Цифрлық мұра өткеннің куәсі ғана емес, келешекпен байланыстыратын алтын көпірге айналып келеді. Цифрлық мұраға негізделген туризм Қазақстанға жыл сайын 1 миллиард доллар кіріс әкелуде.

Цифрлық археология – заманауи ғылым мен мәдени мұраның түйіскен тұсы. Ол 20 ғасырдың соңында пайда болған, 2010-жылдары қарқынды дамыды. Бүгінде бұл бағыт тарихи артефактілерді тіркеу, сақтау және қоғамға қолжетімді ету үшін ақпараттық технологияларды қолданады. Ең бастысы, құнды мұраларды бүлдірмей, ұрпаққа нақты әрі толық күйінде жеткізеді. Қазақстан осындай цифрлық дәуірге сәтті қадам басқан көшбасшылардың бірі. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Қазақстан бұл салада өңірдегі көшбасшылардың бірі. 2017 жылдан бері елде «Қасиетті Қазақстан» және «Музей қорының мемлекеттік каталогы» бағдарламалары жүзеге асып жатыр.

Бірінші жоба аясында 120 тарихи ескерткіш, атап айтқанда мавзолейлер, көне қалашықтар мен археологиялық нысандар толықтай цифрланды.

Екінші бастама музей қорындағы 2,5 миллионнан астам экспонатты қамтып отыр. Бұл бүкіл Орталық Азия көлемінде ең ауқымды цифрлық мұра қоры. Осы процесте United 3D Labs компаниясы серіктес болып, лазерлік сканерлеу және виртуалды шындық (VR) технологияларын қолдана отырып, модельдердің дәлдігін 0,045 миллиметрге дейін жеткізді.

Турзимге әкелер пайдасы зор

Цифрландырылған мұраны халыққа таныстыру да белсенді жүріп жатыр. 2024 жылы Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» кешеніне арналған виртуалды турды 1 миллионға жуық адам онлайн тамашалаған. Бұл мәдени құндылықты цифрлық форматта таныстырудың нақты нәтижесін көрсетті.

Мұндай жобалар туризмді де жандандыруда. Цифрлық мұраға негізделген туризм Қазақстанға жыл сайын 1 миллиард доллар кіріс әкелуде. Сонымен қатар, Ресеймен серіктестік те нәтижелі болып отыр. 2019 жылы Қазанда өткен «Гуманитарлық қауіпсіздік» форумынан кейін Қазақстанға Ресей тарапы 15 дана жоғары дәлдіктегі лазерлік сканер беріп, жобалардың өнімділігін 40%-ға арттырды.

Қазақстандық археологиялық жобаларда заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Лазерлік 3D сканерлеу, фотограмметрия, дрондар арқылы аэрофототүсірілім жасау, ГИС жүйелерімен кеңістіктік деректерді талдау – бәрі мәдени мұраны нақты әрі жан-жақты тіркеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер физикалық араласуды азайтып, артефактілерді зақымдаудан қорғайды. Мысалы, 3D модельдер археологтардың ескі заттармен тікелей жұмыс істеу қажеттілігін 90%-ға қысқартады. Сонымен қатар, деректердің цифрлық форматы оларды сақтап қана қоймай, қоғамға ашық көрсетуге жол ашады. Дегенмен, кейбір қиындықтар да бар: кадр тапшылығы, жабдықтардың қымбаттығы, және музейлердің көбі ескі құрылғылармен жұмыс істейді.

Көрші елдер көшке ілесті ме?

Орталық Азияның басқа елдері де осы салада қадам жасап жатыр, алайда Қазақстанға қарағанда біршама артта қалып қойған Өзбекстанда SKM-muzey жобасы арқылы 15 мыңға жуық экспонат цифрланды. Алайда жобаның жабық форматы қоғамға толық қолжетімділік бермейді. 2024 жылы Ресей мен Өзбекстан Самарқандтағы тарихи нысандарды цифрлау бойынша бірлескен жобаны қолға алып, 500 3D модель жасалды. Қырғызстан мен Тәжікстанда цифрлау баяу жүріп жатыр: 2024 жылдың өзінде бұл елдерде тиісінше 8 мың және 5 мың тарихи нысан цифрланды. Түрікменстан соңғы бес жыл ішінде 2 мың археологиялық объектіні цифрлаған.

Жалпы алғанда, Орталық Азияда бүгінге дейін 250 мыңға жуық тарихи және мәдени нысан цифрланған. Бірақ оның тек 30%-ы ғана ашық қолжетімді. Аймақтағы 18 дүниежүзілік мұра нысанының бар болғаны 5%-ы толықтай цифрланған. Мұның себебі ресурстардың шектеулігі, білікті мамандардың тапшылығы және аймақтық стандарттардың әртүрлілігі. Айталық, Ресей – GeoTIFF форматымен жұмыс істесе, Қазақстан – KML, Өзбекстан – Shapefile форматтарын қолданады. Бұл өңірлік интеграцияны қиындатып отыр.

Осы тұрғыда Ресейдің рөлі ерекше. Ел 2021 жылы «Цифрлық археология» атты геоақпараттық портал құрды. Оны Ресей ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты бастаған «Мәдени код» консорциумы әзірледі. Бұл жүйе 12 мыңнан астам тарихи нысанды қамтып отыр, оның ішінде 3 мыңы Орталық Азия елдерінен. Порталдың ашық және жабық бөлімдері бар: біріншісі – қоғам үшін, екіншісі – мамандарға арналған. Бұл тарихи деректердің заңсыз пайдаланылуынан сақтайды. 2023 жылы тарихи координаталарға рұқсатсыз кірудің 150 әрекеті тіркелген.

Ресейдің көмегімен Орталық Азия елдерінде кадр даярлау да жүріп жатыр. 2022 жылы 200-ден астам өңір мамандары ГИС және фотограмметрия бойынша арнайы дайындықтан өтті. 2020–2025 жылдар аралығында Ресей мен Орталық Азия елдері арасындағы бірлескен жобаларға 1,2 миллиард рубль бөлінді, оның 70%-ы – Ресейдің инвестициясы.

Цифрлық археологиядағы технологиялар үнемі жетіліп келеді. Лазерлік сканерлеу жобалардың 85%-ында (Орталық Азияда – 60%) қолданылады, фотограмметрия – 70%-да. ГИС жүйелері Ресейде археологиялық қазбалардың 95%-ында қолданылса, Орталық Азияда бұл көрсеткіш – 50%. Дрондар – өңірлік жобалардың 65%-ында аэрофототүсірілім үшін пайдаланылады. Соңғы жылдары блокчейн технологиялары да енгізіліп жатыр: Artifact Labs платформасы Ethereum токендерін қолданып, цифрлық модельдердің түпнұсқалығын растайды.

Алайда, техникалық қиындықтар мен инфрақұрылымның әлсіздігі цифрландырудың кеңінен таралуына кедергі келтіруде. Аймақта цифрлық археологияны меңгерген бар болғаны 300 археолог жұмыс істесе, Ресейде олардың саны 2000-нан асады. Қажетті құрылғылар қымбат: бір сканердің құны – 2-5 миллион рубль. Мұның үстіне, деректер тасымалдаушылардың қызмет ету мерзімі де шектеулі: магниттік дискілер – 10 жыл, оптикалықтар – 20 жыл сақтайды. 2025 жылы ұсынылған кварц негізіндегі құрылғылар деректерді 1000 жылға дейін сақтай алады, бірақ оларды кеңінен қолдану әлі мүмкін болмай тұр.

Цифрлық археология қоғам үшін де, экономика үшін де пайдалы. 3D модель арқылы мұраны қалпына келтіру әлдеқайда арзан әрі тиімді. Қазақстанда цифрлық тәсілдер реставрациялық шығындарды 40%-ға дейін азайтады. Цифрландырудың арқасында білім беру де дамып келеді: 2023 жылы Қазақстан мен Орталық Азияда 2000 студент осы бағытта оқудан өтті. Алайда, әсіресе ауылдық жерлерде интернеттің төмендігі (50% ғана қамтылған) цифрлық ресурстарға қолжетімділікті шектейді.

Қорыта айтқанда, цифрлық археология мәдени мұраны сақтаудың болашаққа бағытталған жолы. Қазақстан бұл салада аймақтық көшбасшы болып отыр. Ресеймен бірлесе отырып, ел тек тарихи құндылықтарды ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық қауіпсіздік пен мәдени бірлікті де нығайтуда.

2018–2025 жылдар аралығында бүкіл өңірде 3 миллионнан астам нысан цифрланғанымен, әлеуеті бұдан бірнеше есе жоғары, мысалы 10 миллионға жуық. Толық цифрландыру үшін шамамен 10 жыл мен 10 миллиард рубль қажет. Бұл жолдың табысты болуы стандарттарды үйлестіру, білікті мамандар даярлау және тұрақты инвестицияға тікелей байланысты. Цифрлық мұра өткеннің куәсі ғана емес, келешекпен байланыстыратын алтын көпірге айналып келеді.