2026 жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша жолдарда шамадан тыс жүк тиеп алған көліктерді бақылайтын автожүйе орнатылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап .
Елімізде 2026 жылдың соңына дейін 220-ға жуық автоматтандырылған өлшеу стансаларын (АӨС) орнату жоспарланып отыр. Республикалық маңызы бар автожолдарда осындай 126 жүйе орнатылады. Бұл стансалар жергілікті тас жолдарда да пайда болады. Орнату жұмыстарымен Көлік министрлігі және өңір әкімдіктері айналысып жатыр.
Хабарламаға сәйкес, автоматтандырылған өлшеу стансалары фото және видео түсіріп, көліктің маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін, салмағы мен габариттік параметрлерін, осьтік жүктемелері мен жылдамдығын тіркейді.
"Егер көлік шамадан тыс жүк тиеп алғаны анықталса жүйе автоматты түрде фотофиксация жасайды, содан кейін ақпарат көлік дерекқорының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне жіберіледі. Бұл Көлік комитетіне салмақ нормаларының асып кетуіне байланысты құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді", — дейді үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері.
Көлік бақылауын қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған өлшеу стансаларының санын едәуір арттыру жоспарланып отыр. Елордаға кіре берісте 9 жаңа автоматтандырылған станса орнатылған. Еліміз бойынша АӨС-тің жалпы саны 50-ден асады. Көлік бақылау ведомствосы қызметкерлерінің айтуынша, бұл шаралар ауыр жүк көліктерінің жүруін бақылау мәселелерін шешу және көліктік бақылау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін қолға алынған.
Сонымен қатар Көлік министрлігі жол жұмыстарының сапасын бақылаудың бес сатылы жүйесін енгізді, бұл мердігерден тапсырыс берушіге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды:
- Бірінші кезең – материалдардың сапасына үздіксіз бақылау жүргізетін және атқарушылық-техникалық құжаттаманы жүргізетін мердігер ұйымның өзі.
- Екінші кезең – күнделікті жедел бақылауды жүзеге асырады және жасырын жұмыстар мен орындалған көлемдерді куәландыратын техникалық қадағалау қызметі.
- ️Үшінші кезең – жобалық шешімдердің сақталуын бақылайтын және қажет болған жағдайда жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізетін авторлық қадағалау қызметі.
- Төртінші кезең – уәкілетті органнан жұмыстар мен материалдардың сапасын іріктеп бақылауды жүзеге асыратын Ұлттық сапа орталығы.
- Бесінші кезең – жобаны жүзеге асырылуына жалпы бақылауды, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді, аяқталған жұмыстарды қабылдауды жүзеге асыратын және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын тапсырыс беруші.
Көп деңгейлі тәсіл барлық нормативтік талаптың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге және жол төсемінің беріктігін арттыруға арналған.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке автожолдар сапасын жақсартуға баса назар аудара отырып, ауқымды құрылыс және жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.
Аталған тапсырма шеңберінде Көлік министрлігі үкімет атынан құрылысты жетілдіруге, жолдарды пайдалану стандарттарының сақталуын қамтамасыз етуге де бағытталған шаралар кешенін әзірлеп, жүзеге асырып жатыр.