НЕМЕСЕ ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ЖАН-ЖАҚҚА ЖҰЛМАЛАМАНЫЗДАР!

Жыл сайын «Баспасөз күні» аталып өтеді. Жалғыз біз емес, атап жатқан. Әбден өркениетті дата. Қолына қалам ұстап, қоғамға күнделікті қызмет жасап жүрген тұтас бір тап құрметке лайық шығар.

Алайда, осы күндері қоғамда жыл сайын бір тұрақты текетірес, кейде бір-бірін айыптауға дейін баратын «скандалдар» мен сенсациялар орын алып қалады.

Оның мәні мынада: биліктік, оған жақын құрылтайшылары бар БАҚ марапатталып жатады да, өзін оппозиялық санайтын БАҚ ренішін, соған сын айтып жатады.

Өз басым мұның бәрін «ескі Қазақстанда» үстемдік еткен ақпараттық авторитаризм мен балама пікірді бағаламаушылық (тіпті, өзіне жау санау) тәжірибесінің салдары деп білемін.

Содан барып, осы кәсіби датаға байланысты қоғам қақ жарылады.

Не істемек керек?

Билік өзіне сын айтатын журналистерді қудалауды доғару керек.

Бір ғана уәж: Қасым-Жомарт Кемелұлы, қарап отырасыңыз, «ескі Қазақстан» тұсында Назарбаевқа қарсы сын айтқан барша журналистердің сөзі дұрыс шықты емес пе?! Біз де 1998 жылдан бастап жазғанбыз, басқалар да жазған. Айна-қатесіз шығып отыр ғой бәрі. Оны өзіңіз де айтып қаласыз.

Әрине, егер журналист атын пайдаланып, қазақтың түпкілікті, стратегиялық, мыңдаған жылдарға арналған жаһандық жоспарына зиян келтіретін, ішкі және сыртқы жақтардың (ішінде қазақ қамын емес, өзінің жеке бас амбициясы («қалай да билікті төңкеріп тастап, президент болуым керек!») асқынып кеткендер мен өзге геосаяси орталықтардың сойылын соғатындар болса, әңгіме басқа. Алайда ағымдағы билікке Конституция аясында сын айту құқын ешкім де жоққа шығара алмайды!

Мәселен, мемлекеттік болса да, басқа құрылтайшылары болса да, елімізде шындықты айтуға тырысып жатқан қаншама әріптестер бар. Керек болса, олар Эзоп тілін де пайдаланып, бүгінгі құқықтық мүмкіндіктер аясында ауылда, ауданда, облыста, елде не боп жатқанын қоғамға жеткізіп жатыр емес пе? Қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік маңызы мен жемқорлықты әшкерелеуге қатысы бар терең тақырыптар толайым талқыланып жатыр емес пе? Иә, белгілі себептермен олар бас билікке тікелей тиіп кететін тақырыптар мен персоналарды атамайды. Бірақ ол «жаңа Қазақстандық» транзиттік кезеңге тән уақытша құбылыс деп ойлаймын.

Меніңше, кезінде «қаңтарға» немесе анау шет жақта жүріп, айтақтап жүрген бір болымсыз да баянсыз, баршамызға бәле болған Әбілязовқа қатысы болды деп жалған айып тағылған журналистер мен қоғамдық белсенділерді босату керек.

Билік сонша ұнатпай жатса, тәуелсіз журналистердің еңбегін атап өтетін, тәуелсіз, қаржылы қорлар керек (тек олар да биліктің диагнозына дем беріп, рушыл, топшыл болмауы тиіс!). Оны да көріп жүрміз, кейбір жалпыұлттық басылымдар толайым бір аймақтың өкілдерінің қолына өтіп кетті деген сөздер де жоқ емес. Бәлкім, бұл қадамдар «келесі сайлауға түспеймін» деген Тоқаевтың сөзіне қарсы реакция, алдын-ала артиллериялық дайындық болар?!.

Ол үшін мемлекеттік, жалпыұлттық деңгейде пайымдайтын жаңа, қазақ буржуазиясы керек.

Бір сөзбен айтқанда, кез келген елдің (құй ол өте-мөте дамып кеткен Батыс болсын, құй ол ең артта қалған тирания болсын) журналистикасы үш факторға байланысты: ағымдағы заңнама мен ережелерді белгілейтін билік, сол талаптарға сай қызмет атқаратын БАҚ және осының бәрінің сорын көретін қоғам.

Үшеуі де аман болсын!

Әміржан Қосан