Шешендік – қызыл сөзді сапырған қыздырма желік емес. Мақсұты – ақиқатты тану. Ал қазіргі қазақ қоғамындағы сөздің қуаты қандай, шешендік шеберлік қай деңгейде? Осы сауалдың жауабын Астана әкімдігі өткізген «Сөзмерген-2025» байқауында тапқандай болдық.

Әдет­те мұндай байқау­лар­да қатысушыларға «өзін-өзі өлеңдетіп таныс­тыру» секіл­­ді жадағай-жаттанды шарт бола-тұғын. Бүгінгі ұйым­­дас­тырушылар ә де­ген­нен ділмәр­ларды қияға тіреп, қисы­нын тауып шығу­ды міндет етіп отыр. Ке­лесі іріктеуде жаһандағы жаңа­лықтарға үн қосып, қоғам­дағы құбылыстар хақын­да шешіле сөйлеу керек һәм шешімін ұсынуға тиіс шешендер. Жасанды интеллект, экомәдениет, геосая­си ахуал, рухани трансфор­мация сияқты күрделі та­қырыптардың болары анық. Артынша арқырап тұр­ған қатысушыларға көз сал­дық. Ықылас Ожай, Жанбо­лат Шәкім, Ардаби Мәулет, Қаби­ден Қуанышбай, Бекзат Құлшар сынды кіл ақын, кіл журналист жүйріктер ауыздығын шайнап тұр.

Осындай сайдың тасындай азаматтарға са­йыс ереже­сі қиынға соқ­пай­тындай кө­рін­ді. Алайда Алла аузына сөз салған адам ғана аруағы асып, байқау мәресіне жете­­ді емес пе? Аруағы ас­қан дегенде ойға оралады. Қа­рағайға қарсы біткен бұтақ сыңайлы Қоңтәжінің алдын­да қорықпай сөйле­ген Қазы­бектің мысы қалай басып кетті? Дәл осы сауалды он төрт жас­тағы баланың уәжіне келі­се қойған қалмақтың уәзірлері де қой­са керек. Сонда Қоңтәжі маң­дай­дағы терін жеңімен сүртіп отырып: «Бұл оғлан сөй­ле­генде желкесінен жеті айда­һар ысқырып тұрды» деген екен. Иә, аузына Қызыр тү­кір­­ген ерен ердің осылай мы­сы ба­сым, рухы өктем бол­­мақ. Егер ол ақиқат сөзін айтса, әрине.

Дода барысында осы ойымызды сахнадан шық­қан бір үн жасындай тіліп жіберді: «Біздің ойымызша, әр қазақ баласының сүйгені – Алла, сүйенгені – әді­лет, қорғайтыны – азат­тық, қор­қынышы – надан­дық, ­«ауруы» – Абай болуға тиіс». Ақ сөз. Бұл сөзді айтып тұрған ақын Ықы­лас Ожай еді. Ма­қа­ла­мыз­дың әл­қис­са­­сында айтыл­ған шешен­дік­тің шын сипа­ты дәл осы сөз­дер­ден табылға­ны­на шын қуан­дық. Ал ақын, журналист Бекзат Құлшардың «Бә­рі­нің бірдей ойлан­ғаны – ешкімнің ештеңе ойла­мағаны. Азат ой кей «ақыл­дардың» шең­бе­ріне сыймаса, ол оған кінәлі емес» деген сөзі көңіл үдесінен шы­ғып, көпшілікті «рас-ау» дегіз­ді. Бұл «Ақылға еркін ой керек, Матаудан ойды азат қыл» деген Шәкәрім ғақ­лия­сының ХХІ ғасыр ұр­па­ғындағы сәулесі болды. Әрине, дода кезінде сөзді доп­тай домалатып, ой қақпа­сына дәл кіргізген мергендер үнемі бола бермеді. Онысы заңдылық та. Өйткені сөз – қа­сиетпен бүр жаратын, қабі­летпен шыңдалатын өнер.

Сөйтіп, қабілеті мен қа­­сиеті, бағы мен бабы қа­тар келіскен діл­мар қауым ірік­теле келе, «Сөзмер­ген-2025» бай­қауы­­ның бас жүл­де ие­ге­рі Ықылас Ожай атан­ды және жеңімпазға 300 мың теңге сый­лық беріл­ді. Халық та, қатысу­шы­лар да қазылардың бұл ше­ші­­міне шәк келтірмей, риза­­шылықпен қуанды. Бірінші орын тұғырына Жанболат Шәкім көте­рілді. Оған 200 мың теңге табысталды. Ал екінші орынды Қабиден Қуа­нышбай мен Бағлан Ораза­лы 100 мың теңгемен иеленсе, үшінші орынды Ардаби Мәулет пен Бекзат Құлшар 75 мың теңгемен еншіледі.