт ретінде 5,9 млрд доллар бөлінді. Ал кіріс 7,4 млрд доллар болғандықтан, таза өсім 1,5 млрд долларды құрады. Нәтижесінде, Ұлттық қор активтері қазір 60,3 млрд долларға жетіп отыр», дейді ол.
2025 жылдың алғашқы жартысында агроөнеркәсіпке 616,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 442,7 млрд теңге – ауыл және балық шаруашылығына, 104,2 млрд теңге – азық-түлік өндірісіне, 69,7 млрд теңге сусын өндірісіне бағытталды.
«2025 жылы салаға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат өндірістік қуатты арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін көтеруге бағытталады», дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Экономикалық өсімнің жалпы қарқыны да оң нәтиже беріп отыр. Алғашқы жарты жылдықта ішкі жалпы өнім 6,3%-ға өссе, нақты сектордағы өсім 8,3%-ды құрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіштер ел экономикасының қайта қарқын алғанын аңғартады.