Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Онда көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын дамыту жөнінде берген тапсырмаларының жүзеге асу барысы туралы баяндады. Магистралдық теміржол желісі — теміржол саласының негізгі активі екеніне тоқталған ол саладағы иахуалды негізгі үш құрам: теміржол желісі, локомотивтер және вагондар бойынша түсіндіріп берді. Министрдің айтуынша, еліміздегі теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың км. Тозу деңгейі 57 пайызды құрайды. Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Инфрақұрылым мүмкіндіктері толық шегінде жұмыс істеп тұр.
Осы проблемаларды шеші үшін тасымалдардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру мақсатында 2029 жылға дейін 5 мың км жаңа жол құрылысы мен модернизация өткізілуде. Сонымен қатар, 11 мың км жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі кезде 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар — "Достық — Мойынты", "Дарбаза — Мақтаарал", "Мойынты — Қызылжар" "Бақты — Аягөз" учаскелері және "Алматы айналма теміржолы". Биыл мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталмақ. Олар "Достық — Мойынты" учаскесі және "Алматы айналма теміржолы". Келесі жылы "Мойынты — Қызылжар" және "Дарбаза — Мақтаарал" жаңа теміржолдары іске қосылмақ. Сонымен бірге, биылдан бастап 3 мың шақырымдық теміржол учаскелерінде кең ауқымды жаңғыртулар басталды.
Бұл жұмыстарды жаңа жолдарды салумен бірдей дәрежеде қарастыруға болады. Мысалы, "Қызылжар — Сексеуіл" учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25 пойызға дейін, ал "Қандыағаш — Тобыл" 7-ден 25-ке дейін артпақ. Бүгінгі күнде аталған жобалар Қазақстанның теміржол негізін толығымен қалыптастырады деп айтуға болады", — деді Нұрлан Сауранбаев.
Өз баяндамасында ол мемлекетаралық түйісу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтты. Соңғы жылдары, Ресей мен Өзбекстан бағыттарында өткізу қабілетін арттыру мәселесі толығымен шешілгенін атап өтті. Мысалы, Сарыағаш түйіспесінде бұл көрсеткіш 24 пойыздан 35 пойызға дейін жеткізілді. Шілдеден бастап Қытай бағыты бойынша "Достық — Мойынты" желісінде қосымша пойыздар жүрісі басталды. Осылайша, теміржол түйісу пункттерінің мәселесі шешімін тапты. "Қазақстан Темір Жолы" еліміздегі бизнес өкілдерінің экспорт пен импортқа деген сұранысын толығымен қанағаттандыруға міндетті. Болашақта мемлекетаралық түйісу пункттерінің өткізу қабілетін 296 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Келесі теміржол құрамы — локомотивтер. Бүгінгі таңда локомотивтер паркі 1,9 мың бірлікті құрайды. Жаңарту бағдарламасына сәйкес, 2029 жылға дейін барлығы 456 локомотив сатып алу жоспарлануда. Локомотивтерді жеткізушілер — қазақстандық "Электровоз құрастыру зауыты", "Локомотив құрастыру зауыты" және Қытайдың CRRC компаниясы. АҚШ-тың Wabtec компаниясының деректері бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда қолданыстағы жүрген локомотивтер заманауи және тиімді техникалар, олар болашақтың тасымал талаптарына толық сәйкес келеді.
Үшінші құрам — вагондар. Қазақстанда 300-ден астам теміржол операторы жұмыс істейді. Олардың қол астында 142 мың жүк вагоны бар. Бұл қазіргі жүк тасымалының қажеттілігін толық қамтиды. Оның ішіндегі "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының үлесі — 41%, әрі бұл вагондар әлеуметтік маңызы бар бағыттарда белсенді қолданылады. 2029 жылға дейін жүк операторлары тарапынан 7 мыңнан астам жаңа вагондар сатып алынады. Бұл жүк тасымалының өсіп келе жатқан әлеуетін сақтап, дамытуға мүмкіндік береді", — деді ол.
Көлік министрі Үкімет отырысында еліміздің транзиттік потенциалына ерекше тоқталып өтіп, Қазақстан халықаралық сауда бағыттарында орналасқанын айтты. Біздің ел арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Қазақстан бүгінгі күнде халықаралық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нақты бекітті. Соңғы 10 жылда транзит көлемі екі есеге өсіп, 2024 жылы 27,4 млн тоннаға жетті.
Теміржол саласында жасалып жатқан жұмыстарды ескерсек, биыл транзит көлемі 33 млн тоннаға жетпек. Ал келесі жылы 54 миллионнан асуы керек. 2029 жылдың соңына дейін транзиттік тасымал көлемін 67 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, 2035 жылға қарай транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға дейін жетеді. Алдағы уақыттағы басты мақсаттың бірі — бұл көрсеткішке ертерек қол жеткізу.
Еліміздің транзиттік потенциалын көтеру және тарифтік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жоспарлы жұмыстар өткізіліп жатыр. Бүгінгі күнде, 7 терминал жұмыс істеп жатыр. Ол — Ляньюньган, Сиань, Достық, Хоргос, Құрық, Ақтау және Алматы. Жақында 2 терминал ашылады: Селятино және Свислочь. Болашақта тағы да 5 терминалды дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, "Шығыс — Батыс" бағытында қазақстандық терминалдар желісі құрылады.
Негізі біз бүкіл әлемге транзиттік өнімді ұсынып отырмыз. Ол өнімнің 3 құрамы бар: өткізу мерзімі, тариф және сервис. ТХКБ бағытында өткізу мерзімі 53 күннен 17 күнге дейін қысқарды. Соңғы 3 жылда тарифтер тұрақты және 2023 жылдан бастап өзгеріссіз қалуда. Сервисті жақсарту мақсатында цифрлық технологиялар енгізілуде. Рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды және пойыздар қозғалысын онлайн түрде көріп, "кедергісіз" транзит қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта, ТХКБ бағытын дамыту үшін Үкіметаралық келісім шартын дайындау бойынша жұмыс басталды", — деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша, аталған бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қабылданып жатқан шаралар еліміздің сенімді көлік каркасын қалыптастырады, отандық бизнестің экспорт-импорт мүмкіндіктерін арттырып, транзиттік потенциалды көтереді және экономикаға мультипликативтік әсерін тигізеді.