Бұл – түз бүркітін ұстауға таңдалған тиімді тәсілдің бірі. Ол үшін бүркіттің жем аулауға шыққанда жүретін жолы мен аялдап, қонақтайтын мекенін анықтап алу керек.
Оны анықтаудың жолы – тәжірибелі құсбегі түз бүркіттің қонақтайтын жерін және ұшып-қонуын бақылайды. Одан кейін қонақтаған жеріне тастаған саңғырығы мен түлеген қауырсынына қарап түз бүркіттің жасын шамалайды.
Келесі кезекті бүркіт қонағы маңында оның әкелген жеміне ортақтасу үшін даланың ұсақ құстары қоса жүреді. Олар бүркітті көргенде улап-шулап дыбыс береді.
Осындай шарт-жағдайларға қаныққан соң бүркіт қонақтайтын орын (бұтақ, төбешік, тас) айқын болғаннан кейін құсбегі дәл сол жерге шаппа тұзақ құрады.
Тұзақтың бұл түрі жіңішке кендірден екі құлаш ұзындықта ширатылып жасалады. Адам екі қолымен құлаштай тартқанда үзе алмайтын берік болуы шарт.
Бұл тұзақты құрғанда ұзындығы бір құлаштай ағаш қыртысынан солқылдақ етіп жасаған тақтайшаның бір басын бұтақтың ұшына таман байлайды. Екінші ұшын бұтақтың түп жағына таман жерге шот темір қағып, шотына шерте іліндіреді. Бұған тиектейтін жіптің ұзындығы үш құлаш мөлшерінде болғаны тиімді. Жіптің екінші ұшына ағаш тоқпақ ілінеді.
Тұзақтың екінші ұшындағы буалдырығын солқылдақ тақтайдың үстіне жаяды. Буалдырықтың түбіне тағы бір тиек байлап, шот ағашпен солқылдақ тақтайдың ілініп шертіп тұрған ұшының арасына ілекерлеп тұзақ құрады. Тұзақтың бауын жоғарыдағы аша ағаштың арасынан түсіріп екінші тоқпақ байланған ұшын салақтатып қояды.
Бүркіт келіп қонғанда солқылдақ тақтай төмен түсіп, тиек шығып кетеді де, тұзақ бүркіттің аяғына қармап, оны жоғары тартып әкетеді. Тоқпақ болса жіпті төмен тартып бүркіт аспақталып қалады. Бұл әдіс бүркіттің қанат-құйрығының сынып, жарақаттануына біраз қаупі бар. Сондықтан құсбегі тұзақ құрғаннан кейін алыстап кетпей ауық-ауық байқап тұруы керек.