Бір кездері үйрек ұшып, қаз қонған, шағаласы шулап, сазаны тулап, ақ толқыны жағаға атқан, суы, тұзы, құмына дейін жанға дауа, дертке шипа болған көрікті де киелі Қызылкөлдің базары тарқап, басынан бақ тайғалы қашан. Байлығы – балығынан айырылғаны аздай, енді нәрі мен сәні – суынан да айрылып, тұз басқан өлі шұңқырға айналудың аз-ақ алдында тұр.

Үздіксіз құйылып жататын Үшбас өзенінің суын іргелей қазылған өндірістік карьерлер жұтып, қалғанын сағалай егілген жекеменшік егістіктер сімірген, Қызылкөл 1992 жылдары тартылып қалған еді. Суының көлемі 20 млн текше метрге (90%) дейін азаюына байланысты Үкімет тарапынан арнайы комиссия шығып, (оған «Қазгипраристің» Шымкент жобалау институты тартылды) кешенді зерттеулер жүргізілді, 2002 жылы Қызылкөл ерекше қорғалатын аймақ ре­тінде облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінің құзырына берілген. 2003 жылы облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаралып, Бабата су қой­масы салынып, оның суын бетон канал арқылы Қызылкөлге құю жоспарланды. Алайда каналға ескі лотоктар пайдаланылып, су көлге жетпес­тен далаға сіңіп, игі іс нәтижесіз аяқталды. Бұл біздің ренішімізді туғызып, тиісті орындарға өз талап-арызы­мыз­ды жолдап, қол жинап, дабыл қақтық. Содан 2006 жылғы 28 қыркүйек­те Үкіметтің №932 қаулысымен Қызылкөл республикалық маңы­зы бар мемлекеттік табиғи-қо­рық қоры объектілерінің тізбесіне енді. Мемлекет қорғауына, қамқорлығына алған соң өкпе-ренішіміз бірден басылып, көліміз шалқиды деп қуандық. Бірақ біз күткендей болмады. Анда-санда жағасын қоқыс, балшық­тан, балдырдан тазартқанымыз болмаса, оған саусағымыздың ұшын да тигізе алмай қалдық. Өйт­кені мемлекеттің қорғауына алын­ған аймаққа тал екпек түгіл, бір түйір тасын қозғауға да құқың жоқ екен. Әйтпесе, сол кездері тек жер­гілікті ғана емес, басқа об­лыстың кәсіпкерлері тарапынан да Қызылкөлді көркейту, демалыс орнын салу жөнінде көпте­ген тиімді ұсыныс түсіп, тіпті қияндағы Кореядан да инвесторлар келген еді. Бірақ көл аудан­ның балансында болмағандықтан, сол ниет білдірушілердің бірде-біреуіне аудан әкімдігі өз тарапынан нақты қолдау көрсете алмай, 800 гектарды құрайтын аума­ғына демалыс, емдеу орындары салынып, даму жолына түседі деген көліміз бұрынғы күйіне зар болып, суынан айырылып, тұзы аспанға ұша бастады. Алайда көп ұзамай өздігінен бұрынғы қалпына келіп, біздің де алаң көңіліміз орнына түскендей болған. Енді міне, арада жиыр­ма жыл өткенде, сол көрініс қай­таланып, тағы да алаңдай бастадық.

Кезінде «Қызылкөлді сақтап қалайық!» деп дабыл қақтық. Аяғымыз талғанша үй-үйді аралап қол жинап, үздіксіз хат жазып, жауапты орындарға жолдадық. Бірақ бәріміз жабылып жүріп, көлімізге бір шөміш су да құя алмадық. Осылайша, Қызылкөліміз де ке­зінде «сексен көл» аталып дәурені жүрген, бүгінде тек орны ғана қал­ған Қаракөлдің кебін киіп, көз алдымызда тартыла бастады.

Қаракөл демекші, кезінде ауыл ақсақалдарының аузынан Қаракөл мен Қызылкөлдің арасында жерасты су жолы болуы мүмкін дегенді де естіп қалатын едік. Егер шынымен де сол айтқандай болса, Созақ же­ріне Талас өзенінің суын бұрып, Қаракөлді суға толтыруға болады әрі бұдан ұтылмаймыз.

Мамандар мен жергілікті тұрғындар пікіріне сүйенсек, Қызылкөлге соңғы рет арнайы ғылыми экспедиция 2015 жылы келген екен. Содан бері көлге жер­гілікті экологиялық мекемелер тарапынан бірде-бір зерттеу де, бақылау да жүргізілмепті. Көлдің бүгінгідей аянышты күйге түсуіне дәл осы немқұрайдылықтың кесірі тигені де анық.

Қызылкөл жергілікті халыққа – тіршілік көзі, экожүйенің жүрегі. Көл тартылса, айналасындағы тіршіліктің де тынысы тарылады. Климаттық, биологиялық, экологиялық тепе-теңдік жойы­лып, ауыл шаруашылығына, жергілікті тұрғындардың өмір сүру дағдысына да кері әсерін тигізеді. Егер құқықтық мәртебесі нақтыланатын болса, суы да, тұзы да, балшығы да ғасырлар бойы дертке шипа, жанға дауа болып, емдік мақсатта қолданылып келген киелі көлімізді сақтап қалуға болады. Біз «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға сәйкес «Мемлекеттік табиғи-емдік ресурстар аймағы» немесе «Мем­лекеттік ұлттық табиғи парк санаты шеңберінде арнайы қорғала­тын аймақ» құқықтық мәртебесін ­алса екен дейміз. Заңда бұл мәр­тебе табиғаттағы ерекше ғылыми, тарихи, рекрециялық немесе био­алуантүрлілікке қатыс­ты құн­­дылығы мол аумақтарға бері­летіні көрсетілген.

Қызылкөл тек Созақ ауданы­ның халқына ғана емес, тұтас елі­міз үшін маңызды экологиялық, орнитологиялық әрі ғылыми нысан (табиғи құрылымы мен маңызы жағынан Аралтөбе, Ақкөл, Саумалкөл секілді су айдындарымен салыстыруға болады), ол экологиялық тепе-тең­дікті ұстап тұратын табиғи буфер рөлін атқарады. «BirdLife» жобасы бойынша Халықаралық мәнге ие құстар мекені, миграция­лық аялдама (ImportantBirdArea), суы тұзды, құрамында натрий, калий, кальций, магний тұздары кез­десетін, минералдануы орташа деңгейдегі, өсімдіктер мен мик­роағзаларға қолайлы орта. Жергілікті тұрғындармен қатар, шетелдік қонақтарға да қолайлы, туризм мен экотуризм әлеуеті зор, табиғи көрікті орын, суы, тұзы, балшығымен ғасырлар бойы дертке шипа, жанға дауа болып емдік қасиетімен кеңінен танылған, санаторий, курорт қызметін кеңінен ұйымдастыруға қолайлы аймақтың бірі, гидро­биологиялық, климаттық, гео­­экологиялық зерттеулер жүргізуге де ыңғайлы әрі табиғи зертхана іспетті таптырмас орын.

Егер Қызылкөл «Ерекше қорға­латын табиғи аумақ» мәртебе­сін иеленсе, табиғи эко­жүйесін сақтап қалуға, суы мен балшығының емдік қасиетін ғылыми негізде әрі заңды түрде пайдалануға, экологиялық туризм мен халық денсаулығына пайдалы демалыс орындары қызметін дамытуға, болашақ ұрпаққа ұлт­тық байлық, табиғи мұра ретінде табыстауға қол жеткізер едік.

Байділдә АЙДАРБЕК,

«Ел мүддесі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры

Түркістан облысы,

Созақ ауданы