Соңғы жылдары қоғамда қазақ тіліне байланысты даулар мен пікірлер жиі айтыла бастады. Осы ретте тіл жанашырларының жазбаларына шолу жасаймыз.
Медиада қазақша сөйлейтін және орысша сөйлейтін, ауыл және қала, оңтүстік пен солтүстік деп жікке бөлініп алу процесін жағымсыз құбылыс ретінде сипаттау көбейіп кеткен сияқты. Оны шешілмейтін дағдарыс ретінде көрсеткісі келетін жазбалар көп. Алайда тәуелсіз журналист мұның олай емес екенін айтады. Caravan.kz медиа порталы түсіндіріп көрді.
Біз әлі біртұтас ұлт емеспіз, деп бастады пікірін Жалғас Ертай. Совет эксперименті құлдырады. Ал оның орнында қараусыз бос орын қалды. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылы мағыналы ешнәрсе бермеді.
«Қазір бәрімізге ортақ ереже, ортақ құндылық, ортақ тіл әлі қалыптасып үлгермеді. Біз ол жолға енді ғана түстік десе болады. Ал біртұтас ұлт ретінде қалыптасу үшін алдымен өзара қайшы көзқарастарымызды ашық айтуды үйренуіміз керек. Бөлінейік, ұрсысайық, әркім өзінікін дәлелдесін, қателесуіміз де мүмкін, дегенмен ең соңында ортақ бір шешімге келеміз», — деп жазды журналист.
Қоғамның бұл кезеңінен қашып құтыла алмаймыз.
Қоғам толық біріксін десек, оның әр бөлшегі, әр топ өз болмысын айқындап алуы тиіс. Айқындап жатыр да. Қоғамның әр бөлшегі өзін танып, басқаға ұқсамайтын тұстарын мойындаса ғана біртұтас бірлік жолына бірге түсеміз.
Қысқасы, ондай талқылаулар хаос емес, айқындалу кезеңі. Құлдырау емес, қоғамның өсу процесі.
Әлеуметтану да бұл құбылысты сипаттаған. Олар дезинтеграция мен реинтеграция процесі деп атайды. Яғни бұрынғы тәртіп ыдырайды, түрлі жікке бөлінеді, әр жік өз шекарасын анықтайды, содан кейін біртұтас жүйеге қайта бірігеді.
«Қазір біз көріп отырған тілдік, мәдени, әлеуметтік жікке бөліну – қоғамның құлдырауы емес, ескі құрылымның бұзылып, жаңа қоғамдық келісім қалыптасып келе жатыр деген сөз», — дейді ол.
Біздің қоғам бұзылайын деп жатқан жоқ, ол өзін қайта құрып жатыр. Сондықтан қоғамның әр бөлшегі өз ішінде ештеңе бүгіп қалмай, қоғамның талқысына қазір шығарып, жаңа сападағы бірлікке ұмтылуымыз керек.
Қазақ тілінің болашағы қандай?
Жасанды интеллект төмендегідей үш сценарий ұсынды.
Бірінші сценарий: жағдай қазіргідей тұра берсе, баяу ғана жылжыса, 2030 жылға қарай ештеңе өзгермейді деп айтуға болады.
Екінші сценарий: жұмсақ реформа жасауға болады дейді. Алдыңғыға қарағанда жақсарады, бірақ бәрібір ортадан сәл жоғары ғана болады екен.
Үшінші сценарий: жылдам реформа жасау. 2030 жылға қарай Қазақстан толықтай қазақша сөйлейтін мемлекетке айналады.
Мемлекеттік тілдің дамуы толықтай биліктің қолында, тіпті қазіргі қолданыстағы заңның талабын күшейтуден бастаған күннің өзінде талай мәселе шешілер еді.
