Ауғанстаннан босып, екі жылдан бері Пәкістанның Карачи қаласын паналап отырған 40 қазақ отбасының тағдыры қыл үстінде тұрғаны жайлы депутат Ерлан Саировтың үндеуі екі аптадан бері бүкіл қазақ қоғамын дүр сілкіндіруде.
Бұл мәселені ҚР Сыртқы істер министрлігі шеше алмаса, БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссарына өтініш жазып, бұған халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға дейін бататынын айтты.
Азамат!
Сондай-ақ, депутат Ерлан Саиров аталған мәселе туралы видиоүндеу жасап қана қойған жоқ, Сыртқы істер министрлігіне барып, сол үш жүзден астам қазақты Қазақстанға көшіріп алу мәселесін ақылдасып шыққанын да жұртқа жариялады.
Жалпы, Ауғанстандағы, Ирандағы және осы Пәкістандағы қандастарымыздың Қазақстанға көшіріп алу туралы жасап жатқан үндеулерінде есеп жоқ.
Шынын айтсақ, біз бұл мәселені көтере-көтере жағымыз талған.
Сыпайылап жазған хаттарымызды атқарушы билік пен заң шығарушы орган елемейді;
«Құрметті Пәленбай Түгіленбайұлы...», — деп үш мәрте жазған хатымыз бен ұсынысымыз еленбеген соң, «Ашық хат» жазуға көшеміз.
Ол еленбеген соң, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы қатты-қатты айтуға мәжбүр боласың...
Осыдан барып, құзырлы орган басшылары саған өкпелейді. Әлеуметтік желіден «Қара тізімге» тығып «құтылады».
Бірақ, «битке өкпелеп, тоныңды отқа тастауға» болмайды ғой, соған қарамастан, сол қазақтардың Атажұртына оралуына кедергі болып отырған түйінді заң арқылы шешу жолындағы күресімізді біз бір күнде тоқтатқан емеспіз.
Бір қызығы, соңғы екі-үш жылдың көлемінде Парламент пен Үкімет жақтан шеттегі қандастарымыз туралы бір ауыз жылы сөз естуден қалғамыз.
Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттардағы кедергілерді жойып, елге оралған ағайынды тез құжаттануына тиімді жол ашудың орнына, біздің атқарушы билік пен заң шығарушы орган анти-қазақ саясатын жүргізіп, Атажұртына өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін ағайындарға өңірлік шектеу қойып тастағанын қайтерсің...
Дәл осындай бір алмағайып сәтте депутат Ерлан Саировтың жұлдыздай жарқырап шығып, Пәкістандағы үш жүз қазақты Атажұртына оралту туралы мәселе көтергенін көріп, қуанғаннан жүрегіміз жарылып кете жаздады. Көзімізге ыстық жас алдық. Оған алғысымызды жаудырдық...
Жақында өткен туған күні қарсаңында осы Еркеңе арнап, «Ерлан Саиров – мемлекеттік саясатты теориялық жақтан да, практикалық тұрғыдан да өте терең түсінген және меңгерген саясатшы. Соңғы кезде оның қайраткерлік тұлғасы айқындала бастады. Мен оның әр сөзіне, әр сұхбатына ден қойып келе жатқан азаматпын! Көңіл қуантатын тұстары көп! Ең бастысы – Ол ниеті түзу, көңілі ақ нағыз мемлекетшіл тұлға!», -деп жазба жариялап едім.
Міне, көріп отырсыздар, Ерлан Бияхметұлы сол айтқанымызды тағы бір мәрте дәлелдеп, алыстағы ағайын үшін шыр-пыр болуда.
Бұл – нағыз тектіліктің белгісі!
Ал, Ауғанстандағы, Ирандағы және осы Пәкістандағы қандастарымызға келсек, олардың Атажұртқа оралуына кедергі болып келген бір-ақ мәселе бар еді.
Ол – өздерін этникалық қазақпын дейтін азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда олардың ұлтының қазақ екенін анықтауға арналған заңдық норманың жоқтығы болатын.
Бірақ, бұл мәселе де өз шешімін тапты.
«Халықтың көші-қоны туралы туралы» заңының 15-бабына жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екені жөніндегі мәселелерді қарау үшін комиссия құру және ұлты қазақ екені туралы шешім қабылдау туралы екі бірдей норма енгізілді.
Осы орайда осы ұсынысымызды жерге тастмай, заңдастырып берген депутат Еділ Жаңбыршин көкемізге алғыс айта кетуіміз керек!
Аталған екі нормамен толықтырылған Заңға 2023 жылдың 19 сәуірінде қол Президент қол қойды. 2024 жылғы 31 шiлдеде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі №282 бұйрық шығарып, оның қағидаларын бекітті.
Сөйтіп, бұл екі норма өткен жылдың 31 шілдесінен бастап қолданысқа енді.
Енді осы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі №282 бұйрына сай, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінің қызметкері «Қандас» ААЖ-да тіркейді және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш берушіні оның өтінішін тіркеу туралы хабардар ете отырып, «Қандас» ААЖ арқылы халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді екен;
Сосын, Қандас мәртебесін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың қазақ ұлтына тиесілігін анықтау үшін, жоғарыдағы заңға сай, жергілікті атқарушы орган Комиссия құрады екен;
Комиссия құрамына халықтың көші-қоны, білім беру, мәдениет, ішкі саясат, ішкі істер органдары, этникалық қазақтар мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар және/немесе қоғамдық бірлестіктер саласына жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, қазақ тілі мен Қазақстан тарихы саласындағы мамандар кіреді екен;
Сөйтіп, сол комиссия «Қандас» мәртебесін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетін үміткерлердің ұлтының қазақ екенін растап не терістеп, шешім қабылдайды екен...
Егер, ол үміткердің ұлтының қазақ екені анықталса, өздері тұрған мемлекеттердегі Қазақстан Елшілігінен виза алып, Атажұртына оралады деген сөз...
Айтыңызшы, депутат Ерлан Саиров көтеріп отырған Пәкістандағы үш жүзден астам қазақты осы №282 Қағидатпен Қазақстанға оралту мүмкін бе?!
«Заң және Тәртіп» қағидаты салтанат құрып отырған мемлекетте, қолында мардымды құжаты жоқ ол қазақтарды Қазақстанға оралту, әрине, мүмкін емес!
Ендеше, не істеу керек!?
Бірінші, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №282 бұйрығына тез арада өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, оны Ауғанстандағы, Ирандағы және осы Пәкістандағы қандастарымыздың жағдайына келетіндей етіп, кішкене икемдеуіміз, алғашқы адымда олардың Қазақстан визасын алуына мүмкіндік тудыратын етуіміз керек!
Бұл бүгін ғана емес, ертең де қажет болатын дүние!
Сосын, екінші бір жолы бар!
Ол – тағы да арнаулы самолёт жіберіп, бірден бірақ көшіріп алу!
Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір топ қызметкерлері мен арнаулы көлік жіберіп, Ирандағы он мыңға таяу қазақты ұлты-сұлтын анықтап жатпай-ақ, көшіріп әкеле салған жоқ па?!
Бұл туралы Мырзатай Жолдасбеков пен Зауытбек Тұрысбековтен, Сайлау Батыршаұлы мен Марат Тоқсанбаевтан сұрасаңыздар, жырдай қып айтып береді.
Сол секілді, 2021 жылғы қыркүйекте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, арнайы әскер ұшақпен Ауғанстаннан 35 қазақты бір күнде Атажұртына топ еткізген едік қой!?
Бұл туралы сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіден сұрсаңыздар болады.
Қызық болғанда, 2021 жылы қолданыстағы Көші-қон үрдісін реттеуге арналған ешбір заңда этникалық қазақтардың жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда олардың ұлтының қазақ екенін анықтауға арналған норма тұрмақ, оның жұрнағы да жоқ болатын.
Не Ауғанстаннан 35 қазақты көшіріп алар сәтте олардың жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда олардың ұлтының қазақ екенін анықтау үшін арнайы комиссия құру туралы Президенттің Жарлығы да болған емес...
Соған қарамастан, сол отыз бес қазақты арнаулы әскери ұшақ жіберіп, бір-ақ күнде көшіріп алодық қой.
Қазір олардың бірі қалмай Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, Ақмола облысында тып-тыныш бақытты өмір сүріп жатыр.
Керісінше, Ерлан Саиров екеуміз Ауғанстандағы қазақтарды Атажұртына қалай әкелеміз деп жүрсек, біздің құқық қорғау органдары кезінде Ауғанстаннан келіп, Қазақстан азаматтығын алған қазақтарды жаппай азаматтықтан шығарып жатыр. Бұл туралы кейін арнайы мәселе көтеретін боламыз.
Демек, Президент тапсырма берсе, шеттегі мұндай қазақтарды біздің атқарушы билік ұлт-сұлтын анықтап жатпай-ақ, көшіріп әкеле салады.
Пәкістандағы үш жүз қазақты көшіріп алу үшін Үкімет қайсы жолды талдайды, енді оны Өзі біледі...
Мен депутат Ерлан Саиров мызға дән ризамын және оған сәттілік тілеймін!
Ауыт Мұқибек