Жыл басынан бері алтын 26%-ға қымбаттап, ең кірісті инвестицияға айналды. Консенсус-талдаушылар жылдың екінші жартысында алтын үшін макроэкономикалық жағдай тұрақты болса, 5%-ға дейін орташа өсім көрсетеді деп болжайды. Қазіргі бағам бойынша алтынның фьючерстері бір унциясы үшін 3 343 доллар сұрайды .

Ұлттық банк мәліметінше, биыл наурызда еліміздің алтын-валюта резерві (АВР) шамамен 48,32 млрд доллар болды, оның 29,14 млрд доллары монетарлық алтынға тиесілі (АВР-дің 60%-дан астамы). Демек, алтынның жаңа бағасы біздің пайдамызға жұмыс істеп тұр. Елдегі ірілі-ұсақты 350-ге жуық алтын кенінің үштен екісінде барлау және өндіріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Экономикасы шикізат экспортына айтарлықтай тәуелді біз үшін алтын резервтерін көбейту қаржы­лық һәм экономикалық тұрақтылық­ты қамтамасыз ету стратегиясының маңыз­ды элементіне айналды. Алып-сату бағасындағы айырмашылықтар біраз уақытқа дейін теңгенің қосымша күш жинап алуына мүмкіндік береді.

Сарапшылардың айтуынша, орталық банктер алтынды валюталық нарықтағы ауытқулар мен геосаяси жағдайға қарамастан құндылықтарды сақтайтын стратегиялық актив ретінде көреді. Алтынды қажет кезде сатып алып, сатуға қолданыстағы заң мүмкіндік береді. Осыдан 14 жыл бұрын елімізде өндірілген алтынды сатып алуға айрықша құқық Ұлттық банкке тиесілі деген заң қабылданды. Өзгеріс – жыл басынан бері алтынды халықаралық биржада сауда шығарып, сол арқылы ішкі нарыққа, ұлттық валютаға қосымша дем бердік, алғашқы тоқсанда алтын көлемі ай сайын артып, экономиканың қорғаныс қалқаны алтынмен апталды.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, алтын саудасына қатысты көзқарас өзгерді.

«Осыдан екі жыл бұрын теңгерімді теңестіру және доллар үлесін арттыру үшін алтын саттық. Қазір сату­ды тоқтатып, сатып алуға көштік. Алтын бағасының өсуіне нарықтық дауылдар әсер етіп жатыр. Алтынның өтімділігі қолма-қол шетел валютасына қарағанда аз болғанымен, ортамерзімді келешекте алтын құнының өсуі экономика үшін тиімді. Бұл ретте, Ұлттық банктің есебі түгел, бағыты дұрыс», дейді.

Геология-минералогия ғылым­да­ры­ның докторы Александр Третьяков­тың сөзінше, алтын шикізатының қол­же­тімді қорлары бүкіл әлемде азайып, таза алтын өңдеу қиындап кетті.

«Қолында бірер миллион теңгесі бар азаматтарға алтын кенін игеруге мүмкіндік беретін заңды 2018 жылы қабылдап бердік. Экологияға зиян келтірмесең, 1 млн теңге қаржы салып, 5 гектар жерді алып, 3 метр тереңдікке дейін алтын қазуға болады. Инвесторлар бізге мұнай кені емес, табиғатта сирек кездесетін пайдалы қазбалары бар ел ретінде қарай бастады. Демек, заңдарымызды да халықаралық талаптарға лайықтап, қайта жүйелеу керек. Ресурстарымызға ұқыпты қараймыз десек, кейінгі технологияларды енгізген ләзім. Елімізде 2024 жылы 132,32 тонна өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірілген. Оның ішінде аффинаж зауыттарында 74,26 тонна бағалы металл алынған. Біз алтын қоры жөнінен алғашқы жиырмалықтың қатарында болсақ та алтын бағасына ықпал ете алмаймыз. Бұл нарықтың негізгі ойыншылары – Қытай және Үндістан. Сондай-ақ АҚШ және Швейцария сияқты ірі алтын қорлары бар елдер де алтын бағасына ықпал етіп отыр», дейді А.Третьяков.

Сарапшы Эдуард Полетаев бізбен әңгімесінде алтын қымбаттаса, долларға қысым күшейе беретінін айтады. Егер доллар өссе, онда ол алтынға теріс әсер етуі мүмкін. Жаһан нарығындағы алтынды сатып алу және сатумен байланысты қазіргі жоғары белсенділік – орталық банктердің реакциясы. Алай­да алтын енді қазіргідей сұранысқа ие бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Оның айтуынша, біздің ел тек алтынды сәтті саудалауды ғана емес, геология мен тау-кен металлургия кешенін, алтын өндіруді дамытуды да дұрыс жолға қойғаны жөн. Бәлкім, сонда ғана алтын саудасының тетіктері бізге оң қабақ таныта бастайды.

«Ішкі нарықта ойын ережесін Ұлттық банкпен келісімшартқа отырған 5-6 компания ғана анықтайды. Ұлттық банктің олардан қандай бағамен алтын сатып алатыны бізге жұмбақ. Олардың нарықтағы үлесі 20%-дан аспайды. Бізге нарықтың инвестициялық тартымдылығынан өзімізге тиімді алтын аралықты тапқан абзал. Бұл Ұлттық банктің алтын-валюта қорына қатысты саясатын әртараптандырады. Сол кезде ғана алтын саудасы дипломатиясының аузы дуалы ойыншыларына айналамыз», дейді сарапшы Э.Полетаев.

АЛМАТЫ