Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзиньде өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, Ұйымның одан әрі дамуының басым бағыттары жөнінде өз пікірімен бөлісті. Мемлекет басшысы қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қатерлерге қарсы іс-қимылға арналған төрт мамандандырылған ШЫҰ орталығын құруды, сондай-ақ ШЫҰ Даму банкін құру бастамасын қолдады. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО жанынан перспективалы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша ШЫҰ офисін құруды ұсынып, Қазақстанда ШЫҰ Су проблемаларын зерттеу орталығын ашу идеясын ортаға салды. Қытайда өткен саммитте Қазақстан ұстанымы немен ерекшеленді және Тоқаевтың бастамаларының саяси мәні неде – бұл туралы ҚР Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Руслан Изимов сұхбат берді.

Руслан Юсупжанович, сарапшылар қауымдастығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары Қытай басшылығы тарапынан достық пен құрметтің ерекше символдарымен сүйемелденгенін атап өтуде. Сіз қайсыларын бөліп көрсетер едіңіз және олардың саяси маңызы неде?

– Әрине, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары Пекиннің Астанаға деген ерекше көзқарасын айқындайтын бірқатар символдық жайттармен сүйемелденді.

Ең алдымен, ШЫҰ саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Тяньцзиньдегі бейресми кездесуіне назар аудару керек. Дипломатиялық тәжірибеде осындай хаттамалық рәсімдерсіз кездесулердің айрықша маңызы бар, өйткені ол көшбасшылардың арасындағы сенімді қарым-қатынасты және ашық диалог жүргізуге ниеттілікті білдіреді. Ерекше атап өтер жайт, ШЫҰ саммитінің қарсаңында, яғни 30 тамызда Қазақстан мен Қытай өкілдері ынтымақтастық туралы жиырмадан астам құжатқа қол қойды. Сол келісімдердің ішінде екі жаңа «Лу бань шеберханасының» ашылатыны туралы жаңалық назар аудартты. Бұл шешім Қытайдың адами капиталға инвестиция салуға және технологиялар трансферіне дайын екенін көрсетеді. Мұның бәрі қарапайым хаттамалық күн тәртібінен шығып, қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын айғақтайды.

Сондай-ақ, сапар қарсаңында Президент Тоқаевтың China Daily басылымына берген сұхбаты да айрықша мәнге ие болды. Онда Мемлекет басшысы: «Қазақ-қытай қатынастары көпғасырлық тату көршілік байланыстарға негізделген және әрдайым өзара сенімге, қолдауға, түсіністікке құрылған», – деп атап өтті. Ол екіжақты сауда айналымының рекордтық көрсеткішін, бірлескен жобалардың тиімділігін айтып, екі елдің даму стратегияларын үйлестіруге шақырды. Мұндай риторика өзара түсіністікті және ұзақмерзімді мүдделердің сәйкес келетінін айқын көрсетеді. Демек, сапардың символизмі тек қана жылы атмосферада емес, сонымен бірге мазмұндық тұрғыда да айқын байқалды.

– ШЫҰ саммитінің Тяньцзиньде өтуі несімен маңызды болды? Тоқаевтың саммитте айтқан Қазақстанның ұстанымын қалай бағалайсыз?

– Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммиті Ұйымның болашақ бағытын айқындаған маңызды оқиға болды. Бұл – тарихтағы ең ауқымды саммиттердің бірі. Онда жиырмадан астам мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысты. Бұл факт ШЫҰ-ның аймақтық клубтан немесе диалог алаңынан шығып, жаһандық деңгейде салмағы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ кездесу «Шанхай рухын ілгерілету: ШЫҰ іс жүзінде» деген ұранмен өтті. Бұл қатысушылардың ұйымға жаңа серпін беруге деген ниетін білдіреді.

Экономикалық бастамалардың ішінде ШЫҰ Даму банкін құру идеясы және Қытай тарапынан ұсынылған 2035 жылға дейінгі он жылдық даму стратегиясы айрықша маңызды болды. Айта кетерлігі, ШЫҰ Даму банкін құру мәселесі ұзақ жылдар бойы күн тәртібінде болып келген, ал қазір мүше елдер консенсусқа жақындап қалғаны байқалады.

Осы аяда Қазақстан Президентінің ұстанымы ерекше салмақты болды. Қасым-Жомарт Тоқаев практикалық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударды. Ол заманауи қатерлерге қарсы іс-қимылға арналған төрт мамандандырылған ШЫҰ орталығын құру бастамасын қолдап, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеспен (АӨСШК) қоса өзге аймақтық ұйымдармен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Президент еліміздің транзиттік әлеуетін атап өтіп, Транскаспий бағытының маңызын көрсетті және өңірлік интеграцияға жаңа серпін беретін «Трансалтайлық диалог» тұжырымдамасын ұсынды.

Осылайша, Қазақстанның саммиттегі ұстанымы кешенділігімен және стратегиялық көзқарасымен ерекшеленді. Бір жағынан, Астана қауіпсіздік қатерлеріне қарсы ортақ күреске адалдығын растаса, екінші жағынан, инфрақұрылымдық жобалар мен жаңа технологиялық бастамаларға басымдық беріп, даму күн тәртібін белсенді ілгерілетті. Бұл Қазақстанның жай ғана қатысушы емес, ШЫҰ аясында күш біріктіру орталықтарының бірі болуға ұмтылатынын көрсетеді.

Саяси тұрғыдан алғанда, Тоқаевтың сөзі Қазақстан сыртқы саясатының көпвекторлылығы мен прагматизмі әлі де негізгі қағидат екенін білдірді, ал ШЫҰ – осы бағытты нығайтудың басты құралы ретінде қарастырылады.

– Тоқаевтың ШЫҰ қауіпсіздікке қарсы іс-қимыл орталықтарын құру бастамасын қолдауының аймақ үшін мәні неде?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шынында да Тяньцзиньдегі сөзінде ШЫҰ-ның қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерге қарсы іс-қимылға арналған төрт мамандандырылған орталық құру бастамасын қолдады. Бұл идеяны алғаш ШЫҰ Хатшылығы көтерген, оны ұйымның Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев та бірнеше рет атап өткен болатын. Оның айтуынша, заманауи қатерлерге қарсы күреске институционалдық сипат беру қажет. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Аймақтық терроризмге қарсы құрылымнан (АТҚҚ) айырмашылығы, жаңа орталықтар тар салаларға маманданатын болады: терроризм, киберқауіпсіздік, трансұлттық қылмыс немесе экстремизмнің жаңа түрлері.

Бұл бастаманың саяси мәні – ШЫҰ-ны сапалық жаңа деңгейге шығаруында. Егер бұған дейін ұйым декларативтік шешімдері үшін сынға ұшыраса, енді нақты ұжымдық әрекет ету тетіктері пайда болмақ. Трансшекаралық қауіптердің күшейіп тұрған аймақта бұл символикалық емес, нақты ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне қадам болады.

Сонымен қатар, бұл бастаманы қолдау арқылы Қазақстан өзін жай бақылаушы емес, өңірлік қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруға белсенді қатысушы ретінде көрсетіп отыр. Бұл – Астананың көпвекторлы саясатын тағы да айқындайды. ШЫҰ жобаларына қатыса отырып, Қазақстан Азиядағы қауіпсіздік жүйесіндегі орнын күшейтеді, әрі өзге ынтымақтастық форматтарынан алшақтамайды.

– Президент Тоқаевтың АХҚО жанынан ШЫҰ-ның инвестициялық жобаларды сүйемелдеу офисін құру туралы ұсынысын қалай бағалайсыз? Бұл елге және аймаққа қандай пайда әкелмек?

– Менің ойымша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық қаржы орталығы «Астана» (АХҚО) жанынан ШЫҰ-ның перспективалы инвестициялық жобаларын сүйемелдеу офисін құру туралы ұсынысы – Тяньцзинь саммитінде айтылған ең маңызды бастамалардың бірі. Бұл Қазақстанның ШЫҰ-ның экономикалық бағытын институционалдық әрі практикалық сипатқа жеткізуге ұмтылысын көрсетеді.

Мұның екі қыры бар.

Біріншіден, ШЫҰ дамуының логикасы экономикалық өлшемді күшейтуді көздейді. Ұйым дәстүрлі түрде қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударып келді, бірақ Орталық Азия елдері үшін инвестициялық және инфрақұрылымдық саясатты үйлестіруге арналған алаңға айналдыру міндеті кем емес. АХҚО жанындағы офис осы қажеттілікке жауап береді. Ол көлік-логистикалық дәліздерден бастап энергетика мен цифрлық технологияларға дейінгі жобаларды сараптау және сүйемелдеу орталығына айнала алады.

Екіншіден, АХҚО өзінің тиімділігін дәлелдеген құрылым. Ол ағылшын құқығына негізделген, ашық ережелер мен халықаралық арбитраж жүйесі бар алаң ретінде инвестиция тартуда, ірі өңірлік жобаларды ілгерілетуде беделге ие болды. Дәл осы жерде офис орналастыру – ШЫҰ-ның инвестициялық бастамаларының қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуына жол ашады.

Қазақстан үшін бұл – Еуразиядағы қаржы және инвестициялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту. Ел Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттері және «ШЫҰ Плюс» форматының серіктестері арасындағы байланыстырушы буын рөлін иеленеді. Ал аймақ үшін бұл ұсыныс трансұлттық жобаларды институционалдық қолдау мүмкіндігін ашады.

Кеңірек қарастырсақ, АХҚО жанындағы офис ШЫҰ жобаларын «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және азиялық әрі еуропалық инвесторлармен байланыстыратын көпірге айнала алады.

– Президент Тоқаев ұсынған «Трансалтайлық диалог» бастамасының стратегиялық мақсаты неде?

– Транзиттік-көлік әлеуетін дамыту Қазақстан саясатының негізгі бағыты болып қала береді. Тяньцзиньдегі саммитте атап өтілгендей, «Бір белдеу, бір жол» аясындағы жаһандық сауда-логистикалық жобалар қатысушы елдерге жыл сайын 1,5 триллион долларға дейін табыс әкелуі мүмкін. Осы тұрғыда Солтүстік–Оңтүстік, Шығыс–Батыс дәліздері мен Транскаспий бағыты Азия мен Еуропа арасындағы ең маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.

Осы контексте «Трансалтайлық диалог» бастамасын қолдау Қазақстанның стратегиялық көзқарасын айқындайды. Бұл – Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолияны біріктіретін «Алтай өңірінің» әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған жаңа формат құру. Бұл тек көлік бағыттарын интеграциялап қана қоймай, тарифтік саясат, инфрақұрылым түйісуі, стандарттарды үйлестіру сияқты мәселелерді тұрақты негізде шешетін институционалдық алаң құрады.

Маңыздысы – Президент Тоқаев бұл бастаманы нақты күн тәртібіне шығарды. Атап айтқанда, қарашада Ақтауда өтетін алғашқы ШЫҰ форумында осы мәселені талқылауды ұсынды. Онда порттар мен логистикалық орталықтардың жетекшілері арасында келіссөздер мен пікірталастар жоспарланған, бұл жобалардың жүзеге асуына серпін береді.

Осылайша, Қазақстан көлік дипломатиясын экономикалық жаңғырту мен өңірлік интеграцияның құралына айналдыруға ұмтылып отыр. Ал болашақта «Трансалтайлық диалог» «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен бірыңғай еуразиялық логистикалық кеңістік арасындағы байланыстырушы буын бола алады.

– Тоқаевтың ШЫҰ Су проблемаларын зерттеу орталығын Қазақстанда құру туралы ұсынысына көзқарасыңыз қандай?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ Су проблемаларын зерттеу орталығын Қазақстанда құру бастамасы – дер кезінде көтерілген әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды.

Жаһандық перспектива шынында да алаңдатарлық. БҰҰ деректеріне сәйкес, 2050 жылға қарай әлемдік суға деген сұраныс 20–30 %-ға артады, ал Жер халқының жартысынан көбі су тапшылығы жағдайында өмір сүретін болады.

Бұл мәселе Орталық Азия үшін тіпті өткір. Дүниежүзілік банк бағалауынша, ғасыр ортасына қарай аймақ қажетті су ресурстарының 25–30 %-ын жоғалтуы мүмкін. Халқы 90 млн-ға жеткенде бұл ауыл шаруашылығына, энергетикаға және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіреді. Әсіресе Сырдария мен Әмудария бассейндері осал. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Сырдария суы 5 %-ға, Әмудария суы 15 %-ға дейін азаюы мүмкін. Бұл мемлекетаралық қайшылықтардың күшеюіне әкелуі ықтимал.

Орталық құру осы проблеманы институционалдық деңгейге көтереді. Ол мониторинг, деректер алмасу, бірлескен болжамдар мен саяси шешімдер әзірлеу алаңы бола алады. Бұл тек дағдарыстың алдын алуға емес, су ресурстарын басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын үйлестіруге де көмектеседі. Сондай-ақ мәселенің ШЫҰ деңгейінде көтерілуі оған халықаралық мән береді, технологиялар мен инвестицияларды тартуға мүмкіндік ашады.

Осылайша, Мемлекет басшысының бастамасы Еуразиядағы ұжымдық қауіпсіздік пен тұрақты даму тетігін қалыптастыруға жол ашады.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары шамамен 5 күнге созылды. Оны Қазақстан сыртқы саясатындағы жылдың негізгі оқиғаларының бірі деуге бола ма?

– Иә, бұл сапарды Қазақстан сыртқы саясатындағы жылдың басты оқиғаларының бірі деп айтуға толық негіз бар. Оның маңызы бірнеше деңгейден айқын көрінеді.

Біріншіден, Қазақстан үшін Қытаймен тұрақты консультациялар өткізу – өмірлік маңызы бар, өйткені ҚХР – еліміздің ең ірі сауда серіктесі. Бүгінде екіжақты тауар айналымы 44 млрд доллардан асып түсті.

Екіншіден, Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитімен байланысты өлшем бар. Бұл – ұйым тарихындағы ең ауқымды саммиттердің бірі болды, онда алдағы он жылға арналған даму жолдары талқыланды. 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастық пен көлік интеграциясы мәселелері қаралды. Осы аяда Қазақстан белсенді ойыншы ретінде көзге түсті. Тоқаев қауіпсіздік орталықтарын құруды қолдап, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу үшін АХҚО жанынан ШЫҰ офисін құруды ұсынды және «Трансалтайлық диалогты» дамыту бастамасын көтерді. Мұның бәрі елдің еуразиялық интеграция архитектурасында бастамашы әрі біріктіруші рөлін нығайтады.

Соңында, сапар айрықша символикалық мәнге ие болды. Президент Тоқаев Пекиндегі әскери парадқа шақырылды. Бұл парад антифашистік күрестегі және Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы Жеңісінің 80 жылдығына арналды. Мұндай форматтағы парад Қытайда алғаш рет өтті, ал Қазақстан көшбасшысының қатысуы Пекиннің Астанаға деген ерекше сенімі мен құрметін білдіреді. Қазақстан үшін бұл тек дипломатиялық ишара емес, Қытаймен тарихи ынтымақтастықты көрсету мүмкіндігі де болып отыр. Бұл екіжақты гуманитарлық байланысты одан әрі күшейтеді.