12-14 мамыр күндері Қаллибек Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық драма театры сахнасы Мұхтар Әуезов шығармаларының жаңа тынысын сезбек. Ақмола облыстық орыс драма театры гастролдік сапар аясында үш бірдей қойылым ұсынып, классик мұрасына заманауи көзқараспен қайта үңілмек. Ресейден арнайы осы жұмыстар үшін режиссёрлер Тимур Кулов пен Фамил Джавадов шақырылды. Аты аңызға айналған Л. Е. Хейфецтің шәкірті Тимур Кулов «Лютый» («Көксерек») драма-вестернін және «Баллада о Бахтыгуле» «Қараш-Қараш оқиғасы» желісімен қойылған музыкалық драмасын, ал Фамил Джавадов – әйгілі режиссёр Андрей Могучийдің шәкірті – «Сиротская доля» («Қорғансыздың күні») трагедиясын қойған болатын.
Астаналық көрерменді «Баллада о Бахтыгуле» спектаклінің тұсаукесерінің үшінші көрсетілімі күтеді. «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасы желісімен сахналанған жаңа қойылым режиссёр Тимур Куловтың Мұхтар Әуезовтің мұрасына шығармашылық үндеуін жалғастырады: бұған дейін, 2022 жылы Тимур Кулов «Лютый» («Көксерек») спектаклін сахналаған болатын.
Тимур Кулов – жаңа буын режиссёрі, театр әлеміндегі беделді сыйлықтардың лауреаты, қазіргі уақытта Санкт-Петербургтегі А.А. Брянцев атындағы ЖКТ режиссёрі. Оның спектакльдері «Наурыз», «Федерация», «Мелиховская весна» және «АРТмиграция» сияқты көрнекті театр фестивальдеріне, сондай-ақ Брянцев атындағы ЖКТ халықаралық фестиваліне («Радуга») үнемі қатысады. Көпшіліктің назарын Г.Кариев атындағы Қазан ЖКТ қойылған «Приключения Рустема» спектаклі ерекше назар аударды: 2024 жылы ол «Золотая маска» (Ресей) ұлттық театр сыйлығы қазылар алқасының «Ел тағдырына қатысқаны және ұлттық қаһарманды іздегені үшін» арнайы сыйлықпен марапатталды. Бүгінде Тимур Куловтың есімі жеке қойылымдар шекарасынан асып, кеңейген: 2024 жылы Псковта «Кулов-фест» — оның шығармашылығына арналған фестиваль өтті, бұл өз кезегінде онымен қатарлас режиссёрлер үшін сирек кездесетін жағдай.
Біз оның Әуезов әлемін қалай зерделеп, ақмолалық және астаналық көрермендерді қандай қойылым күтетінін білуге тырыстық.
- Тимур, Сіз әртүрлі труппалармен жұмыс жасайсыз, АООДТ әртістері туралы не айта аласыз?
- Мен 2022 жылдан бастап бүкіл труппамен төрт қойылымда жұмыс істедім. Жалпы, труппа өте мықты, алуан түрлі және сауатты жинақталған. Көптеген пьесаларлы сахналауға қауқары жетеді. Елордада емес, Көкшетау сияқты шағын қалада орналасқан әрбір театр осындай труппаны жинақтай алмайды. Бұл, әрине, театр директоры Бақтыгерев Бейбіт Салауатұлының еңбегі. Өйткені, адамдарды тарту, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және барлығына жұмыс істеуге қызығушылық тудыратын жағдайлар жасау өте үлкен жұмыс. Тағы бір маңызды мәселе бар: менің ойымша, АООДТ-да студиялық рух сақталған — олар алға қойған мақсатқа жету үшін уақытпен санаспайды. Бұл көзқарас тек жас емес, сонымен қатар тәжірибелі әртістерге де тән. Барлығы «қозғалысты», шығармашылық процесті қалайды. Бұл қандай сиқырмен АООДТ-да сақталып отыр – ол мен үшін жұмбақ. Үйрену керек. (Күледі)
- Сіз үшін Әуезовтің әлемі қандай?
- Мұхтар Әуезов әлемі мені таңқалдырады. Маған оның қаттылығы мен сентименталды еместігі ұнайды. Дегенмен, мен сентиментализм жаман емес деп санаймын және ол болуы керек, бірақ ол авторда қалыпты мөлшерде. Маған оның қаттылығы, еркіндігі, даласы, жабайы Батыс сияқты жабайы табиғаты өте қатты ұнайды.
- Сондықтан «Лютый» спектаклі вестерн жанрында сахналанған ба?
- Мен «Көксерек» шығармасын оқығанда, оны Қазақстанда өмір сүрген Тарантино жазғандай сезіндім. Ия, және «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасы — бұл мүлдем басқа оқиға болса да, бірақ ұқсастық байқалады. Әуезов әлемі мен үшін шартты «Нетфликстегі» өте үлкен истерн-сериал сынды, онда кейіпкерлер сериядан серияға көшіп, бір-бірін алмастыра алады. Далада осындай әртүрлі оқиғалар орын алатын көптеген қызықты кейіпкерлер кездесетін ғалам бар сияқты. Әуезовтің шығармашылығы бойынша театр сериалын жасауға әбден болады.
- Өте қызық. Ал, келесі спектакльдің жанры қандай?
- Бастапқыда «саундрама» ретінде басталды. Алайда, біз канондардан алыстап бара жатырмыз, өйткені мен өзім саундраманың не екенін толық түсінбеймін, сондықтан шатастырмау үшін мен «музыкалық драма» деп атадым. Осы жанрлар мәселесінде мен өзім де қиналып қаламын. Мен оны былай айтамын – «бұл шығарма үшін жалғыз лайықты жанр». Менің көзқарасым бойынша, бұл жанр «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасы үшін жалғыз лайықты жанр. Себебі авторда: «олар әндерін жалғастырды…» деген сөздер кездеседі. Мен үшін «Баллада о Бахтыгуле» – бір актіден тұратын ән.
- Шығарманың өзін оқығанда, оның басты тақырыбы кек алу сияқты әсер қалдырады. Сәлменнің адамдары соққыға жыққаннан кейін, кейіпкердің қайта «тірілуіне», екі апта бойы жан тәсілім үстінде алысып аман қалуына дәл осы себеп болады. Ал Сіздің басты тақырыбыңыз қандай?
- Әуезовте кек тақырыбы өте күшті, ол әлбетте, спектакльде де бар. Бірақ бір сөз маған маза бермейді, ол бүгінгі күннің айнасы сияқты: «Екі түйе соқтығысса, арасында шыбын өледі». Соңғы кезде осы ой мені қатты мазалайды. Жарасбай мен Сәлмен арасында қандай қақтығыс болса да, ақырында олар өзара келісімге келеді. Ал Бақтығұл мен Тектіғұл ше? Өкінішке қарай, олар сол байлардың жолында құрбан болады. Қалай болғанда да, бұл әділетсіздік. Пафосты естілгенімен, бұл әлемнің құрылымы біртүрлі, адамшылыққа сай келе бермейтін сияқты. Ал, жалпы алғанда, спектакльде әйел тақырыбы айрықша маңызды орын алады. Мен Хатша — Бақтығұлдың әйелі туралы айтып отырмын. Біз оны басты кейіпкер қылып көрсетіп жатқан жоқпыз, бірақ оған көбірек назар аударамыз. Мүмкін, заман өзгерген шығар. Әуезов бұл шығарманы жазған кезде қоғам қатты патриархалды болды, одан бері жүз жылға жуық уақыт өтті. Келесі жылы повесттің жазылғанына жүз жыл болады. Қазір уақыт та, әйел де өзгерді. Кем дегенде, біздің шығармашылық әлемде біз әйелдің орнын түбегейлі өзгертіп жатырмыз демеймін, бірақ сол бағытқа келе жатқан сияқтымыз. Қалай десек те, оның ықпалы бар.
- Қазіргідей беймаза уақытта спектакльдерде әйел «тұрақтандыратын күш», тірек ролінде көрсетілетін сияқты.
- Тіпті айтар болсам, біздің интерпретациямызда әйел бір күрделі функцияны өз мойнына алады, оған тән емес — еркектік рөлді. Режиссёр ретінде кейде автормен пікірталасқа түсемін, бұл қалыпты жағдай. Бұл біздің көркем қиялымыз. Финал әртүрлі болуы мүмкін, ал Әуезовтің шығармасында финал ашық. Біз Хатшамен не болғанын толық түсінбейміз. Білетініміз, ол бай билерге қызметке орналасты, сол ғана. Ал одан әрі не болғанын өзімізше ойластырдық.
- Репетициялар кезінде ойлағаныңыздан бөлек, Сіз үшін қандай жаңа дүниелер ашылды?
- Күн сайын бір жаңа дүние ашылып жатады. Міне, үзілісте Әуезовтің финалын оқып шықтым, осындай сәттерде өзіңнен де, өміріңнен де бұрын байқамаған нәрселерді аңғара бастайсың.
- Бөлісе аласыз ба?
- Жоқ, біз бұндайға келіспедік. (күледі).
- Спектакль командасы туралы айтып берсеңіз?
- Актёрлік құрамнан басқа, қазір менімен бірге Батырхан Сабыр композитор және саунд-дизайнер ретінде жұмыс істеп жатыр. Менің соавторым және үлкен жұмыс көлемімен айналысатын серіктесім.
- Бұл спектакльдің көрермені ретінде кімдерді көресіз?
- Менің ойымша, бұны бүкіл отбасымен көру қызықты болады. Орта жас, аға буын және жастар аудиториясы. Болашақ спектакльдің Қазақстаннан тыс жерлерде де көрсетілгенін қалаймын. Мен бұған үміттенемін. Алда бәрін құрастырып, жинақтап бір бүтін жасау үшін бір апта уақыт қалды. Ең маңызды, қауіпті, қиын сәт — жұқа мұздың үстімен жүру сияқты.
- Сіздің бұл мұздан жеңіл өтуіңізге тілектеспін! Әңгімелескеніңіз үшін рақмет!
- Сізге де рақмет!
Сұхбатты жүргізген, Абдрахманова Қарлығаш, театрдың педагогика бөлімінің меңгерушісі.