Мәдениеттанушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі және қазақ музыкасын зерттеп жүрген Дильназ Охасова ұлттық музыкамыздың әлеуеті мен жаһандық нарықтағы орнын талдап, оның экспорттық мүмкіндіктері мен қиындықтары жайлы El.kz интернет порталының тілшісіне жан-жақты пікір білдірді. Ол қазіргі заманғы үрдістер мен мәдени бренд қалыптастырудың маңызына ерекше тоқталды.
El.kz: Дильназ, қазақ музыкасының әлемдік аренадағы потенциалы туралы не айтасыз?
Дильназ Кенжетайқызы: Қазақ музыкасының әлемдік аренада потенциалы жоғары деп есептеймін. Біздің ұлттық музыкамыз – біздің басты артықшылығымыз. Ең басты мәселе, соны әлемдік аренаға дұрыс ұсынуда болып отыр.
Қазіргі таңда әлемдік сахнада бой көрсетіп жүрген корей, үндіс, Латын Америка, қытай тағы басқа халықтарының өнер өкілдері жетерлік. Сол өнер жұлдыздарының шығармашылықтарын қарасақ, олар өз ұлттық калориттерін сақтай отыра, заманауи музыкамен үйлестіре экспортта өтімді болып жатыр. BTS, Shakira, Mahmut Orhan, Rosalía, The Hu, BLACKPINK, t.A.T.u. тағы басқа осының дәлелі.
Қазақ музыкасының әлемдік аренаға, экспортқа шығуға мол мүмкіндігі бар. Алайда ол тек талантқа ғана емес, дұрыс стратегияға да байланысты. Таланттарымызды дұрыс танытып, оларды брендке айналдыра алдырсақ, олардың әлемдік сахнада мүмкіндіктері жоғары деп есептеймін.
El.kz: Сонда қазақ музыкасын қандай жанрда ұсынсақ шетелдік тыңдарманға қызықты ете алады?
Дильназ Кенжетайқызы: Этно рок, Q-pop, хип хоп жанрлары шетелдік тыңдармандар үшін қызық деп есептеймін. Домбыра, қобыз, сыбызғы дыбыстары рокпен ерекше симбиоз жасайды. Бұл әлемдік тыңдармандардың ерекше назарына айналуы мүмкін.
Q-pop жанрының да мүмкіндігі жоғары. Ерекше стиль, визуал, айдол мәдениеті, би, қазақ тілінде орындалатын әсем әндер аталған жанрда өз орнын табады. К-поп жанрының әлемдік сахнадағы жетістіктерін ескерсек, q-pop та әлемдік сахнада ұтымды болары сөзсіз. Q-pop өкілдері біздің бірегейлігімізді әлемге көрсете отыра, қазақ тілінде әндер орындап, қазақы стиль мен заманауи сахна мәдениетін жандандыра алады.
Рэп – халықтардың әмбебап тілі. Афроамерикандық, араб рэп өкілдерінің жетістіктері – осының көрсеткіші. Қазақ тілі рэпте ерекше және ырғақты естіледі. Ұлттық мотивпен жалғасқан қазақ хип-хоп жанрының мүмкіндіктері жоғары.
El.kz: Яғни, қазақ музыкасын әлемге танытудың бірнеше жолы бар екен. Енді соны жүзеге асыруға не кедергі?
Дильназ Кенжетайқызы: Қазақ музыкасын әлемге таратудағы басты мәселелердің бірі — кәсіби менеджмент пен маркетингтің, халықаралық тәжірибесі бар продюсерлердің жоқтығы. Әртісті «әлемдік» әртіске айналдыра алатын, таныта алатын мамандар жетіспейді. Қазақ музыкасын танытуда батыстық музыка алаңдарымен, лейблдармен диалог жүргізу маңызды.Қазіргі таңда қазақ әртістері әлеуметтік желілерде әндерін танытуда, алайда Spotify, tiktok, youtube, instagram алаңдарында қазақ музыка өкілдерінің әлемдік деңгейде таралуы әлсіз деп ойлаймын. Мәдени шаралар, музыкалық фест, фестивальдар арқылы қазақ музыкасын тарату бойынша жүйелі жұмыстар жоқ. Шетелдік әншілермен көбірек коллабарациялар жасау, сыртқы визуальдық ерекше стильді қалыптастыру маңызды.
El.kz: Димаш Құдайбергеннің жетістігі қазақ музыкасының экспорттық мүмкіндігіне қалай әсер етті?
Дильназ Кенжетайқызы: Шетелдік тыңдармандарға қазақ тіліндегі әндердің өтімді болуы әртіске байланысты деп ойлаймын. Тыңдармандарға әннің әуені мен әртістің сол әнді шын жүрекпен жеткізе алуы басты орында. Жоғарыда аталған мәселелерді қолға алсақ, қазақ әндерінің шетелдік тыңдармандарды бағындырары сөзсіз. Оның айқын дәлелі – Димаш Құдайберген. Димаш ерекше вокалы, өзіндік стилі, сахнада өзін ұстауы, әнді тыңдармандарға жеткізе алуының арқасында шетелдік тыңдармандардың жүрегінен орын тапты. Әлемнің түкпір түкпірінен Димаштың орындауындағы қазақ әндері шырқалып жатыр.
El.kz: Қазіргі қазақ музыкасының ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
Дильназ Кенжетайқызы: Қазақ музыкасының ерекшелігі — оның еркіндігінде, табиғатпен үйлесімділігінде. Терең тұңғиық инструментальды музыка мен ерекше, еркін вокальмен ұштасқан қазақ музыкасы ерекшеленеді. Қазіргі таңда қазақ музыкасын шетелге таратудағы басты фактор – бірегейлік. Өзінің ерекшелігі бар әртісті алып, оны әлемдік музыка сахнасында әдемі көрсету. Талантты әншілер көп, алайда өздерінің бірегейлігі болмаса, тыңдармандар жадында сақталуы екіталай. Әртістің өзіндік тарихы, әлемге берер ерекшелігі болып, заманауи музыкамен үйлесімділік табуы керек.
El.kz: Бүгінде Димаш орындайтын әндерді әлемнің әрбір бұрышындағы тыңдарман қосылып, хормен шырқап жүргеніне куәміз. Одан бөлек тағы кімдерді атар едіңіз?
Дильназ Кенжетайқызы: Әрине, есімдері шетелдік тыңдарман арасында танымал деп ең бірінші Димаш Құдайбергенді ерекше айтқым келеді. Сондай-ақ Moldanazar, Imanbek, Ирина Кайратовна, Dequine, Limba, Say Mo, Ninety One шетелдік тыңдармандары бар.
El.kz: Ал қандай қазақ әндері халықаралық деңгейде танымалдыққа ие болды?
Дильназ Кенжетайқызы: Тағы да Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Дайдидау», Imanbek «Roses» қазақ музыка тарихында алғашқы Грэммиді әкелді. Irina Kayratovna тобының «5к», «Чина», «Айдахар» («Бека»), Raim «Двигаться» әндері Тикток әлеуметтік желісінде танымал болды.
El.kz: Әлемдік хиттерге қандай факторлар ықпал етеді деп ойлайсыз?
Дильназ Кенжетайқызы: Әлемдік хиттерде есте қаларлық дыбыстар немесе сөздер болады. Әлеуметтік желілерде хитке айналатын әндерде жеңіл, ырғақты, билеуге арналған мотивтер бар. Әннің әлемдік хитке айналуына әртістің ерекше визуальды стилі, жарқын бейнабаян, сапалы менеджмент пен маркетинг те өз үлестерін қосады.
El.kz: Мемлекет қазақ музыкалық экспортын дамытуда қандай қолдау көрсетуі керек?
Дильназ Кенжетайқызы: Қазақ музыкасын экспорттық тауар ретінде алсақ, мемлекет бұл жерде бас менеджер қызметін атқаруы тиіс. Қазақ музыкалық экспортын қалыптастыру мен дамыту, тарату жұмыстары жүргізілуі керек. Мемлекет тарапынан әлемдік музыкалық фестивальдерге, шараларға әртістерді көбірек жіберу, Apple Music, Spotify музыкалық платформаларында қазақ музыкасын қолдау, авторлық құқықты қорғау шаралары, шетелдік гастрольдерді қаржыландыру, шетелдік лейблдармен, Tiktok, Youtube , Meta платформаларымен келісім жасау шаралары жасалыну қажет деп ойлаймын.
El.kz: Қазақ этно музыкасының әлемдік нарықтағы болашағын қалай бағалайсыз?
Дильназ Кенжетайқызы: Шетелдік тыңдармандарда этно элементтері бар музыкаға қызығушылық бар. Қазақ музыкалық аспаптары мен заманауи әуен керемет үйлесімділік береді. Бұл жерде мәселе оны әдемі жеткізіп, әлемге таныта білуде.«Ұлытау» этно рок тобының жетістіктері, монғолдық The Hu рок тобы Billboard Music 100 үздік рок әндер тізіміне кіріп, әлемдік сахналарда бой көрсетіп жүргендігі этно музыканың болашағының бар болғанының белгісі. Тыңдармандарды бірізді әндер жалықтырады, олар ерекше музыканы, дыбысты іздейді. Музыкаға мәдени ерекшелік, бірегей саунд қажет. Этно рок, фольклорлық элементтері бар әндерді перспективті бағыт деп есептеймін.
El.kz: Алдағы 5 жылда қазақ музыкасының әлемдік деңгейге шығу мүмкіндігі туралы ойыңыз қандай?
Дильназ Кенжетайқызы: Музыка – халықтың рухани байлығы. Біз үшін музыкалық мәдениетті қалыптастыру маңызды.Қазақ халқының бай музыкалық мәдениеті, бірегей аспаптары мен талантты орындаушылары бар, бұл елімізді әлемдік сахнада ерекшелей алады. Алдағы 5 жылда қазақ музыкасының әлемдік аренаға — бірегейлік, дұрыс стратегия арқылы шығуға барлық мүмкіндігі бар.
El.kz: Қазақ музыкасын шетелде насихаттауды бастағандар – Кеңес дәуіріндегі академиялық орындаушылар мен композиторлар болса, тәуелсіздік алған соң бұл іске заманауи әртістер мен жаңа форматтағы топтар белсенді араласты. Бүгінде бұл үдеріс музыкалық продюсерлер, мәдени ұйымдар, цифрлық платформалар және жеке әртістердің бірлескен еңбегімен жүзеге асып келеді.
Кеңес дәуірі кезеңінде қазақ музыкасы шетелге мемлекеттік деңгейде насихаттала бастады. Ахмет Жұбанов – қазақ классикалық музыкасының негізін қалаушылардың бірі. «Құрманғазы» оркестрі арқылы халық аспаптарын танытуда маңызды рөл атқарды.
Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Роза Бағланова, Майра Мұхамедқызы – опера, эстрада және халық әндерін орындап, халықаралық фестивальдерге қатысып, қазақ өнерін шетелде көрсетті.
Нұрғиса Тілендиев – домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптарды кеңестік және халықаралық аудиторияға таныта білді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ музыкасы жаңа леппен жаһандық аудиторияға бет бұрды. «Ұлытау» этно-рок тобы – домбыраны рок жанрымен үйлестіріп, 2000-жылдары Еуропа мен АҚШ сахналарында өнер көрсетті.
Қазіргі таңда жаһандық музыкалық кеңістікте этно-ансамбльдердің маңызы артып келеді. Қазақстандық «Тұран», «Ұлытау», «Хассақ» сияқты шығармашылық топтар дәстүрлі ұлттық аспаптарды – домбыра, қобыз, сыбызғы мен шертерді – заманауи музыкалық технологиялармен шебер үйлестіре отырып, халықаралық деңгейдегі фестивальдер мен концерттерге белсенді түрде қатысып жүр.
Аталған ұжымдардың басты ерекшелігі – тек фольклорлық мұраны қайталап орындау емес, оны қазіргі музыкалық жанрлармен үндестіре отырып, кең аудиторияға жеткізуге ұмтылуы. Мысалы, «Ұлытау» тобы домбыра үні мен рок гитараның үндестігін қолдану арқылы ұлттық аспаптың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Осындай әдістер дәстүрлі музыканың әмбебап тілін қалыптастыруға және оны заманауи тыңдаушыға түсінікті әрі тартымды етіп ұсынуға ықпал етуде.
Бұдан өзге Димаш Құдайберген – қазақ музыкасын әлемге танытудың жаңа дәуірін ашқан тұлға. Қазақ тіліндегі әндерді Қытай, Еуропа, АҚШ, Ресей сахналарында орындап, жаһандық аудиторияны баурады. Әр кезеңнің өз ерекшелігі болғанымен, барлығының мақсаты — қазақ мәдениетін әлемге таныту.
Imanbek – «Roses» ремиксімен Grammy жүлдесін алып, әлемдік EDM сахнасында қазақ музыкасынан шыққан алғашқы продюсер болды.