Орталық Азиядағы онлайн курстар соңғы уақытта жылдам қарқынмен дамып жатыр. Бұл үрдіс жаһандық цифрландыру мен аймақтағы жергілікті факторларға байланысты қалыптасуда. Соның ішінде интернет пайдаланушылар санының артуы және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамалар негізгі рөл атқарып отыр.
Еуразиялық даму банкінің мәліметінше, соңғы 20 жылда Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімі жеті есе өсіп, орташа жылдық өсім 6,2 пайызға жеткен. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Экономиканың осындай қарқынды дамуы аймақта білімге, оның ішінде онлайн-курстарға деген сұранысты күрт өсірді. Алайда онлайн курстар мен білім шалғай аймақтардағы білім теңсіздігін азайтады деген үмітке қарамастан, бұл сала әлі де бірқатар құрылымдық шектеулерге тап болып отыр. Бұл шектеулер білімге қолжетімділік арасындағы алшақтықты одан әрі ұлғайтуы мүмкін. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
2024 жылы Орталық Азиядағы онлайн-білім нарығының көлемі 1,2 миллиард долларға жетті. Сарапшылар бұл нарық 2028 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 15 пайызға өседі деп болжап отыр. Мұндай өсімнің басты себебі – интернет пайдаланушылар санының артуы.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 91 пайызы интернетке қосылған. Бұл аймақтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, Қазақстанда онлайн білімнің дамуына мемлекет үлкен көңіл бөліп отыр. 2018-2025 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ел цифрлық инфрақұрылым мен білім беру технологияларын дамытуға 500 миллиард теңге (шамамен 1 миллиард доллар) инвестиция құйды.
Елімізде онлайн-курстардың дамуына жергілікті платформалардың үлесі де зор. Мәселен, BilimLand платформасы 500 мың белсенді қолданушысы барын хабарлады, олардың басым бөлігі мектеп оқушылары мен студенттер. Бұл жастар арасында онлайн-білімге сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Сонымен бірге, Coursera платформасында тіркелген Орталық Азия елдері арасындағы қолданушылардың 60 пайызы Қазақстаннан.
Алайда Қазақстандағы интернетке жоғары қолжетімділікке қарамастан, қала мен ауыл арасындағы алшақтық әлі де бар. Ауылдық мектептерде интернет сапасы мен жылдамдығы төмен, бұл онлайн-курстарды толыққанды қолдануға мүмкіндік бермейді. BilimLand сынды жергілікті платформалар ауыл мектептерін онлайн-оқытумен қамтуға күш салып жатқанымен, сарапшылар қазіргі нәтиженің жеткіліксіз екенін айтып отыр.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы инфрақұрылымды дамыту ғана емес, білім беру мазмұнын жаңартуды да көздеді. Алайда жергілікті платформалардың контенті халықаралық деңгеймен салыстырғанда әлсіз. Мысалы, 2023 жылы BilimLand-тағы курстардың тек 30 пайызы ғана интерактивті элементтермен қамтылған (тесттер, практикалық тапсырмалар). Ал Coursera платформасында бұл көрсеткіш 90 пайызға жеткен. Сонымен қатар, Қазақстандағы еңбек нарығында онлайн-курстардың сертификаттары толық мойындалмай отыр. Жұмыс берушілердің тек 20 пайызы ғана онлайн-курстардың сертификатын кәсіби біліктілік ретінде қабылдайды.
Қазақстан үкіметі онлайн білімді дамыту үшін қомақты қаражат бөліп жатқанымен, бұл курстардың бағасы әлі де көпшілік үшін қолжетімді емес. Мысалы, Coursera Plus жазылымының айлық құны – 59 доллар. Жергілікті онлайн-курстардың бағасы 20-100 доллар аралығында. Қазақстандағы табысы төмен отбасылар үшін бұл үлкен қаржылық жүктеме. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары мен әйелдер үшін онлайн-білімге қол жеткізу мүмкіндігі әлі де шектеулі. Ауылдық жерлердегі әйелдердің онлайн-оқуға қатысу деңгейі төмен. Бұл көбінесе мәдени дәстүрлер мен әлеуметтік шектеулерге байланысты. Қазақстан мен Өзбекстанда әйелдерді STEM саласына тартуға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда, бірақ бұл бағдарламалардың қамтуы аз. Әйелдердің бар болғаны 5 пайызы ғана қамтылған.
Орталық Азияның басқа елдерінде онлайн білім әртүрлі деңгейде дамып келеді
Мысалы, Өзбекстан 2019 жылы құрылған IT Park арқылы IT-мамандарын дайындауға субсидия беруде. Соның нәтижесінде онлайн-программалау курстарының түлектері жыл сайын 25 пайызға көбейіп отыр. Бүгінде Өзбекстанда интернеттің қолжетімділігі 78 пайызға жеткен. Бұл елде онлайн-оқу арқылы халықаралық компанияларда жұмыс істеу мүмкіндігі артып келеді. 2023 жылы IT-курстарды тәмамдаған өзбекстандықтардың 30 пайызы халықаралық компанияларға жұмысқа орналасқан. Сонымен бірге, Өзбекстанда кәсіпкерлік бойынша онлайн-курстарды аяқтағандардың 25 пайызы өз кәсібін ашқан.
Қырғызстанда да онлайн-білім беру саласы дамып келеді. Ел үкіметі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық цифрлық трансформация бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл бағдарлама 2025 жылға дейін ауыл мектептерінің 80 пайызы интернетке қосылады деп жоспарлайды. Алайда 2023 жылы таулы аймақтардағы мектептердің тек 10 пайызы ғана интернетке қосылған. Бұл инфрақұрылымдық шектеулер елдің шалғай аймақтарында онлайн-оқуды әлі де қолжетімсіз етіп отыр.
Тәжікстан мен Түркіменстанда жағдай анағұрлым күрделі. Тәжікстанда ауыл халқының тек 20 пайызы ғана интернетке қол жеткізе алады, ал Түркіменстанда бұл көрсеткіш шамамен 10 пайыз. Түркіменстанда интернетке қатаң бақылау қойылып, халықаралық платформалардың 80 пайызына кіруге шектеу бар. Бұл елдерде онлайн-курстарды кеңінен енгізу әзірге мүмкін болмай отыр.
Орталық Азияда интернет сапасы мен құны да үлкен мәселе. Ауылдарда интернет жылдамдығы орта есеппен 10 Мбит/с болса, қалаларда бұл көрсеткіш 50 Мбит/с-қа дейін жетеді. Тәжікстанда интернет тарифі кейбір отбасылардың айлық табысының 20 пайызына дейін жетеді. Бұл интернетті және онлайн-курстарды көптеген азаматтар үшін қолжетімсіз етіп отыр.
Гендерлік теңсіздік те өз әсерін тигізуде. Орталық Азияда онлайн-курстарды пайдаланушылардың 45 пайызы әйелдер болса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін төмендейді. Тәжікстан мен Түркіменстанда 18-25 жас аралығындағы әйелдердің тек 10 пайызы ғана онлайн-білімге қол жеткізе алады. Ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 25 пайызға жетеді.
Орталық Азиядағы онлайн-білімнің әлеуеті жоғары болғанымен, қазіргі даму бағыты білімге қолжетімділік теңсіздігін азайтудың орнына оны күшейтіп отыр. Қала мен ауыл, бай мен кедей арасындағы алшақтық тереңдеп келеді. Егер мемлекеттер арнайы шаралар қабылдамаса, онлайн-курстар тек ауқатты, қалалық адамдар үшін қолжетімді болып қала береді.
Бұл проблемаларды шешу үшін спутниктік интернетті кеңінен енгізу, тегін ұлттық онлайн-курстар санын көбейту және онлайн-оқуға арналған құрылғыларды қолжетімді ету қажет деп санайды сарапшылар. Қазақстанда Starlink спутниктік интернет жобасы арқылы шалғай аймақтарды интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Өзбекстанда IT Park Academy ұлттық тілде тегін курстар әзірлеп жатыр. Сонымен қатар, Үндістандағыдай онлайн-оқу ақысын төлеуге арналған шағын несие бағдарламаларын енгізу де тиімді болар еді.
Орталық Азиядағы онлайн-білім нарығы аймақтың білім жүйесін түбегейлі өзгерте алады. Бірақ қазіргі даму қарқыны білім теңсіздігін күшейтіп отыр. Егер цифрлық, экономикалық және гендерлік кедергілер жойылмаса, онлайн-білім қалалық, жоғары табысты адамдар үшін ғана қолжетімді болып қала береді.
Негізгі сұрақ. Аймақ елдері экономикалық және демографиялық өсімді пайдаланып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін білім жүйесін қалыптастыра ала ма, әлде онлайн-білім әлеуметтік жіктелудің жаңа құралына айнала ма?