Адам көңіліндегі дақ түспеген, кірлемеген кіршіксіз сезімнің орны қай кезде де бөлек екеніне ешкім таласа қоймас. Құлындай құлдыраңдап шапқылап жүрген уақытта ағаға деген құрметті аңғара бермейтініміз ақиқат қой. Самайын ақ қырау шалған кезде ғана Алатаудай биік ағалардың қадір-қасиетін біліп, кісілік келбетін түсінеміз. Бәлкім, жолы бөлек, жөні ерек сол ағалардың бойындағы бекзаттықты, адами қасиеттерді бағалауға зымырандай зулаған жылдар жылыстап өтуі қажет болар. Кім білсін?
Көңілге қонымды әдемі әуеннің бойынан поэтикалық сарынды байқағанымызда жүрегіміз атқақтап, бойымызды беймәлім бір сезімнің билейтіні бар. Ән мәтініндегі шымыр шумақтар, тосын теңеулер тыңдарман біткеннің жанын тебірентпей қоймаса керек. Сөздің құдіреті дегеніміз де сол болар, бәлкім. Жаздың жылы жаңбырындай тұла бойыңды ерітетін, елітетін, толғандыратын, ойландыратын мелодия қай кезде де сенің жүрегіңдегі сезім шырпысын тұтатып тұратын секілді.
Жүрекке жылы тиетін талай әнімен Атырау мен Алтай арасындағы тыңдарманның талғамын тап басқан Ғазизхан Шекербектің «Аға» шығармасы да көңіл толқынын әрлі-берлі тербейтіні рас. Мәтіндегі сөздер сазбен үйлесім тапқандықтан болар, әншінің майдақоңыр үні өн бойыңды көктем таңының салқын самалындай аймалай түседі. Жабыққан көңіліңді жадыратады. Ағалардың алқауында болған ғажап сәттерді шағын эпизод секілді еске түсіреді.
«Саған менің көзімменен қараса,
Сөзімменен алмайды ешкім таласа.
Сен биіксің. Аға, сенің қасыңда,
Алатау да, Қаратау да аласа», деп басталатын ғажап шығарманың алғашқы шумағының өзі кісі баласын терең ойдың тұңғиығына тарта түсетіні анық.
Расында болмысы мен кісілігі қатар үйлескен қаншама бекзат ағамыздан бес күн жалғанның бел ортасында айырылып қалдық десеңізші. Олардың жарқын бейнесі жадымызда жаңғырып тұрғанымен, түрлі ойдың түбіне түсетініміз тағы белгілі. Шынтуайтына келсек, барында бағалай алдық па, бағалай алмадық па? Осы бір ой санамызды жиі-жиі сілкіп алады. Содан да болар, кейде өзегімізді өкініштің жалыны қарып өткендей болады...
«Маған сендей ешкім құшақ ашпайды,
Күннің өзі сендей нұрын шашпайды.
Керек десең, аға, сенің қасыңда,
Төрт мұхит та тобығыңнан аспайды», деп келетін екінші шумақтағы тосын теңеулер де толғандырмай қоймайды. Тағы да өткен шаққа қарайлап, жоғалған жылдар тізбегіндегі тәтті шақтарды кері қайтарғың келеді. Амал нешік, ол көктем расында оралмайды ғой.
Бұл шығарма адам жанына тереңдеп енетіні бар. Бәлкім «Төрт мұхит та тобығыңнан аспайды» деген теңеуден әлдекімдер асыра сілтеушілік, жалған пафосты деп пайымдайтын болар. Яғни гиперболаның ұшқынын да аңғаратын шығар. Кім білсін. Әйтсе де, әннің баяу ырғағы мұның бәрін екінші планға ысырып, туындының табиғатына тереңдете түседі.
«Осы күнім татитындай ғасырға,
Абыройың асуда.
Мен өзімді хан ұлындай сезінем,
Аға, сенің қасыңда.
Іні болған аға сендей асылға,
Бақ бар екен басымда.
Ешкім менің жырта алмайды жағамды,
Сен тұрғанда қасымда», деп келетін әннің қайырмасы да ардақ тұтқан ағаларымыздың болмысын биіктетіп тұрғаны даусыз.
Жалпы алғанда, Ғазизхан Шекербектің кез келген туындысы адам жанын тебірентпей қоймайды. Бұл әнінде де ол асыл ағаға деген бәріміздің құрметімізді ән тілінде сөйлетіп, көкейімізде жүрген талай ойды орнымен жеткізе білген.
«Ұқсаса деп сөзім сенің сөзіңе,
Ұқсаса деп көзім өткір көзіңе.
Кімге еліктеп өстің, аға, білмеймін.
Мен еліктеп өстім, аға, өзіңе», деп түйінделетін мына бір шумақ бейкүнә періште күндерді, балалық шақты айна-қатесіз еске түсіреді. Жанарында от ойнаған, рухы өр, тәні бекем ағаларымыздың әрбір әрекетіне еліктеген кезіміз жетерлік қой. Енді ол күн де сарқылмас сағынышқа айналып кеткені рас.
Қалай десек те, Ғазизхан Шекербектің «Аға» әнінде Алатаудай биік ағаларға деген шексіз құрмет көрініс тауып тұрғаны даусыз. Әннің мәтінінде мән де, мелодия да бар. Тамаша туынды сонысымен де тыңдарман жүрегінде, көңілінде мәңгі сақталатынына ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймыз.