Үкімет биылғы алғаш­қы жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі, энергетика және көлік салаларында қандай жетістіктерге қол жеткізгенін баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Баспасөз мәслихатында жаңа өндірістерді іске қосу, газдандыру қарқыны мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар егжей-тегжейлі айтылды.

190 өнеркәсіптік жоба жаңғырады

Жиынға Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр, Индустрия және құры­лыс министрі Ерсайын Нағас­паев, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ер­лан Нысанбаев, Көлік ми­нистрі Нұрлан Сауранбаев және «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­паниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.

Роман Скляр Мемлекет басшысының өнеркәсіп, энергетика және көлік салалары бойынша берген тапсырмалары қалай орындалып жатқаны туралы баяндап берді. Оның айтуынша, биылғы алғашқы жартыжылдықта өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 28,9 трлн теңгеге жетіп, 6,5 пайыз өсім көрсеткен. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 13,7 трлн теңгенің өнімін өндірген, өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артық. Бұл сала елдің ішкі жалпы өнімінің 12,4 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өңдеу секторындағы өсім негізінен мына салалар есебінен тіркелген: машина жасау 11,1%-ға, химия өнеркәсібі 7%-ға, құрылыс материалдары өндірісі 8,6%-ға, ал азық-түлік өнімдері 10%-ға артқан. Сондай-ақ Роман Скляр 2025 жылға дейін жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 өнеркәсіптік жоба іске қосылатынын айтты. Қазірдің өзінде 47 жоба жүзеге асып, 196 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл жобалар аясында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.

Премьер-министрдің бірін­­ші орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Оның айтуынша, елімізде бірқатар ірі теміржол жобалары іске асырылуда. Мәселен, «Достық – Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» жобалары аяқталу саты­сында. Келесі жылы «Мойын­ты – Қызылжар», «Дар­база – Мақтаарал» жобалары аяқ­талады. Ал 2027 жылы «Бақты – Аягөз» жобасы іске қосылады.

«Жыл соңына дейін 175 жаңа жолау­шылар вагонын сатып алу жоспар­ланып отыр. Әуе хабтарын да­мыту әрі әуе жүктерінің көле­мін арттыру мақсатында әуе­жай инфрақұрылымы жаңғыр­тылып, кедендік рәсімдер жеңіл­детілуде, цифрлық шешім­дер енгізілмек. Зайсан, Катон­қарағай және Кендірлі курорт­тық аймақтарында әуежай құ­рылысы басталды. Автокөлік жол­дары саласында 12 мың шақы­рым жол құрылыс және жөн­деу жұмыстарымен қамтыл­ған, оның 7 мың шақырым биыл­ғы жыл соңына дейін аяқтау жос­пар­да тұр», деді Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасары.

62 млрд текше метр газ өндіріледі

Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру дең­гейін және еліміздің газ сала­сындағы әлеуетін арттыру туралы тапсырмаларын орын­дау барысында биыл 60 млрд текше метрден астам газ өнді­ру, сондай-ақ стратегиялық маңыз­ды инфрақұрылымдық объекті­лер іске қосылады. Еліміздің мұнай-газ саласында бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 7,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді, ал жылдық жоспар – 14,8 млн тонна.

«Биыл 62 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі, 300 мыңнан астам адам кө­гілдір отынға қол жеткі­зе­ді. Қыркүйек айында ұзынды­ғы 302 шақырым болатын «Тал­ды­қорған – Үшарал» магистрал­дық газ құбыры іске қосылады. Бұл 60-тан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сәуір айында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбыры екінші желісінің құрылысы басталды. Оны келесі жылдың соңына дейін пайдалануға берілу жоспарланып отыр», деді бірінші вице-премьер.

Мұнай-газ химиясы саласында 6 айдың қорытындысы бойынша 380 мың тоннадан астам өнім өндірілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 12,7%-ға артық.

19,2 млн шаршы метр тұрғын үй беріледі

Мемлекет басшысының отан­дас­тарымызды қолжетімді бас­панамен қамту туралы берген тапсыр­маларын жүзеге асыру ая­сында биыл тұрғын үй құры­лы­сы саласында рекорды 19,2 млн шаршы метр тұрғын үйді пай­да­лануға беріледі. Алғашқы алты айдың қорытындысында 7,9 млн шаршы метр пайдалануға берілген. Сонымен қатар энергетика саласында биылғы бірінші жартыжылдықта 62,2 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 3,3%-ға жоғары. 2028 жылға қарай жалпы қуаты шамамен 6700 МВт болатын жаңа генерация іске қосылады, оның ішінде биыл дәстүрлі және баламалы қуат көздері бойынша 620 МВт енгізіледі. Ал Инвестициялық штаб жұмысы аясында жыл басы­нан бері жалпы құны шама­мен 60 млрд долларды құрай­тын 71 инвестициялық жоба қарал­ды. Инвестициялық жобалар­ды сүйемелдеу Ұлттық цифр­лық инвестициялық платформа ар­қылы жүзеге асырылып жатыр. Атал­ған платформада жалпы сомасы 77 трлн теңгеден асатын 1 106 жо­ба тіркелген. «Жалпы алған­да, Мем­лекет басшысының бар­лық тап­сырмалары қатаң бақы­лауда тұр», деді Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Жаңа Салық кодексі бөлшектеу мәселесін шешеді

Жаңа Салық кодексінің қабыл­дануына байланысты ірі құры­лыс компаниялары бизнесті бөлшек­теп, үлкен пайда табатын тә­жірибе жойылады. Роман Склярдың сөзінше, жаңа Салық кодексі тұрғын үй сатып алу кезінде қарапайым азамат­тарға әсер етпейтініне сендірді. Биыл 19 млн шаршы метрден астам құрылыс салынады.

«Бізде тұрғын үй құны нарықтық әдістермен реттеледі. Алайда жеке құрылысшылардан тұрғын үй сатып алатын тапсырыс беруші ретінде мемлекеттің араласуы 10 жыл ішінде өзінің тиісті әсерін беріп келеді. Бізде тұрғын үй бағасы қатты қымбат емес. Бизнес немесе элита класс сегментін емес, эконом клас­тағы тұрғын үйді айтып отыр­мын. Оның бағасы өзіне ла­йық. Біз мұнда бағаның күрт өзгеріс­терге ұшырап жатқанын көріп отырған жоқпыз. Жаңа Са­лық кодексінің қабылдануына бай­ланысты ірі құрылыс компаниялары бизнесті бөлшектеп, үлкен пайда табатын тәжірибе жо­йы­лады», деді Роман Скляр.

Вице-премьер тұрғын үй құны жобалау-сметалық құжат­тама мен аз қамтылған азаматтар үшін берілетін мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, оның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы немесе жұмыс істейтін жастарға арналған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы шеңберінде реттелетінін айтты.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты кеңейеді

Елімізде жылына 85-90 млн тонна мұнай өндірілмек. Бұл ретте сұраныс ұсыныстан асып түседі. Бұл мәселені шешу үшін 2017–2019 жылдар аралығында үш отандық мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау сәтті аяқталды, бұл өндіріс көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Бұл 2019 жылға қарай бензин, дизель және авиакеросин тапшылығын тоқтатты. Дегенмен тұтынудың артуына байланысты авиакеросинді әлі де импорттауға тура келеді.

Сонымен қатар көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда бензин мен дизель отынының төмен бағасы олардың заңды және контрабандалық жолдармен кетуіне әкеліп соғады, бұл ішкі тапшылықты тудырады.

«Өндірісті кеңейту жөніндегі жоспарларға келетін болсақ, Шымкент мұнай өңдеу зауыты­ның екінші кезегін салу жоспарланып отыр, бұл Шымкенттегі мұнай өңдеу көлемін 6 млн тонна­дан 12 млн тоннаға дейін ұлғай­туға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ Павлодар және Атырау зауыттарындағы өнімділікті арттыру бойынша іс-шаралар бар», деп атап өтті Р.Скляр.