Бүгін Сенаттың жалпы отырысында жаңа Салық кодексі мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралды.

Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

Кодекстің басты мақсаттары:

– экономиканың әртүрлі секторларындағы сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу;

– арнаулы салық режимдерін реформалау;

– мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету;

– салық саласында әкімшілендіруді жаңарту;

- салық есептілігі нысандарын 30%-ға қысқарта отырып, бақылауды толық цифрландыру;

– салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер түрлерінің жалпы санын кем дегенде 20%-ға азайту;

– мемлекетіміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру;

– қосылған құн салығын қайтару процедурасын жеңілдету.

– Корпоративтік табыс салығының базалық 20%-дық мөлшерлемесін сақтай отырып, кейбір салалардың ставкаларын саралау ескерілген. Кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру қызметін қоспағанда, банк секторы үшін мөлшерлеме 25%-ды құрайды. Сондай-ақ ойын бизнесіне салық салу тәртібін сақтап, ойын автоматтары залының, тотализатордың және букмекерлік кеңсенің қызметі бойынша 25%-дық жоғары ставка көзделеді. Әлеуметтік сала үшін (білім, медицина) ставканы кезең-кезеңімен 2026 жылдан бастап 5%-ға, 2027 жылдан бастап 10%-ға арттыру қарастырылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3 пайыз деңгейінде өзгеріссіз калады, – деді сенатор Бекболат Орынбеков.

Атап айтқанда, салық әрі бюджеттік реформа аясында қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттырып, салалар бойынша сараланған ставкалар ұсынылады.

– Дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтер үшін қосылған құн салығы 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз деңгейінде төмендетілген мөлшерлемесі белгіленеді. Бұл ретте, тегін медициналық көмектің және міндетті медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлемі аясында, сондай-ақ Үкімет тізбесімен айқындалған әлеуметтік маңыздағы және орфандық ауруларды емдейтін дәрілік заттар мен медициналық қызметтер, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын және тағы да басқаларды босату ұсынылды, – деді депутат.

Оның айтуынша, «сән-салтанат» заттарына салық салуға қатысты: құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдер, құны 100 млн. теңгеден асатын ұшақтар мен яхталар бойынша құнының 10%-ы мөлшерінде акциз мөлшерлемесі белгіленген. Ал жылжымайтын мүлік бойынша: салық салу объектілерінің жиынтық құны 450 млн теңгеден асқан кезде мүлік салығын есептеу әрбір салық салу объектісі бойынша 2% деңгейінде мөлшерлемені қолдана отырып жүзеге асырылады.

Заңды Парламент Сенатында қарау барысында сенаторлар тиісті түзетулер енгізді. Осы орайда бұл түзетулер құжатты Мәжіліске қайтаруға негіз болды.

Мәжіліс қабылдаған Кодекске мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады:

– шаруа немесе фермер қожалықтарының (ШФҚ) кірістері бойынша жеке табыс салығына (ЖТС) прогрессивті салық салуды енгізу;

– Қазақстан қор биржасы (бұдан әрі – KASE) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы арасындағы төрелікті болдырмау мақсатында KASE-де бағалы қағаздардың айналысына байланысты азаматтардың табыстары бойынша дивидендтерді ЖТС-тан босату бойынша салық жеңілдігі ұсынылды;

– төлем карточкаларына байланысты операцияларды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату бойынша жеңілдік көзделеді. Қазақстандық банктердің клиенттеріне қызмет көрсету бойынша халықаралық төлем жүйелерімен қиындықтарды болдырмау және карталармен төлем жасау кезінде транзакциялар құнының қымбаттауын болдырмау үшін қолданыстағы жеңілдікті сақтау қажет;

– сән-салтанат заттарына салық салу бойынша жеке нормалар белгіленеді. Жеке тұлғалар ғана сән-салтанат заттарына акциз төлеушілер болады. Бұл ретте автомобильдер, кемелер және ұшу аппараттары сияқты сән-салтанат заттарына салық салу олардың импорты кезінде ғана емес, егер олардың құны шекті сомадан артық болса (автомобильдер үшін – 75 млн теңгеден астам, кемелер мен ұшу аппараттары үшін – 100 млн теңгеден астам), оларды ел ішінде сату кезінде де салық салынады;

– бейрезиденттер үшін мемлекеттік бағалы қағаздармен (МБҚ) жасалатын айналымға байланысты кірістер бойынша қолданыстағы салық жеңілдіктерін сақтау ұсынылды. МБҚ нарығына шетелдік инвесторларды тарту инвесторлық базаны әртараптандыру және бюджет тапшылығын тұрақты қаржыландыру үшін негізгі бағыт болады. Сондықтан МБҚ айналымдарынан бейрезиденттердің кірістеріне салық салуды енгізу капиталдың кетуіне әкелуі мүмкін;

– салық салу объектісіне, салық базасына, салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын ұлғайтуға, шегерімнің немесе жеңілдіктердің күшін жоюға немесе азайтуға қатысты Салық кодексіне өзгерістер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қабылданатын және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізілетін толықтыру ұсынылған;

– мүгедектігі бар адамдар саналатын жұмыскерлер саны кемінде 10 адамды құрайтын кәсіпорындарда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босататын норма көзделеді;

- отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу бойынша айналымға 10% мөлшерінде ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді;

– салық салу мақсатында шаруа немесе фермер қожалықтарына өтеусіз берілген мүліктің құны арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушінің табысы ретінде қаралмайтыны белгіленеді;

– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС салудан босату жөніндегі норманы алып тастау ұсынылды.

Ал ілеспе заңға мына ұсыныстар енгізілді:

- Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне ҚР Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті салық режимінің енгізілуіне байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимінде барлық жеке тұлғалар және интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін жекелеген жеке кәсіпкерлер үшін міндетті әлеуметтік төлемдерді төлеу тетіктерін реттеуге қатысты өзгерістер енгізілді.

- ҚР Бюджет кодексіне «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында мемлекеттік бағалы қағаздардың айналымына заң жүзінде тыйым салатын өзгерістер енгізілді.

Еске салсақ, биыл 30 сәуірде Мәжіліс Салық кодексін қабылдады.

Құжатты депутаттарға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырған болатын.

Оның сөзінше, ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болуы мүмкін.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сән-салтанат салығы бойынша Үкімет ұсынған меже сақталғанын айтты.