Қазақстан қаржы және кредит нарығын қайта құру жолына түсті. Неге?
Себебі цифрлық технологиялар дамыған заманда алаяқтар өз қулықтарын оңай іске асыратын деңгейге жетті. Одан қала берді банктер жоғары пайыздық мөлшерлемелермен қарапайым азаматтардың қалтасын қағып келді. Соңында халық қарызға батып, пайыздары шарықтаған несиелерін төлей алмай күйзеліске түсті. Аталмыш жағдайлар қоғамда жиілеп, кеңінен талқылана бастады. Ушығып бара жатқан мәселелерді байқаған мемлекет дереу реттеуге көшті. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі нақты қандай өзгерістер болатынын анықтап, экономистің талдауына шолу жасайды.
Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды реформалар төңірегінде экономист Айбар Олжаев былай деп пікір білдірді.
«Қаржы нарығындағы өзгерістер бір күнде нәтиже бермейді. Бірақ мемлекет алғаш рет халықтың мүддесін алдыңғы орынға қойып, банктерді жауапкершілікке тартатын жүйелі реформаларды іске қоса бастады. Егер бұл қадамдар жасалмайтын болса, қаншама отбасының жағдайы әлдеқайда ауыр болар еді», — деді сарапшы.
Ал енді осы реформалардың нақты қандай өзгерістер әкелетініне тоқталайық.
Алаяқтардың несие рәсімдеуіне тосқауыл және әділдік орнату
Ең үлкен өзгерістердің бірі — азаматтардың атынан рұқсатсыз рәсімделген несиелердің толық жойылуы. Алаяққа алданған азамат бұрын өз шындығын дәлелдей алмай, соттың табалдырығын тоздыруға мәжбүр болатын. Енді ереже өзгерді.
Егер несие азаматтың қатысуынсыз, оның биометриясынсыз рәсімделсе, ол автоматты түрде сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығарылады. Қарыз банктің немесе микроқаржы ұйымының өз мойнына өтеді, ал адам үшін несие «болмаған» деп танылады. Бар болғаны құқық қорғау органдарына өтініш түсіріп, алаяқтық фактісін тіркеу керек.
Соңғы екі жылда банктер осындай тәртіппен жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге 1500 несиені кешірген. Сарапшының айтуынша, бұл халықтың қауіпсіздігін қорғаған тарихтағы ең үлкен көрсеткіш. Дегенмен, биометрия қолдан жасалған күрделі схемаларда мәселе тек сот арқылы шешіледі. Мұндай жағдайда да мемлекеттің алгоритмі бекітіліп, процесс әлдеқайда түсінікті болады.
Айбар Олжаевтың пікірінше, мұндай қадам қаржы секторындағы әділеттіліктің қайта орнауы.
«Бұрын банк жүйесіндегі қауіпсіздік олқылықтарының салмағы қарапайым адамның мойнына түсетін. Енді бұл жауапкершілік қаржы ұйымдарының өзіне жүктеледі. Бұл өркениетті нарық құру жолындағы шешуші қадам».
Омбудсман институты: банкке қарсы тұра алатын құрал пайда болды
Енді ортақ қаржылық омбудсман жұмыс істейтін болады. Омбудсман дегеніміз – мемлекет бекітіп, қолына тиісті құзырды берген, халық пен банк арасындағы даулы мәселелерді шешуі тиіс арнайы тұлға. Былтыр банктік және микрокаржылық омбудсман институттары енгізілді. Енді олар бірігеді және бірыңғай қаржылық омбудсман институты жұмыс істейтін болады. Жыл басынан бері микрокаржылық омбудсман 5 мыңнан астам, ал банктік омбудсман шамамен 10 мың өтінішті қарады. Осы 15 мың халық өтінішінің басым бөлігі проблемалық қарызға байланысты.
Айбар Олжаевтың айтуынша:
«Бұл қадам банк пен халық арасындағы диалогты теңестірді. Екі тараптың мүмкіндігі бұрын тең болмаған. Енді азаматқа құқықтық көмек пен тәуелсіз төрелік қолжетімді».
Өсімпұл мен айыппұлды тоқтату: борышкерге екінші мүмкіндік
Мерзімі 90 күннен асқан қарыздарға өсімпұл немесе айыппұл есептеуге тыйым салынады. Бұрын проблемалық кредит қар сияқты көбейіп, бастапқы қарыздың бірнеше есе артып кетуіне әкелетін. Енді проблемалық кредит тоқтайды, қайта құрылымдалады, жаңа төлем кестесі ұсынылады. Көп жағдайда негізгі қарызды өтесе, мәселе толық жабылады.
Жылдық тиімді мөлшерлемеге шектеу қойылды. Банктердің «асылық» дәуірі аяқталады. Пайыздық мөлшерлемелер енді толық реттеуге өтті.
• кепілсіз несиелер – 46%-дан,
• кепілді несиелер – 35%-дан,
• МҚҰ несиелері – 46%-дан аспауы тиіс. Бұл тек номиналды пайыз емес, барлық комиссиялар мен шығындарды қоса есептейтін жылдық тиімді мөлшерлеме.
Экономист бұл норманы қаржы нарығындағы ең қажет тежегіш деп атайды:
«Біздің халық пайыздың нақты қанша екенін түсінбейді. Ал банктер осыны пайдаланып келді. Тиімді мөлшерлемеге лимит қою дегеніміз нарықты тәртіпке келтірудің басты жолы».
Отбасылық келісімсіз ірі несие берілмейді
Отбасылық қаржылық жауапкершілікті күшейту үшін 3,6 млн теңгеден жоғары несие алу үшін жұбайының келісімі қажет. Бұл отбасылық бюджеттен жасырын ірі несие алудың алдын алады.
Қарызы бар адамға жаңа несие жоқ
Енді бұрынғы қарыз өтелмей тұрып, жаңа кредит рәсімдеу мүмкін емес. Бұл «бір қарызды екіншісімен жабу» тізбегіне тоқтау.
Қарыз жүктемесінің коэффициенті
Сондай-ақ табысы жетпейтін адамға кредит берілмейді. Яғни артық қарыз жиналмауы үшін енгізілген негізгі фильтр. Адамның табысы ай сайынғы төлемдермен сәйкес келмесе, несие берілмейді.
Өзін-өзі кредиттен шектеу
Азамат өзінің атына несие рәсімдеуге толық тыйым сала алады. Бұл банктердегі жалған несие рәсімделуінің алдын алатын жаңа деңгейдегі қауіпсіздік.
8–24 сағаттық «суыту» мерзімі
590 мың теңгеден жоғары онлайн несие 8 сағаттан кейін, ал 1 млн теңгеден жоғары несие 24 сағаттан кейін ғана беріледі. Бұл эмоцияға беріліп несие алудың, гипнозбен жұмыс істейтін алаяқтық схемалардың алдын алу үшін жасалған.
«Психологиялық тұрғыдан өте дұрыс шешім. Кредитті импульспен алу қазіргі қоғамдағы ең қауіпті әдет. 24 сағат ойлану талай адамды қарыздан құтқарады», — дейді Айбар Олжаев.
Жеке тұлғалардың банкроттығы
2023 жылы қабылданған заң арқылы шамадан тыс қарызға батқандар өз қарызынан ресми түрде арыла алады. Қазірдің өзінде 18 мың адам банкрот деп танылып, қаржылық оңалту бағдарламасына кірді. Бұл азаматтарға «екінші мүмкіндік» беретін маңызды институт.
Сонымен қатар елде қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «қарызсыз қоғам» сынды кешенді шаралар қолға алынды. Тренингтер, бағдарламалар, оқыту платформалары азаматтың өз қаржысына өзі жауапты болуын үйретуге бағытталған.
«Экономикалық проблемалар көбіне қаржылық білімнің жоқтығынан туындайды. Бюджет жоспарлаудың қарапайым дағдылары халықтың жартысын қарыздан сақтап қалады», — дейді маман.
Жаңа заң — нарықтағы ойын ережесін өзгертетін бетбұрыс
Енді банк туралы жаңа заңға тоқталайық. Мәжіліс пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл қаржы секторының ең көп күтілген заңы. Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Қоса ұсынылған заң жобасы арқылы жеті кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі.
«Бұл ұзақ күтілген реформалардың бірі. Ол бүкіл секторды қайта құруға бағытталған», — дейді экономист.
Енді банктерге екі түрлі лицензия беріледі: базалық және әмбебап. Базалық лицензияның талаптары жеңілдетілген, минималды капитал 20 млрд-тың орнына 10 млрд теңге болады. Бұл микрокредит ұйымдарының банктік деңгейге өтуіне мүмкіндік береді. Нарықта банк көп болған сайын, бәсеке артады, ал бәсеке несие мөлшерлемесін төмендетуге итермелейді.
Сонымен қатар Қазақстан енді цифрлық қаржылық активтердің айналымына ресми түрде рұқсат береді, ал цифрлық теңге заң жүзінде ұлттық валютаның жаңа формасы ретінде бекітіледі. Ислам банкингі де жеңілдейді. Енді ірі банктер бөлек ислам банкін ашпай-ақ, өз құрылымында исламдық бөлімше ұсына алады.
Тағы бір маңызды жаңалық — мемлекет енді банкрот банктерді бюджет есебінен «құтқармайды». Арнайы қор құрылады, оған банктер өздері жарна төлейді, ал төлем қабілеті жоқ банк жағдайында көмек осы қор арқылы көрсетіледі. Бұл дамыған елдердегідай жауапкершілікті нарықтың өзіне беру тетігі.
«Бұл өзгерістер әрине ең алдымен банктерді дамытуға, біздің қаржы нарығында тұрақтылықты күшейту және бәсекелестікті арттыруға бағытталған. Оның халыққа да әсері бар. Енді депозитті уайымдамай алаңсыз сақтауға болады. Ал банктер көбейсе, кредиттер арзандай бастауы мүмкін», — деп түйіндеді экономист.