Бірі құлпынай, картоп жинап , «миллион табамын» деп кетеді. Жетіскеннен емес әрине. Енді бірі білім қуып, мықты маман боламын деп елінен жырақтайды. Бұдан бөлек, атажұртынан амалдың жоқтығынан кетіп жатқандар да көп.
Бүгінде мұндай мигранттар саны 304 миллионнан асады. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, бұл – жер бетіндегі әр отызыншы адам.
Жұрт еріккеннен шекара аспайды. Бұл жерде мыңғыртып мал айдаған, шытырлатып ақша санаған бай-бағландар емес, әлеуметтің жайын айтып отырмыз. Заңды-заңсыз жолмен шекара кесіп, өзге мемлекетті сағалаған адам саны қазір 304 миллионнан асады. Сонау біздің аймақ үшін қиын шақ 1990- жылдың өзінде бұл көрсеткіш небәрі 154 миллион ғана болған екен. Яғни кейінгі 35 жылдың мұғдарында халықаралық көші-қон көлемі екі еседен артық өскен. Мигранттардың 51 пайызы Еуропа мен Солтүстік Америкаға ауды. Жалпы елдің көбі армандап баратын мемлекет – АҚШ. Онда қазір 52 миллион шетелдік тұрады. Бұл – әлемдік мигранттардың 17 пайызға жуығы.
Германия, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания және Франция да мигранттар көп шоғырланған мемлекеттер қатарында. Германияға – 16,8 миллион, Сауд Арабиясына – 13,7, Ұлыбританияға – 11,8, Францияға – 9,2 миллион адам сырттан келген.
Жалпы әлемде туған жерден жырақ кеткендердің көшін 18,5 миллион адаммен Үндістан халқы бастайды. Қытай, Мексика, Украина мен Ресей де алдыңғы бестікке кіреді. Мәселенің басы – жұмыссыздық, соған орай өмір сүру сапасының төмендігі.
Сарапшылар бұдан бөлек қарулы қақтығыстар көші-қон толқынын күшейте түседі деп болжайды. Сосын климаттың өзгеруі де себеп. 2050 жылға қарай 200 миллионға жуық адам экологиялық жағдайға байланысты қоныс аударуы мүмкін.
Эми Поуп, Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры:
- Көші-қонның ең ірі қозғаушы күштерінің бірі – климаттың өзгеруі. Бұл мәселені бүгінгі төтенше жағдайлармен ғана шектелмей, алдағы жылдардағы табиғи апаттың ықтимал себеп пен салдарын ескере отырып шешуіміз қажет. Қазір миграция жөніндегі халықаралық ұйым осал аймақтарда инфрақұрылымды күшейту, білім беру және қауіпсіз көшу жолдарын ұйымдастыруға баса назар аударып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша бүгінде 167 миллионнан астам адам еңбек мигранты саналады. 7 миллионға жуық студент шет елдерде білім алып жүр. Мәжбүрлі көші-қон көлемі де жыл санап артпаса, кемитінге ұқсамайды. Қақтығыстар салдарынан небір алмағайып күндерді бастан кешіп туған жерінен алыстағандар саны 123 миллионнан асып, кейінгі онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Көші-қон – бүгіннің ғана емес, болашақтың да сын-қатері. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе алдағы жылдары да жаһандық деңгейде жалғасуы әбден мүмкін.
Авторы: Нұрбике Қартбаева