Абай облысында шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Биылғы шомылу маусымында облыс аумағында қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті жан-жақты кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Маусым кезінде өңірде 15 су патрулі, 33 жаяу патруль тәулік бойы жұмыс істейді. Азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 100-ден астам құтқарушы, 26 жүзу және көлік құралы жұмылдырылған. Бұл туралы облыстық ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орымбаев өңірлік баспасөз брифингінде айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикердің айтуынша, облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 24 ресми орын белгіленген. Олардың ішінде 18-і коммуналдық, 2 жеке жағажай мен 4 жаппай демалу және туризмге арналған орындар бар. Сонымен қатар, су айдындарында шомылуға тыйым салынған 66 орын және шағын кемелерге жүзуге тыйым салынған 2 орын белгіленген. Су айдындарына жүргізілген рейдтер мен статистика нәтижесінде халық жиі баратын 200-ден астам стихиялық орындар анықталған.

Облыс орталығы Семей қаласында қазіргі таңда 3 коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Биыл Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан қала әкімдігіне қосымша 6 жаңа жағажай ашу туралы ұсыныс жолданған.

Әкімдіктермен бірлесіп шомылу маусымы басталмас бұрын 100-ден астам тыйым салынатын белгілер орнату жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша жағажайларда комиссиялық тексеру жұмыстары жүргізілуде, онда құтқару және медициналық бекеттер, құтқару жабдықтары бар-жоғы тексеріледі,-деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары.

Материалдық-техникалық жабдыққа тоқталатын болсақ, Төтенше жағдайлар министрлігі және облыс әкімдігінің қолдауымен Абай облысында екі жылдың ішінде 21 моторлы жүзу құралы, 18 сүңгуір жабдықтар жиынтығы, заманауи эхолоттар, суасты теле және бейнежүйелер, сондай-ақ басқа да жабдықтар сатып алынған. Алакөл көлінде күшті дауыл кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін заманауи «Марлин» маркалы катер және екі гидроцикл, бұдан өзге халықпен профилактикалық жұмыс жүргізу мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары, дауыс зорайтқыштарын құтқару кеудешелерінде сатып алынған.

ТЖД бастығы орынбасарының айтуынша, биылғы шомылу маусымы кезінде өңірде азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департамент күшімен 15 су және 33 жаяу патруль кезекшілігі жұмыс жасайды. Бұл жұмыстарға барлығы 100-ден астам құтқарушы мен 26 жүзу және көлік құралдары жұмылдырылады. Құтқарушылар арнайы құтқару сигналдарымен, құтқару кеудешелерімен, ысқырықтармен және дауыс зорайтқыштармен қамтамасыз етілген. Құтқарушылардың кәсіби дайындығы арнайы оқытудан кейін сертификат арқылы расталады.

Былтыр біз облыс бойынша 25 құтқарушыны арнайы оқытып, сертификат бердік. Олар халыққа алғашқы медициналық көмек көрсету және судағы құтқару жұмыстары бойынша арнайы дайындықтан өтті, – деп нақтылады спикер.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, өкінішке қарай былтырғы шомылу маусымында облыстағы су айдындарында 17 адам суға батып кеткен, оның ішінде төрт жасөспірім бар. Статистика көрсеткендей, су айдындарында қайғылы оқиғалар көбінесе шомылуға тыйым салынған жерлерде тіркеледі. Бұған қоса адамдардың өзінің күшін шамадан тыс бағалау, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсу және балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдыру салдары да бар. Осы ретте айта кетерлігі, өткен шомылу маусымында құтқарушылардың көмегімен 39 адам құтқарылған, оның 18-і балалар.

Өткен жылғы мынау статистикалық мәліметке қарайтын болсақ, былтыр тек Ертіс өзенінде 10 адам суға батып кеткен. Себебі бұл су айдынының ағыны қатты, ағыны қатты болғандықтан су жылынбайды. Көбіне ондағылар суға ішімдік ішіп түседі де қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Одан кейін балалар ересектердің қарауынсыз қалып қояды. Өздері су айдындарында жүреді. Соған байланысты біз рейдтік жұмыстар, шаралар өткіземіз. Өткен жылы 279 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 412-бап бойынша су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 123 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Оның жартысынан көбі балаларын қараусыз қалған ата-аналар. Айта кетейін, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғандарға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған,-деді департамент бастығының орынбасары.

Баспасөз мәслихаты кезінде ТЖД өкілі департамет тарапынан халықты ақпараттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Департамент қызметкерлері БАҚ беттерінде кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Осылайша жалпы жүзден астам профилактикалық материалдар баспа басылымдарда, әлеуметтік желілерде, оған қоса ата-аналардың мессенджер чаттарына жарияланады. Халыққа судағы қауіпсіздік шараларын сақтау туралы СМС хабарламалар жіберіледі. Облыстық телеарналарда, ЛЕД экрандарда бейне мазмұнды көрсетілімдер ұйымдастырылды. Облыс аумағындағы елдімекендерде 8 баннер орнатылды. Ерекше көңіл жас ұрпаққа бөлінеді. Мектептер мен колледж студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде. Мамыр айында ауа райының күрт жылынуына байланысты су айдындарында 20-дан астам рейдтік шаралар жүргізілді. Халықпен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, екі мыңнан астам ақпараттық парақшалар таратылды. Профилактикалық жұмыстар суға шомылу маусымы бойы тұрақты түрде жүргізілетін болады,-деді Азамат Орымбаев.

Спикер брифинг кезінде халық тарапынан сақталуы тиіс су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын да баяндап өтті.

Су айдындарындағы төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынамын: Шектеу белгілері бар аймақтардан асып жүзбеңіздер. Ас ішкеннен кейін және алкоголь ішіп, мас күйде суға шомылмаңыздар. Таныс емес жерлерде суға сүңгімеңіздер. Көпірлерден, дамбалардан, қайықтардан және катерлерден суға секірмеңіздер. Тек рұқсат етілген орындарда шомылыңыздар. Шомылу кезінде доптарды, тақтайларды пайдаланбаңыздар. Жалған белгі бермеңіздер. Жүзіп жүрген катерлер, қайықтар мен гидроциклдерге жақындамаңыздар. Балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдырмаңыздар,-деді ол.

Өз сөзінде спикер ресми шомылу орындары иелеріне қойылатын талаптарды да атап өтті. Департамент тарапынан ресми шомылу орындарының иелеріне бірнеше шараларды жүзеге асыруды ұсынылып отыр.

Біріншіден, құтқарушылармен және құтқару құралдарымен жабдықталған құтқару бекеттерін құру. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті құралымдармен, дәрі-дәрмектермен жабдықталған және кезекшіліктегі медициналық персоналмен қамтамасыз етілген бөлме дайындау. Балаларды шомылуға үйрету және шомылуға арналған орындар дайындау. Шомылуға бөлінген су айдындарының түбін екі метр тереңдікке дейін тексеріп, тазарту жұмыстарын жүргізу. Жағалау белдеуінен жиырма метрден аспайтын қондырғы мен барлық бақылау аймағын қамтитын биік бақылау мұнараларын орнату. Барлық қызмет көрсету аймағын қамтитын дауыс зорайтқыш құралдарын, телефон байланысы және бейне мазмұнды тіркеу жүйесін орнату. Су айдындарында адамдардың қайғылы жағдайға ұшырамауы үшін профилактикалық материалдар бар ақпараттық стендтерді орнату. Шомылуға арналған аймақтарға арнайы белгілер орнату,-деді ТЖД бастығының орынбасары.

Қорыта айтқанда, Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу маусымы бойы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізіп отыр. Құтқару қызметтерінің күшейтілуі, техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі және тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстардың белсенді жүргізілуі – су айдындарында болатын оқыс оқиғалардың алдын алудың маңызды құралы.