Қазақстанда жалақы деңгейі тұрақты өсіп келеді. Бұл ел экономикасының белсенді дамып жатқанын және халықтың өмір сүру деңгейінің біртіндеп артып отырғанын көрсетеді, деп жазады Egemen.kz.
Еңбекақының тұрақты өсімі – экономиканың жандануының белгісі
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 448,6 мың теңгені құрады. Оның ішінде қалалық жерлерде – 471 мың теңге, ауылдық жерлерде – 381,7 мың теңге болды.
Жалақының атаулы өсімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға, ал нақты сатып алу қабілеті бойынша 2,4%-ға артқан. Соңғы бес жылда орташа айлық еңбекақы екі еседен астам өсті.
Бұл көрсеткіш экономиканың құрылымдық жаңаруының, шикізаттық емес салалардың дамуының, инвестициялар мен бизнес цифрлануының нәтижесі болып отыр.
Білікті мамандардың еңбегі жоғары бағаланып келеді
Қазіргі еңбек нарығы кәсібилік пен құзыретке барған сайын көбірек мән беріп отыр.
Заманауи технологияны меңгерген, цифрлық сауаты бар, шет тілдерін білетін, аналитика мен жобалық басқару саласын игерген мамандар ең жоғары сұранысқа ие.
Тіпті дәстүрлі салаларда – құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығында – білікті мамандар орташа деңгейден әлдеқайда жоғары табыс тауып отыр.
Мысалы, ауыл шаруашылығында:
- жобалау инженері – 2,7 млн тг,
- аналитик – 850 мың тг,
- электр машиналарының конструктор-инженері – 800 мың тг,
- техник-технолог – 757 мың тг,
- бас ветеринар дәрігер – 730 мың тг жалақы алады.
Осылайша, табыс деңгейі тек салаға емес, адамның өзіне – кәсіби даму мен үйренуге ұмтылысына байланысты.
Қазақстандық еңбек нарығы «лауазымға қарай емес, құзыретке қарай ақы төлеу» моделіне ауысып келеді.
Қазақстан – Орталық Азиядағы ең жоғары жалақысы бар ел
Бүгінде Қазақстан еңбекақы деңгейі бойынша өңірде көш бастап тұр:
- Өзбекстанмен салыстырғанда – 70%-ға,
- Қырғызстанмен салыстырғанда – 73%-ға,
- Тәжікстанмен салыстырғанда – 2,5 есеге жуық жоғары.
Жұмыссыздық тарихи минимумда
2025 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады – бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең төмен көрсеткіш.
Өткен жылмен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 110,1 мың адамға артқан, ал жұмыссыздар саны 2,2 мың адамға азайған.
Жастар арасындағы жұмыссыздық та азайып, 3,1%-ды құрады.
Белсенді жұмыспен қамту шаралары
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 қазан жағдайында:
- 607,3 мың адам жұмысқа орналастырылған;
- оның 153,6 мыңы – субсидияланатын жұмыс орындарына;
- 142 мыңы – Электронды еңбек биржасы арқылы;
- 283 мыңы – Президент бастамасы «Әр 10 000 тұрғынға – 100 жұмыс орны» аясында;
- 28,7 мыңы – мемлекеттік жобалар бойынша еңбекке тартылған.
Сонымен қатар, жұмыс берушілердің сұранысына сай 8 075 адам кәсіби тұрғыда оқытуға жіберіліп, олардың 1 065-і оқудан кейін тұрақты жұмысқа орналасқан.
Кәсіпкерлікті қолдау – жұмыспен қамтудың жаңа бағыты
2025 жылы әлеуметтік осал топтарға 400 АЕК-ке дейінгі (1,57 млн тг) 9 000 грант бөлу жоспарланған.
1 қазанға дейін 8 964 грант берілді.
Бұл шаралар тек жұмыс орындарын көбейтіп қана қоймай, өз ісін ашуға мүмкіндік беретін нақты қолдау тетігіне айналды.
Вакансиялар көбейіп, жұмысшы мамандарға сұраныс артып отыр
2025 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша Электронды еңбек биржасында 65 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.
Жыл басынан бері 500 мыңнан астам жұмысшы мамандығына арналған вакансия жарияланған.
Жұмыс берушілердің тек 22,8%-ы ғана тәжірибесіз қызметкерлерді қабылдауға дайын, қалғандары білікті мамандарды іздейді.
Жалақы мөлшері: ең төменгі деңгейден бастап 1 млн теңгеге дейін өзгереді.
Қалалар мен ауылдардағы сұраныс
Қаладағы ең сұраныстағы мамандықтар:
разнорабочий – 350-600 мың тг,
автобус жүргізушісі – 400-600 мың тг,
ораушы – 400-650 мың тг,
арнайы техника машинисі – 400-700 мың тг,
тракторшы – 350-450 мың тг,
дәнекерлеуші – 350 мың теңгеден бастап.
Ауылдық жерлерде:
кен жұмысшысы – 350-450 мың тг,
электрослесарь – 400-500 мың тг,
жүктеу техникасының машинисі – 400-500 мың тг,
электр-газ дәнекерлеуші – 350-400 мың тг,
құрылыс монтаждаушы – 400-500 мың тг,
проходчик – 750-800 мың тг.
Болашаққа болжам
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжамынша, 2025-2035 жылдары жалдамалы қызметкерлерге деген сұраныс 2,98 млн адамды құрамақ.
Соның ішінде 813 мың адам – жұмысшы кадрлар.
Ең көп сұраныс:
- өнеркәсіп (27%),
- денсаулық сақтау (12%),
- құрылыс (11%) салаларында болады.
Мигранттар мен қазақстандықтар: еңбек нарығындағы парадокс
Жұмыс орындары көп болғанымен, кейбір қазақстандықтар «ыңғайлырақ» қызмет күтіп, физикалық еңбекке барғысы келмейді. Ал бұл бос орындарды мигранттар иеленуіне әкеліп отыр.
2025 жылғы 13 қазан жағдайы бойынша Қазақстанда 185,6 мың еңбек мигранты тіркелген, олардың көбі:
- құрылыс және жөндеуде – 161,3 мың адам (87%),
- ауыл шаруашылығында – 14,7 мың адам (8%),
- тұрмыстық қызметте – 9,5 мың адам (5%).
Мигранттардың басым бөлігі – Өзбекстаннан (173,7 мың), Тәжікстаннан (10,1 мың) және Әзербайжаннан (1,7 мың) келген.
Ең көп шоғырланған өңірлер – Алматы облысы, Алматы қаласы және Атырау облысы.
Мигранттардың табысы және ақша аударымы
Халықаралық көші-қон ұйымының дерегі бойынша, мигранттардың орташа айлық табысы 526 АҚШ долларын (шамамен 278 мың теңге) құрайды.
Ұлттық банк дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында шетелге жасалған ақша аударымдарының көлемі:
- Өзбекстанға – 100,5 млрд тг (75%),
- Қырғызстанға – 3,5 млрд тг (3%),
- Әзербайжанға – 1,9 млрд тг (1,4%),
- Тәжікстанға – 1,5 млрд тг (1,1%).
Бұл – қазақстандықтардың өздері қызықпаған, бірақ нақты табыс әкеліп отырған жұмыс орындарында өндірілген қаражат.
Қорытынды: жұмыс бар, бірақ бәріне ұнай бермейді
Қазақстанда жұмыс орындары жеткілікті – әсіресе қызмет көрсету, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында.
Алайда негізгі мәселе жұмыстың жоқтығында емес, жергілікті тұрғындардың күту деңгейінде екен.
Көптеген азаматтар «көп еңбексіз жоғары жалақы» іздегенде, мигранттар сол бос орындарды иеленіп, адал еңбегімен ел экономикасына үлес қосып жатыр.
Бұл туралы орыс тілінде ranking.kz сайтында берілген.