Ақмола облысының Бурабай ауылында ҚР Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата көшпелі отырысын өткізіп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заңның орындалу барысын саралады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен қоғамдық палата мүшелері, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, мүдделі министрліктердің жауапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, отбасын қолдау орталықтарының басшылары мен сарапшылары қатысты.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент сессиясының басында Қоғамдық палата мүшелерімен бірге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулерді жүзеге асыруға қатысты кездесу жоспарланғанын еске салды. Қабылданған заңдардың жұмысын бақылау және Палата сарапшылары арқылы қоғамнан кері байланыс алу үшін мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіледі.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң Мемлекет басшысының тапсырмасымен осыдан тура бір жыл бұрын қабылданған болатын.
«Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күрес – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берік ұстанымы. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың жарқын мысалы болды. Оған халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілді. Қазірдің өзінде мұндай қылмыстарды азайтуда оң өзгерістер байқалып отыр. Бүгінгі кездесу оны әрі қарай күшейту қажеттілігі бар ма, жоқ па соны түсінуге мүмкіндік береді», деді Е.Қошанов.
Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарымның айтуынша, мәжілісмендер заң жобасына бастамашы болғанға дейін бұл тақырыпты палата мүшелері талқылап, өз ұсыныстарын берген. Олардың бір бөлігі заңға енгізілген.
«Бүгінгі көшпелі жиын қабылданған заң нормаларының тікелей жергілікті жерде жүзеге асырылу барысымен танысу үшін өткізіліп отыр. Бізге нәтиже маңызды. Ол іс жүзінде қалай жүзеге асырылуда? Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар азайды ма? Мемлекет оларға қандай көмек көрсетеді? Отбасын қолдау мен дағдарыс орталықтары қалай жұмыс істейді? », деді Айдос Сарым.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, жыл басынан бері 46 мың отбасындағы озбыр адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 14 мың адам қамауға алынған. Яғни, әрбір үшінші адам қамауға алу түріндегі жазасын өтеген. Сондай-ақ 42 мың құрбанды қорғау нұсқамасы шығарылған.
«Тұрмыстық кісі өлтіру мен жарақат алу санының үштен бірі азайды. Отбасы-тұрмыстық қатынастарға байланысты қылмыстар да қысқарды. Оның ішінде кәмелетке толмағандарды ұрлау – 83 пайызға, тәрбиелік міндеттерін орындамау жағдайлары – 22 пайызға төмендеді», деді И.Лепеха.
Сонымен қатар ІІМ вице-министрі дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыс орнатылып, оларға 3 мыңға жуық әйел жіберілгенін атап өтті. Зорлық-зомбылық көрген 6 мыңға жуық отбасымен сауалнама жүргізілген. 148 агрессор анықталып, оның 41-і мінез-құлықты психологиялық түзеуге өз еркімен келіскен.
Бұл ретте Игорь Лепеха әлі де шешімін таппаған мәселелер барын айтты. Біріншіден, бұл – қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеудің күрделілігі. Зорлық-зомбылық куәгерлерсіз орын алғандықтан күдікті өз кінәсін мойындамған жағдайда кінәсін дәлелдеу әлдеқайда қиындай түседі. Психологиялық көмек көрсету де күрделенетүседі. Бірқатар өңірде тиісті денсаулық сақтау ұйымдары анықталмағандықтан, соттар оны тағайындамайды.
Балалар құқығын қорғау жүйесін күшейту мәселесі жөнінде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтып берді. Оның сөзінше, биыл балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығын бұзу фактілері 21,3 пайызға төмендеген (2024 жылдың 5 айында 445 жағдайдан 2025 жылдың 5 айында 350 жағдайға дейін). Балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстар 8 пайызға, аса ауыр қылмыстар 19 пайызға азайған. Жыл басынан бері 111 шақырту бойынша қатыгездік пен зорлық-зомбылық көрген 537 балаға көмек көрсетілді.
Өңір әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облысының өзінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың статистикасы үш есе азайғаны жөнінде айтты. Мұның өзі заңның нәтижелі жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Оның айтуынша, бұл жағдайға 2023 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеудің өтініш беру тәртібінен анықтау тәртібіне көшуі себеп болған.Талдау нәтижесінде мұндай қылмыстардың 60 пайыздан астамы жәбірленушілердің полицияға хабарласудан қорқуынан көлеңкеде қалып, кейін аса ауыр зардаптарға әкелгені анықталды. Сондай-ақ облыс әкімі тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау бойынша шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту және әлеуметтік қызметкерлерді даярлау бағдарламаларын жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Қазіргі таңда әлеуметтік қызмет жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Алайда бұл мамандықтың оқу бағдарламалары көбіне зейнеткерлермен немесе әлеуметтік жағынан осал топтармен жұмыс істеуге бейімделген. Депутаттың айтуынша, заманауи талаптарға сай әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс ауқымын кеңейтіп, оларды ішкі істер органдарында, прокуратурада, құқық қорғау және сот жүйесінде жұмыс істеуге бейімдеу маңызды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров отбасы және неке институтын сақтау шараларына тоқталса, шақырылған отбасын қолдау орталықтарының басшылары өңірлердегі жағдай туралы ақпарат берді. Қолданыстағы тетіктерді жетілдіру бойынша пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
Жиынды қорытындылаған Айдос Сарым қатысушылар көтерген мәселелерді цифрландыру құралдары арқылы шешуге болатынын атап өтті.Ол цифрлық технологияларды отбасылар мен халықты қолдау үшін белсенді түрде пайдалану керектігіне назар аударды. Бұл бағытта уәкілетті органдар жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық палата отырысының қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар дайындалып, Үкіметке жолданатын болады.
Сондай-ақ көшпелі отырыста мұқтаж отбасылардың жағдайын бақылауға және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті көмекті болжауға мүмкіндік беретін Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қызмет көрсету платформасының жобасы таныстырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Шымкент пен Қарағанды облысындағы екі пилоттық жобаның нәтижелері туралы айтты.