Өнегелі өмір жолын өндіріске арнаған қайраткер қызмет жолында «Теңізшевройл» кәсіпорнын басқарды, деп хабарлайды 24kz.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш мұнай министрі атанды.
Дипломатияда да, депутаттық мансабында да мардымды еңбек етті. Қайраткерлігімен қатар қаламгерлігі де қалың қарашаға етене таныс.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Равиль Шырдабаев – қуақы атаққа алданбай, арзан мадаққа жалданбай, жалғанда жарқылдап ғұмыр кешіп келе жатқан жан. Өмірі өндіріспен өрнектелген оның қара алтын өндіруге қызығушылығы бала кезде оянып, еңбекке ертеден етене араласады. Кейін Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде білім алады.
Бактықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Атырау мұнайдың қара шаңырағы ғой, Доссор елді мекенінде дүниеге келген. Сол жерде жап-жас кезінен бастап баланың үлкені ретінде жұмысқа араласқан. Содан кейін Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтын бітірген, келіп өндіріске жұмыс жасаған. Сол өзін кездегі аймақтың басшыларының көзіне түсіп, бар болғаны 33 жасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, былайша айтқанда, басшысы, 35 жасында облыс орталығы қаланың басшысы болып жұмыс жасаған.
Ол қызметтік жолдың қай кезеңінде де кісіліктің жейдесін кірлетпеді. Әділдіктің ақ туын берік ұстанды. Содан болса керек, қазақ баласына биік белестер басын иді. Айтайық, «Теңіз» дейтін телегей кеніштің алғаш қазығын қаққан жандардың бірі – Равиль Тәжіқараұлы. АҚШ пен Қазақстан арасындағы «Теңізшевройл» кәсіпорынының негізіп қалап, алғашқы басшысы болды.
Ұзақбай Қарабалин, Қазақстанның Еңбек ері, мұнай-газ саласының ардагері:
- Біздің ең үлкен шешілмей тұрған саяси экономикалық жағдайда ол мынау «Теңіздің» тереториясын бес ел, бұрынғы Кеңес үкіметінің елдері арасынан қалай шекара жүргізіп, қай жерде қай елдің құқығы жүріп тұрады, соны шешу керек болды. Бұл тек қана дипломатия түрінде емес, сонымен қатар экономикалық жағы және мұнай өндірісі ерекшелігін сақтап, тиімді бөлісу керек болды. Сол жерде Равиль Тәжіқараұлы біздің Президенттің өкілі болып, осы жұмыс тапсырылды.
Кейін кейіпкеріміз қәсіби қызмет жолын министрлік қабырғасында жалғастырды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тұңғыш мұнай министрі атанды. Қыр-қатпары көп салада да елдің сеніміне селкеу түсірмеді. Қазақ мұнай-газ өндірісінің өркен жаюына үлес қосты.
Ұзақбай Қарабалин, Қазақстанның Еңбек ері, мұнай-газ саласының ардагері:
- Мұнай өнідірісінің деңгейі де, оның уақыттылығы да экономикада көтерілгеннен кейін Энергетика министрлігі ол кезде екі бөліп, оның жанынан бөлек, Мұнай және газ министрлігі ұйымдастырылды және ол жерге біздің егеменді Қазақстанның мұнай өндірісінің бірінші министрі болып Равиль Шырдабаев ағамыз тағайындалды.
Ал елуді еңсеріп, ел ағасы атанған шағында туған жерге туын қайта тікті. 1994 жылы Атырау облысының әкімі болды. Бес жылдың бедерінде аймақ басқарып, кейін Украина, Молдавия елдерінде елшілік қызмет етті. Одан соң еңбек жолы депутаттықпен жалғасты. Мәжілістің мінберінде мәселені майдалап емес, майын тамызып айтты. Өзін емес, елін ойлайтын азаматтың сөзі салмақты, пікірі пәрменді еді.
Бактықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ол кісі өндірісте, партия қызметінде аймақ басқарып, министірлік, елшілікті де, дипломатиялық істерді де тамаша жасады. Сыртқы істер министрлігінің төтенше жағдайлар мәселесі бойынша елшісі болу деген үлкен жауапкершілік, дипломатиялық дәрежесін көрсетеді. Украина, Молдава елдерінің елшісі болды, үлкен абыроймен қызмет жасады. Әлі күнге дейін Украина халқы, Молдаваның адамдары бұл кісінің есімін ұмытқан жоқ деп ойлаймын.
Равиль Шырдабаевты халық қайраткерлігімен қатар қарымды қаламгер ретінде таниды. Ол мұнай туралы жазды. Ел туралы толғады. Каспий жайлы кемел ойлар айтты. Оның еңбектері – бүгінгі маманға бағдар, ертеңгі ұрпаққа мұра.
Бактықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді ол кісінің ерекше бір еңбегі ол Қазақстанның мұнай туралы үш үлкен еңбек жасалады. Ол еңбектер енді бүкіл Қазақстан мұнай тарихын, ондай егжей-тегжейлі жазылған еңбек еш жерде жазылмаған, болған да жоқ, әлде жоқ. Ол жерде көп деректер бар, баға жетпес құндылық деп ойлаймын. Бұл Рамиль ағаның тағы бір қыры. Мұнай саласында жұмыс істейтін адамдардың көбі қуана, қызыға сол кітаптарды оқыды. Сонын біреуі менмін.
Ошақтан жырақ жүрсе де, отбасының шырағын сөндірмеді. Қан майдандай қызметтің ортасында жүріп те, қамқор отағасы бола білді. Анаға арқау, балаға бағдар болды.
Ұзақбай Қарабалин, Қазақстанның Еңбек ері мұнай-газ саласының ардагері:
- Әрине, анадай жұмыс жасап жүрген адам үйдегі жұмыстарға, жанұясына көп мезгіл көңіл бөле алмайтыны белгілі. Балалардың тәрбиелеуіне де, үйіндегі шешесі арқылы тәрбие алады. Дегенмен, өзінің жанұясын да ешқашан ұмытқан адам емес. Соған үлкен зейін қоятын адам еді.
Биыл кейіпкеріміз сексен бестің сеңгіріне шықты. Біреуге бұл – жай ғана жас. Ал Равиль Тәжіқараұлының түсінігінде ғұмыр бойы төгілген тердің, ел үшін еңсерілген ерен еңбектің межесі іспеттес.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы