Бүгінде Астанада бірнеше елдің боксшылары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. 30 маусым мен 6 шілде аралағында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында «Word Boxing» ұйымының аламаны әлем кубогінің екінші кезеңі өтеді. Жаһандық доданың бірінші кезеңі сәуір айында Бразилияда ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңі енді шілденің соңында түңлігін түрмек.

Бас қаладағы тартысқа қатысатын елдердің алды күні бұрын Арқа төсіне ат байлап, жергілікті климатқа бейімделіп жатыр. Келген қонақтардың арасында Финляндия құрамасы да бар. 30 жылға жуық осы елде бокстан бапкер болып қызмет атқарып жүрген білікті маман Асқар Сәрсенбаевпен дидарласудың орайы туды. Еуропаның теріскейінде таланттарды түлетіп келе жатқан қандасымыз ағылшыннан бөлек фин, швед тілдерінде де еркін көсіледі екен. Фин шәкірттеріне суомише (фин тілінде) ақыл-кеңесін айтып отырды.

– Атамекенге қош келдіңіз! Естуі­мізше, 1997 жылдан бері Финляндия­да тұрады екенсіз. Елге жиі ат басын бұрасыз ба?

– Әрине, әркімге де туған жері жұмақ мекені ғой. Қанша дамыған елде, алпауыт мемлекетте өмір сүрсең де туған топырағыңа деген ілтипатың жүрегіңде, көңіл түкпірінде тұрады. Жиі келуге тырысамыз. Ең бірінші балаларымыздың ана тілін ұмытып қалмауы үшін. Өйткені олар Финляндияда өмірге келді, фин, швед тілдерінде балабақшаға барды, мектепте оқыды, алды қазір студент. Араласатын ортасы да фин жұртының өкілдері. Тек үйге келгенде ғана бәріміз қазақша сөйлейміз. Балаларымыз каникул кезінде атажұртына келіп аунап-қунап қайтады. Сол екі айдай уақыттың өзі оларға ана тілін тереңдей біліп, еркін сөйлеуіне орасан зор септігін тигізеді.

– Енді Хельсинкидің тұрғыны бол­ғаныңыз турасында тарқата айт­саңыз. Қалай жолыңыз түсті?

– 1972 жылы қазіргі Түркістан облысы, Кентау қаласында өмірге келдім. Шағын қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдадым. Кентаудағы тау-кен металлургия техникумында оқыдым. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы университетте білім алдым. Қолында дипломы бар жас маман үшін елең-алаң кезеңде өмір ағысына бейімделе алу өте қиынға соқты. Әр салада бағымызды сынап та көрдік. Сауданың да сан салалы сілемдерінде нәпақа таптық. Бозбала шақтан жігіттік кезеңге өткен шағы­мыз 90-жылдардың басындағы тоқырау кезеңіне тұспа-тұс келді. Елдегі жаппай жұмыссыздық, әлеуметтік ахуалдың мүшкілдігі көп нәрсеге әсер етті ғой. Жұмыс істеу керек, жан бағу қажет деп шетелде бағымды сынап көруге тырыс­тым. Алдымен Нидерланд еліне табаным тиді. Одан кейін Швецияның да суын ішіп, нанын жедік. Бірақ екі елдің де аурасы, табиғаты аса көңілге қонбады. Еуропада жүргенде Финляндияға да баратын едік. Халқы жаймашуақ, тәртіпке қатал, адалдықтан аттамайтын мемлекет. Ақыры таңдау Финляндия еліне түсті. ­Ол кездері қазіргідей Шенген визасы ­жоқ, визаны үш айға ғана ашады. Осылай­ша, үш жыл барып-келіп жүріп, фин­дер­дің атынан бірнеше халықаралық сайыс­тарға қаты­сып, жүлдегер атандым. Өзім де шұғыл­дана жүріп, жеткіншектерді бокс­қа баулып, бапкерлікті қатар алып жүр­дім. 2000 жыл­дан бастап Финляндия елі­нің тұрғынымын. Қазақ бокс мектебінің мәртебесімен өзге елдер әрқашан санасады, құрметтейді. Шоқыр Бөлтекұлы негізін қалаған бокс ұстаханасында үй­рен­геніміз бен зердемізге түйгенімізді фин жастарына үйретіп келемін.

– Оқу-жаттығу жиынына қатысты айтсаңыз. Астанаға неше боксшы кел­ді? Әлем кубогінің кезеңінде шәкірт­те­ріңіз барлық салмақта айқаса ма?

– Жоқ, тек үш салмақ дәрежесінде ғана боксшыларды сайысқа қосамыз. Жалпы, 4 ер, 4 әйел боксшы келді жаттығу жиы­нына. Жігіттердің үшеуі – әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар. Басшылыққа хат жазып, оқу-жаттығу жиынына қатысып, тәжірибе алмассын деп сұрап алдық. Барлығы да түбіт мұрты тебіндеп келе жатқан 18-ден енді асқан жас­тар. Күзде 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Еуропа чемпионаты өтеді. Сол додаға осы сайыпқырандарды баптап қосамыз. Астанадағы оқу-жаттығу жиыны оларға орасан мүмкіндік тудырып отыр. Бірнеше елдің тісқаққан боксшыларымен спарринг өткізіп шыңдалды. Жастарды оқу-жаттығу ­жиыны аяқталған соң елге қайтарамыз. Ерлердің сапында бір бокс­шымыз сайысқа түседі. Әйелдер арасында төрт боксшы әлем кубогінің кезеңінде бағын сынайды.

– Финляндия хоккейге басымдық беретіндей көрінеді. Әлемдік додалар­да айдын үстіндегі айқаста есесін жібермейді.

– Рас айтасыз, балаларын көбіне хоккей үйірмесіне беруге құмбыл. Қысқы спорттың басқа да түрлеріне қатысушылардың қатары қалың. Десе де жекпе-жек спорты, оның ішінде бокс пен күреске де қызығушылық артып келеді. Еуропа құрлығында балуандар да, боксшылар да халықаралық са­йыстардан олжалы оралып жүр. 2000 жылы жасөспірімдер командасында бапкер болып, жеткіншектерге бокс қолғабын қалай киіп, бауын қалай байлау керегін үйретіп тәрбиеледік. Кейін сол шәкірттеріміз турнирлерден жүлдемен оралып, даңқымызды өсірді. Елдің спортына жауапты тұлғалар еңбегімізді бағалап, бапкерлік салада дәрежемізді көтерді. Бүгінде Финляндия ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарып жүрмін.

– Бұл елде ерлер мен әйелдер құра­масын да бір бапкер баптайды екен. Кейінгі жылдардағы нәтижеге көз тоқтатқанда финдердің бұрымды арулары орасан зор жетістікке жетіп жүр. Жазғы Олимпия ойындарының жүлдегерлері де шықты.

– Қыздардың абыройымызды асқақ­татып тұрғаны рас. 2016 жылы Брази­лияда өткен Рио Олимпиадасында Мира Потконен деген боксшы қызымыз қола медаль олжалағанда, жасы 35-те еді. Ара­да бес жыл өткенде 2021 жылы Токио Олим­пиадасының жартылай финалына жетіп, екі дүркін қола жүлдегер атанды. Еуропа чемпионатында екі мәрте топ жарды. Әлем біріншілігінен де екі рет қола жүлдемен оралды. Өте тәжірибелі боксшы. 2016 жылы бокс­тан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Астана қаласында өтті. Мирамен бірге Элина Густавссон деген қызымыз да қола жүлдегер атанды. Еуропа чемпионаттарында жүлде алды. Осындай сақа спортшылардың ізін басатын жас буын да қаулап өсіп келеді. Финляндия боксында толқын алмасу кезеңі жүріп жатыр. Өйткені құрама қатарына қосыл­ған­дардың басым көпшілігі – жастар. Демек бірер жылда олардың да нәтижесі байқалатыны анық. Қыздар арасындағы бәсеке, тартыс өте жоғары. Десе де жігіт­тер­дің де бәйге аты бойын жасыратыны секілді өздерінің әлеуетін көрсететін шағы туады деп сенемін. Әзірге ерлеріміз құр­лық­тық сайыстарда мықтылығын көр­сетіп келеді.

– Бас бапкерлік қызметтің жауап­кер­шілігі жүктелгенде сізге қандай да бір талап қойды ма?

– Жазғы Олимпиададан, әлем чемпионатынан жүлде алу деген бе? Дәл олай шегелеп айтып, мойныңа ілмейді. Өйткені спортты басқарып отырған шенділер бұл елде қалай дамып келе жат­қанын жете біледі, тереңдей зерт­тейді. Ал жалпы жазғы спорт түрлерінің ішін­де боксшылардың жетістігі бір төбе. Жаз­­ғы Еуропа ­ойындары, Скандинавия са­йыс­тарында көрсеткішіміз қашанда жо­ға­ры. Былтыр Париж Олимпиада­сын­да тек бір қызымыз ғана жолдама иеленді. Екі жекпе-жегінде жеңіп, үшінші айна­лымда есе жіберіп, 5-орынды місе тұт­ты. Біздің ендігі межеміз – 2028 жылы өте­­тін Лос-Анджелес Олимпиадасы­ның ­медалі. Соған барымызды салып, кешенді ­жос­пар түзіп, әзірлікті бастадық.

– Бізде спортшыларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Олим­пиа­да, әлем чемпионаты, универсиада, құр­лық біріншілігі сынды дүбірлі дода­лардан медаль алған спортшыларға, тіпті кей сайыстарда үздік бестікке енген спортшыларға да қомақты сыйақы береді. Финдерде қалай?

– Ауызды құр шөппен сүрткен жарамас. Мемлекет қазынасынан қаржылай қолдау, ай сайынғы жалақы есебінде демеу көрсетеді. Бірақ мына сомада бердік деп жар салмайды. Өйткені ол спортшының жеке құпиясы саналады. Ұлттық олимпиада комитеті, спорт министрлігі тарапынан да үнемі қолдап, стипендия тағайындайды. Бір-бірінен қанша төленетінін де сұрамайды. Жалпы, фин халқында біреудің қалтасындағы қаржысын санау мәдениетсіздік саналады.

– Отбасыңыз да Финляндияда тұра­ды. Жарыңыз қандай қызмет істейді?

– Зайыбым Индира Ермағұлова да кен­таулық. Мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Финляндияда жоғары оқу орнын тәмамдады. Тұңғыш қызымыз Сабина студент, академияда педагог мамандығын меңгермекке білім алып жатыр. Екінші баламыз Дияр машина өндірісінің маманы атанбақ. Одан кейінгі қызымыз Аделина 2-сыныпта оқиды, кенжеміз Әмина балабақшада.

– Бірнеше тілді біледі екенсіз?

– Фин тілінде еркін сөйлеймін, шведтерге өз ана тілінде айтар ойымды жет­кізе аламын. Шетелдік бапкерлермен ағыл­шын тілінде хат-хабар алмасамын.

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»