Былтыр кіру декларациясын тапсырғандар биыл бұл істі жалғастыруға міндетті ме?

Былтыр кіру декларациясын тапсырғандар биыл бұл істі жалғастыруға міндетті ме?

2025 жылғы 14 қыркүйекте бүкілхалықтық декларациялауға енгізілген түзетулер күшіне енеді.

Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойған "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" №208-VIII ҚРЗ жаңа заңы 2025 жылғы 16 шiлдеде ресми жарияланды.

Дегенмен, жауапты ұйымдар дайындалып үлгеруі, ал, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі үшін 60 күндік өтпелі кезең белгіленді. Сонымен, бұл жаңа заң осы салаға қандай жаңашылдықтар әкелді? Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (форма 250.00) және Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (форма 270.00) кімдер толтыруға тиіс?

Осы және басқасы жайында Мемкірістер комитетінің жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Гүлден Хасенова айтып берді.

Заңға сәйкес, жаппай декларациялаудың І, ІІ және ІІІ-кезеңдеріне кірмеген халықтың қалған санаттарын 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, міндетті декларациялаудан босату туралы шешім қабылданды. Бұларға:

  • Зейнеткерлер,
  • Жеке құрылымдардың жұмыскерлері,
  • Жеке кәсіпкерлер,
  • Студенттер,
  • Үйбикелері және басқалары жатады.

Алайда егер осы аталған санаттағы адамдардың шетелде жылжымайтын мүлкі, активтері, автомобильдері және басқа елдерде орналасқан өзге де дүние-мүлкі және есепшот-депозиті болса, онда бұлар бәрібір декларация ұсынуға міндетті.

Сондай-ақ, Үкімет пен депутаттар РФ және басқа елдердің азаматтығын алғанымен, Қазақстанда әрі қарай тұрып жатқан экс-қазақстандықтарды да активтерін, табысы мен шығысын мемлекетке жариялау міндетінен босатты.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны кімдер тапсырады?

Мемлекеттік кірістер ведомствосының түсіндіруінше, 2025 жылы Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нысан) келесі санаттар ұсынуға міндетті:

1. Сайланбалы лауазымдарға және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар мен олардың жұбайлары;

2. Банктің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушылары мен олардың резидент жұбайлары;

3. Жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар);

4. Биткоин, альткоин, мемкоин және басқа цифрлық активтері бар қазақстандықтар;

2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шетелде мүлкі, соның ішінде:

  • шетелдік банктердегі шоттарда, шетелдік брокерлік шоттарда жалпы жиынтығы 1 000 АЕК-тен (2024 жылы – 3 692 000 теңгеден) асатын ақша қаражаты,
  • жылжымайтын мүлкі (пәтер, үй, вилла, тағы басқасы), жері,
  • көлік құралдары,
  • зияткерлік меншік нысаны,
  • авторлық құқық объектілері,
  • шетелдік компанияларда қатысу үлесі, бағалы қағаздары,
  • инвестициялық алтыны,
  • тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі,
  • құны бірлігіне 1 000 АЕК-тен асатын өзге қымбат мүлкі (еркіне қарай),
  • басқа тұлғалар алдында дебиторлық, кредиторлық қарызы бар Қазақстан азаматтары мен резиденттері тапсырады.

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны кімдер тапсыруға тиіс?

270.00 нысаны бойынша Кірістер мен мүлік туралы декларацияны 2025 жылы ұсынады:

1) мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары;

2) заңды тұлғалардың басшылары мен олардың резидент жұбайлары;

3) коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын қоспағанда, жарғылық капиталдағы үлестің немесе акционерлік қоғам акцияларының 10%-дан астам үлесін иеленетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент жұбайлары;

4) банктің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының инвестициялық портфельді басқаратын ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент жұбайлары;

5) жеке практикамен айналысатын адамдар;

6) Жеке кәсіпкерлік (ИП) қызметтен түсетін кірістерді қоспағанда, есепті салық кезеңде жеке тұлғаның өз бетінше салық төлеуіне жататын табыс тапқан (мысалы, баспананы, мүлікті жалға берген; шетелдегі банктік депозитінен сыйақы алған; цифрлық активтермен байланысты операциялардан кіріс көрген) тұлғалар;

7) Қазақстанның шегінен тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарында жиынтығында 1 000 АЕК-тен асатын сомада ақшасы бар тұлғалар;

8) шетелде мүлкі – жылжымайтын мүлкі, көлігі, бағалы қағаздары, инвестициялық алтыны, шетелдік компаниядағы үлесі, тұрғын үйдегі үлескерлік қатысу үлесі және басқасы бар тұлғалар;

9) меншігінде цифрлық активтері бар тұлғалар;

10) жыл ішінде Қазақстанда немесе одан тыс жерлерде жалпы құны 20 000 АЕК-тен (2025 жылы – 78 640 000 теңгеден) асатын қымбат мүлікті, соның ішінде: жылжымайтын мүлікті, механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесін, бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын, тұрғын үйге қатысу үлестерін, инвестициялық алтынды және өзгесін сатып алған тұлғалар;

11) салық агентіне (бухгалтериясына) салық шегерімдерін қолдану туралы өтініш берген тұлғалар тапсырады.

Мемкірістер комитетінің өкілі Гүлден Хасенова жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Егер Қазақстан тұрғыны, соның ішінде фрилансер, блогер және басқасы шетелде табыс тапса, шетелдік компаниядан немесе азаматтан ақша алса, оны қалай көрсетеді?

"270-ші нысанда Қазақстан аумағынан тыс жерде табылған табыстарды көрсетуге болатын бағана қарастырылған. Егер фрилансер немесе басқасы ол табысынан сол елде салық төлесе, бұл соманы есепке жатқызуға болады. Сонда Қазақстанда оған салық есептелмейді", – деп сендірді Хасенова.

Сыйға тарту (дарение) шартымен берілген немесе мұраға алынған жылжымайтын мүлікті декларацияда көрсету қажет пе?

"Қазақстанда орналасқан болса, онда жылжымайтын мүліктің құнына қарау керек, егер бағасы 20 000 АЕК-тен асса, оны көрсетуге тиіссіз. Одан төмен болса, қажет емес. Ал, шетелде орналасқан мүлік бағасына қарамастан, міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ, жемқорлықпен күрес аясында мемлекеттік қызметшілер өзіне сыйға берілген немесе мұраға алған және басқа жылжымайтын мүлікті оның құнына қарамастан көрсетуге міндетті", – деді Мемкірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы.

Жаңа заң мен өзгерістер күшіне енгенге дейін декларация тапсырып келген, бірақ енді босатылған санатқа кірген азаматтарға 270 нысанында декларация тапсыруды жалғастыру қажет пе?

"Егер оларда ешқандай өзгеріс болмаса, онда декларация тапсыру керек емес", – деді Хасенова.

ІІІ-кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, жеке кәсіпкерлер (ИП) де декларация тапсыра бастады. Алайда биыл заң өзгеріп кетті. Ендеше былтыр 250 нысанын ұсынған дара кәсіпкерлерге 2025 жылы 270 нысанын тапсыру қажет пе?

"Егер жеке кәсіпкердің шетелде активі, Қазақстаннан тыс жерде шоты және цифрлық активтері болмаса, онда оған 2025 жылы 270 формасында декларация тапсыру қажет емес. Өткен жылы жеке кәсіпкерлер 250 нысанын ұсынды. Енді ондай міндет жоқ", – деді Мемкірістер комитеті басқармасының өкілі.

Қазіргі кезде қазақстандықтардың көбі ұялы қосымшалар, соның ішінде банктік қосымша арқылы бағалы қағаздар сатып алады немесе сатады. Нәтижесінде, бір жыл ішінде мыңдаған әртүрлі акцияны сатып алып, сатуы мүмкін. Оның бәрін декларант декларацияда егжей-тегжейлі жазып отыруы қажет пе?

Мемкірістер органының бас сарапшысының түсіндіруінше, егер бағалы қағаздар әртүрлі болса, онда мыңдаған акцияның әрқайсысын жеке-жеке көрсету керек болады. Өйткені олардың құны әрқилы, тиісінше табысы да әрбасқа болып келеді. Дегенмен, бір эмитенттің құнды қағаздары бағасы бойынша бірдей болса, оларды біріктіруге рұқсат етіледі.

Егер цифрлық активтер шетелдік валютада сатып алынған болса, декларацияда қай елді жазу керек?

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, кез келген елді көрсетуге болады. Себебі, келесі жылы декларациялардың формалары өзгереді, сонда елдің кодын жазу талабы алып тасталады. Сондықтан биыл кез келген елдің кодын белгілей салуға жол беріледі.

Айта кетер жайт, "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" заңына сәйкес, цифрлық активке – цифрлық код беріліп, оның ішінде криптография және компьютерлік есептеу құралдары қолданыла отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, есеп айырысу ақша бірлігі, заңды төлем құралы болып табылмайтын, деректердің таратылған платформасы технологиясының негізінде тіркелген және ақпараттың өзгермейтіндігімен қамтамасыз етілген мүлік жатады.

Басқаша айтқанда, бұған криптовалюталар (мәселен, биткоиндар), стейблкоиндар (олар нақты активтермен қамтамасыз етілген), ауыстырылмайтын токендер (NFT) және басқасы кіреді.