Жаздың ыстық күндері балмұздақ жеп, рахаттанатындар көп. Ал сіз осы тәтті өнімді ұнатасыз ба?

Ендеше, біле жүріңіз, әлемдегі ең алғашқы балмұздақтар дәл осы күні, яғни, 10 маусымда нарыққа шығыпты. 239 жыл бұрын АҚШ халқы тәтті өнімнен дәм татты.

Әлемнің бірқатар елінде Қазақстанда жасалған балмұздаққа сұраныс артып жатыр. Былтырғы экспорт рекордтық деңгейге жетті.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елде өткен жылдың соңғы тоқсанында жан басына шаққанда 312 грамм балмұздақ желінген.

Былтыр еліміз сыртқы нарыққа 10 мың тоннаға жуық балмұздақ экспорттады. Көрсеткіш 70%-ке өскен. Импорттаушылар көшін Ресей бастайды. Мұнда өнімнің 69%-і жөнелтілді. Тізімді Қырғызстан мен Өзбекстан жалғайды. Бұған дейін аталған елдердің балмұздағын көп тұтынатын отандастарымыз таңдауын өзгерткен. Былтыр импорт төмендеді. Бас-аяғы 12 мың тонна өнім елге жеткізілді. Мамандар Ресей мен Беларусь балмұздағына сұраныс азайғанын айтады. Мысалы, Беларусь өнімінің импорты 8 есе төмендеді. Сөйтіп, былтыр 46 тоннасын сатып алдық. Нарықта өзбек пен қырғыз тәттілерінің үлесі артып келеді.

Ал, ішкі өндіріс қарқынды емес. Отандық кәсіпорындарда былтыр 52 мың тоннаға жуық балмұздақ өндірілді. Нарықтың 56%-ін елде өндірілген өнім қамтиды. Бір жылда әр қазақстандық 3 келідей балмұздақ тұтынған. 2023 жыл рекордтық маусым болды. Мамандар: «Бұл нарықта өндірістің бірде артып, бірде құлдырап отыруы қалыпты жағдай», - дейді. Тұтыну көрсеткіші артатын шақ – жаз мезгілі. Ал бағаға шикізат құны мен сатылым әсер етеді. Сөйтіп, өткен жылы кәсіпорындар 67 млрд теңге табыс көрген. Өндіріс орындары Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында шоғырланған.

***

Сыртқы нарықта отандық сүт өнімдеріне сұраныс көп

Балмұздақ қана емес, жалпы сүт өнімдерінің экспорты артып жатыр. Былтыр 30 мың тоннаға жуығы шекара асқан, бұл 14%-ке көп. Жеткізушілер 67 млн долларға жуық кіріс көрді. Әсіресе, сары майға сұраныс 2,5 есе артып, 4500 тоннасы экспортталды. Біздегі өнімді Ресей, Түрікменстан және Армения қалап алды. Ірімшік пен сүзбемізге де сұраныс жоғары. 4 мың тоннадай өнім Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, БАӘ және Оңтүстік Корея нарығына сатылды. Дегенмен, сүттің өзіне сұраныс төмендепті. 2,7 мың тоннасы Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Арменияға жөнелтілген. «Бұл алдыңғы кезеңнен 1,6 есе аз», - дейді мамандар. Жалпы елде сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеуге көңіл бөлініп жатыр.

Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:

- Елде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Оның аясында қайта өңдеу кәсіпорындарының барынша жұмыс істеуіне көңіл бөлінеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеу үшін сатып алу шығындарын субсидиялаймыз. Инвестициялық салымдар кезінде де шығыстардың бір бөлігі өтеледі. Сондай-ақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына қосылған құн салығы есептелген сомасын 70%-ке азайту көзделген.

***

Елде сүт-тауарлы фермалары көбейеді

Еліміз сүт өнімдері импортын азайта бермек. Тәуелділіктен арылу үшін 109 өндірістік сүт-тауарлы ферма салынады. Олар жылына 600 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы. Биыл 29 нысан пайда болады. Жалпы қуаты 100 мың тоннадан асуы керек. Оған қоса, тағы 24 ферма құрылысын қаржыландыру көзделеді. Оның қуаты 150 мың тоннадан асады. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім экспортын 70%-ке жеткізуді тапсырды. Осы ретте Павлодар облысындағы ең ірі тауарлы-сүт фермалары заманауи технологиялардың арқасында өнімділікті еселеп отыр. Ал мемлекеттік қолдау өндіріс ауқымын кеңейтуға сеп болды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне негізделген бағдарлама аясында шаруаларға 2,5%-пен несие беріледі. Аймақта сүт бағытындағы мал шаруашылығымен жеті аудан айналысады. 17 тауарлы-сүт фермасы бар. Биыл екеуін іске қосу көзделеді. Жалпы сүт кластерін дамыту елдегі агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыты саналады. Мамандар өңдеу саласының мүмкіндіктерін арттырып, экспорттық әлеуетті еселеуге қадам жасап жатыр.

Әли Әкімжанов, ҚР АШМ Микрокредиттің берілуін мониторингтеу басқармасының басшысы:

- Павлодар облысында жалпы 2023 жылы аталған бағдарлама аясында алты тауарлы сүт фермасы осындай өзінің қаражатын алған болатын, несиелендірілген болатын. Оның ішінде 300 миллионнан бастап 5 миллиардқа дейінгі қаржыландырылған тауарлы сүт фермалары бар. Олардың қазіргі уақытта мына төртеуі іске қосылды. Екеуі жылдың аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Жаңағы қаржыландырылған алты тауарлы сүт фермаларының барлығы тек қана кеңейтуге бағытталмаған жаңадан құрылған сүт фермаларын көруге болады.