Ұлттық инвестициялық жобалардың пулында қазіргі таңда жалпы құны 34,3 триллион теңгені құрайтын 769 жоба тіркелген. Олардың барлығы ойдағыдай іске асқан жағдайда отандық экономика жаңа белеске шығатыны анық.
Дегенмен, жоспарланған жобалардың біразының жүзеге асырылу қарқыны бәсеңдеп тұр. Әзірге портфельдегі жобалардың 9 пайызы ғана іске асырылған. Барлық жобалардың 48 пайызы, яғни 367 жобаға қатысты құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Тағы 310 жобаның құжаттамасы әзірленуде. 26 бизнес жобаға қаржыландыру көзі табылмай жатыр.
Соңғы жылдарда Қазақстанның экономикалық өсімі жылына 5 пайыздан төмендеген жоқ. Бұл әлемдік экономиканың даму қарқынынан екі есе жоғары көрсеткіш. Айта кетерлігі, еліміздің бірқатар аймақтарында инвестициялық белсенділік едәуір артып отыр.
Былтыр елге құйылған инвестициялардың ең көп үлесі Алматыға тиесілі болған екен. 2024 жылы еліміздің ең ірі мегаполисінің экономикасына 5,8 миллиард доллар инвестиция тартылды. Әлбетте, бизнес климат мен іскерлік инфрақұрылымның дамуы, жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың платформалары жөнінен Алматы көш бастап тұр. Шаһар ірі сауда мен қаржылық орталық. Бір ғана Алматының экономикасы Грузия мен Молдова елдерінің экономикасынан да үлкен екен. Сол себепті де инвесторлар үшін аса тартымды.
Инвестицияларды тарту жөнінен бұдан кейінгі орындарға еліміздің батыс аймақтары жайғасты. Әлбетте, шетелден келіп жатқан қаражаттың барлығы дерлік мұнай мен газ саласын дамытуға жұмсалуда. Мәселен, былтыр Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ игеру жобаларына шамамен 1,9 миллиард доллар инвестиция ретінде тартылды. Осы кезеңде Атырау облысына 1,86 млрд доллар, ал Маңғыстау облысының мұнай газ саласына 1,15 млрд доллар көлемінде қаржы құйылды. Өкіншіке қарай еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріндегі инвестициялық белсенділік төмен деңгейде.
Инвестициялық жобалардың саны жөніне аймақтар арасында Астана мен Шымкент алға суырылып шықты. Елордада қазіргі таңда жалпы құны 2,3 трлн теңгеге бағаланған 123 жоба іске асырылып жатса, Шымшаһарда жобалық құны 432 млрд теңгені құрайтын 62 жоба қолға алынды. Сондай-ақ, Жамбыл, Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарының инвестициялық белсенділігі артып отыр. Мұндағы инвестициялық жобалардың саны 46-49 аралығына тұрақтады.
Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының көш соңында алып қойғанын ақтап алуға болатын да шығар. Алайда, эндустриаолық-экономикалық әлеуеті аса жоғаря Қарағанды мен Ақтөбе облыстарының аутсайдерлер қатарына түсіп қалғаны алаңдатады. Бұл өңірлердің әрқайсысында небәрі 24 инвестициялық жоба ұсынылды.
Қазақстанға мол инвестиция әкеліп жатқан елдердің қатарында Қытай, Ресей, Түркия мен Біріккен Араб әмірліктерін атауға болады. Дегенмен, инвестжобаларға ең көп қаржы бөлген тарап – Қазақстан. Дәлірегі отандық кәсіпкерлер. Инвестициялық пулда отандық компаниялардың үлесінің артуы – қазақстандық бизнес қауымдастықтың күшейгенін, позицияларының нығайғанын білдірсе керек. Әйткенмен, сарапшылар Еуропа мен АҚШ инвесторлары үлесінің біршама кемігеніне назар аударады.
Еліміздегі өңірлік индустриалдық даму қарқыны әр өңірде әрқалай. Біркелкілік жоқ. Кейбір аймақтар инвестиция тарту мен өндірісті өрістеті бағытында тамаша көрсеткіштерге жетсе, енді біреулері қалғып-мүлгіп отырғандай. Инвестициялық жобалардың аймақтар бөлінісіндегі әркелкілігі елдің толыққанды индустриалдық дамуына кедергілерді келтіреді. Әрине, бірінші кезекте бұл жергілікті атқарушы органдардың кемшілігі.
Мемлекет басшысы осыған дейін аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу қажет екенін және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екенін атап өткен болатын.
Жалпы мемлекеттік стратегияның өзі бүгінде кәсіпкерлік саласын қолдауға бағытталғанын айту керек. Бұл туралы Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткен болатын. Мемлекет басшысы әлемдегі ушығып тұрған геосаяси ахуалдың салдары ауыр болып жатқанына қарамастан, ұлттық экономика өрлеуі тиістігін атап өтті. Былтыр елге шетелден 28 миллиард доллар тікелей инвестициясы тартылды. Экспорт пен импорт айналымы 136 миллиард долларға жетіп, оның 84 миллиард доллары – еліміздің экспортқа шығарған тауарлары болып табылады. Республиканың халықаралық қор резервтері 100 миллиард доллардан асты. Әлбетте, мұның барлығы ең әуелі елдің жарқын келешегіне сенім ұялатады.
Президент Тоқаев Қазақстанның әлемдік тенденцияларға ілесіп отыруы тиістігіне де назар аударды. Бұл экономика, қоршаған ортаны ұорғау саласындағы заманауи технологиялық шешімдерді қолданысқа енгізу, еңбек тиімділігін арттыруды меңзейді.
«Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек», деп мәлімдеді Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында.
Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 450 миллиард долларға жеткізу жайлы меже қоюы еліміздің биік амбицияларын айқын паш етті. Айта кетерлігі, Президент бұл жетістіктерге қағаз жүзінде, құрғақ цифрмен емес, нақты іс жүзінде жету тиістігін шегелеп отыр. Осыдан келе Мемлекет басшысы қойып отырған басты міндет — елдің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, ұлттық экономиканы өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Ал ол үшін еңі әуелі өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру керек.
Осыған байланысты Үкімет тарапынан өнеркәсіп саласын мейлінше дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Соның аясында жергілікті кәсіпорындарды қолдау шарасы елімізде қарқынды жүргізіліп келеді. Оған индустриялық аймақтарды, төмен пайызбен берілетін несие қаражаттарын, салықтық жеңілдіктерді сол секілді тағы басқа қолдау түрлерін жатқызуға болады.
Соңғы жылдары елімізде төртінші өнеркәсіптік революция немесе «Индустриаландыру 4.0» бағдарламасы жоғары қарқынмен іске асырылды. Бұл бағдарлама бұрынғы өндіріс орындарын заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырып, үздіксіз автоматтандыру жүйесіне көшіруді көздейді. Осы реформалардың нәтижесінде елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа кәсіпорындар легі пайда болды. Олар осы күнде елге қажетті тауарлар өндіріп әрі сыртқа экспорт жасап жатыр.
Жасыратыны жоқ, аймақтар ара¬сындағы эконо¬ми¬ка¬лық даму көрсеткіштерінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) мен халықтың табыс дең¬гейі бойынша салыстыратын болсақ, Алматы, Астана, Ақтау мен Атырау жан басына шаққандағы табыс көлемі жөнінен елімізде алдына жан салмайтынын байқаймыз. Естеріңізге сала кетейік, республикалық орташа көрсеткіш 14 400 долларды құраса, Атырау облысында 45 00 долларға жетеді екен. Әрине, бұған мұнайлы өлкедегі шикізатты өндірілуі тікелей әсер етеді. Алматы қаласындағы орташа мән 27 600 доллар, Астанада 22 300 доллар. Ол түсінікті де. Ірі мегаполистерде еліміздегі ең үлкен компаниялардың басты кеңселері, көптеген кәсіпорындар, қызмет көрсету орындары шоғырланған. Алматы – шағын және орта бизнесті дамытудың айқын үлгісі іспетті. Сонымен қатар қос шаһарда көптеген индустриалдық-инновациялық жобалар да жүзеге асырылып келеді.
Әлеуметтік-экономика¬лық даму қарқыны бойынша Астана мен Алматыны еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент шаһары да өкшелеп келе жатыр. Әсіресе индустриалдық аймақ мен арнайы экономикалық аймақтағы жаңа кәсіпорындар қала экономикасында елеулі роль атқарады. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының Шымкентте орналасқаны да жергілікті экономиканың арбасын алға сүйреп келе жатқан факторлардың бірі. Индустриалдық жобаларды іске асыру бойынша республикадағы көшбасшылардың бірі саналатын Шымкент қаласының даму қарқыны алдағы уақытта тек күшейе бермек.
Ал соңғы бес жылдық мерзім тұрғысынан қарайтын болсақ, 2019-2024 жылдар аралығында ең жылдам дамыған өңірлердің қатарынан Алматы (96,-8%), ШҚО (84,2%), Қостанай (72,4%) облы¬старын көруге болады. Дәл осы өңірлерде мемлекеттік қолдау шаралары индустриалдық дамуға, өнеркәсіптік әртараптандыруға, логистиканың дамуына оң әсерін тигізгені байқалады.
Енді рейтингтің төменгі жағындағы өңірлерді алып қарайық. Түркістан облысындағы көрсеткіш көршілес Өзбекстанның деңгейінен сәл-ақ жоғары – небәрі 4500 доллар. Жамбыл мен Жетісу облыстарындағы жағдай бұдан біршама дұрыстау – тиісінше 5600 және 6500 доллар. Бірақ сонда да, бұл республикалық орташа мәннен екі жарым еседей аз. Ұлытау мен Абай облы¬с¬тарын да салыстырмалы түрде арт¬та қалған өңірлердің тобына жатқызуға болады. Рас, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің көлемі бойынша Ұлытау облысының көрсеткіші айтарлықтай — 23 100 доллар. Дегенмен, абсолюттік тұрғыдағы көрсеткіш төмен, себебі халықтың саны аз – статистикалық дерек бойынша шамамен 221 300 тұрғыны бар.
Мемлекеттік саясат аймақтар арасындағы осындай экономикалық алшақтықты мейлінше жоюға бағытталып отыр. Ал бұл межені орындаудың бір-ақ жолы бар: барынша тікелей шетелдік инвестицияларды тарту. Сонда тұралап қалған өңірлердің өнеркәсіп саласына қан жүгіріп, біршама ілгерілеу байқалатын болады.
Айталық, осыдан үш жыл бұрын өз еншісін алып, жеке облыс болып құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау өңірлерінің инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Бір жағынан алып қарағанда, құрылғалы бері осы үш аймақтың даму қарқыны жоғары болды. Мәселен, соңғы екі жылдағы жалпы өңірлік өнім көлемі осы облыстарда 32,5-46 пайыз аралығын құрады. Бірақ, мамандардың айтуынша бұл көбінесе базалық эффектпен түсіндіріледі. Себебі, әкімшілік бөлініс нәтижесіндегі жеке өңір ретінде дамудың инсти-туционалдық және қаржылық негіздері пайда болды.
Әр аймаққа тән өзіндік ерекшеліктері барын да ескеру керек. Ұлытау жері пайдалы қазба¬ларға бай, дегенмен өндірістік инфра¬құрылым толық қалыптас¬пағадықтан әзірше осы мүмкіндіктерді пайдаланудың реті келмей тұр. Ал Жетісу облысының көліктік-логис¬ти¬ка¬лық әлеуеті жоғары болғанымен, саланы мейлінше дамытуға инвестициялар жетіспей жатыр. Сол себепті де осы аймақтардың даму қарқынын үдету үшін инвестициялық саясатқа көбірек мән беру қажет.
Республиканың аймақтарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы біркелкі дамуын қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отырған фамкторлардың бірі – еңбек ресурстарының шектелігі екенін де атап өткен жөн. Білікті мамандардың тапшылығы бірталай инвестициялық жобаларды іске асыруға кәдімгідей қолбайлау болып тұр. Бұл әсіресе ауылды жерлерге тән мәселе.