Қант бағасы өсуі мүмкін деген қауіп бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның өсуіне қатысты алаңдаушылыққа жауап беріп, қазіргі қор елдің ішкі сұранысын екі айдан астам уақытқа жабуға жеткілікті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жаз мезгілінде халықтың тосап, компот және тұздықтар дайындауы қалыпты жағдай. Сол себепті елде қантпен қамтамасыз ету мәселесі мен бағаның өсу ықтималдығы қайтадан өзекті бола түсті. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі халықтың алаңдаушылығына жауап ретінде еліміздегі қант қоры мен өндірісі туралы өзекті мәліметтерді жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Қазақстандағы қанттың жиынтық қоры 87,7 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде:

• 10 мың тоннасы -бөлшек сауда нүктелерінде,

• 12,8 мың тоннасы -көтерме қоймаларда,

• 27,9 мың тоннасы -өңірлік тұрақтандыру қорларында,

• 37 мың тоннасы -қайта өңдеу кәсіпорындарында сақтаулы.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстанда қанттың орташа айлық тұтыну көлемі 42 мың тонна шамасында. Осылайша, қазіргі қорлар ішкі сұранысты екі айдан астам уақытқа жабуға толық жеткілікті.

Сондай-ақ ведомство қант импортына ешқандай шектеу қойылмағанын және жеткізу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын хабарлады. Бұл, өз кезегінде, қант тапшылығының алдын алады.

Қазіргі уақытта ел аумағында төрт қант зауыты жұмыс істейді. Олардың ішінде Тараз қант зауыты жыл бойы қамыс шикізатын қайта өңдеумен айналысады. Ал Меркі, Ақсу және Көксу қант зауыттары алдымен отандық қант қызылшасын өңдейді, кейін барып қамыс шикізатына көшеді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында елімізде 55,4 мың тонна қамыстан алынған қант өндірілген. Ал қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше, сол кезеңде 52 мың тонна қамыс шикізаты импортталып, қайта өңдеуден өткен.

Қазақстанның жылдық сұранысы шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Жылдың алғашқы жартыжылдығында ел ішінде өндірілген қант көлемі — 119,5 мың тонна, ал импортталған қант көлемі — 223 мың тонна. Осылайша, ішкі нарыққа келіп түскен жалпы қант көлемі 342,5 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш жылдық қажеттіліктің 68,5%-ына тең.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі таңда елде қант тапшылығы, жеткізілімдегі үзілістер немесе бағаның күрт өсуіне ешқандай негіз жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.

“Қант жеткізушілері маусымдық сұраныс ауытқуларын, соның ішінде жазғы үй жағдайындағы консервілеу маусымын ескере отырып, импорт көлемін алдын ала жоспарлайды. Сондықтан да тапшылық, жеткізілімнің үзілуі немесе соған байланысты баға күрт өседі деген қауіп жоқ”, — деп нақтылады министрлік.

Сонымен қатар қант қызылшасын өсіру мен қайта өңдеуді мемлекеттік қолдау жалғасып келеді. Мемлекеттік қолдау аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген несие, тұқым, тыңайтқыш, суару қызметтеріне субсидиялар, сондай-ақ қайта өңдеуге тапсырылған әр тонна қант қызылшасы үшін 25 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 50%-ға дейін инвестициялық субсидиялар ұсынылады.

Қант зауыттары айналым қаражатын жылдық 5% мөлшерлемемен қаржыландыра алады, ал инвестициялық жобалар бойынша несиелер 12,6% мөлшерлемемен беріледі. Зауыттарды салу немесе жаңғырту кезінде инвестициялық субсидияның жоғары мөлшері — 40%-ға дейін қолданылады.

Салықтық жеңілдіктер де сақталған: қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілгеніне қарамастан, қант өндірушілерге 80% көлемінде салықтық жеңілдік беріледі.

Баға мониторингі бойынша, Қазақстан қалаларында қанттың орташа бөлшек бағасы Таразда 1 кг үшін 384 теңгеден бастап, Өскеменде 482 теңгеге дейін өзгереді. Соңғы бір жылда қант орта есеппен 11,5%-ға қымбаттаған, алайда бағаның күрт өсуі тіркелмеген. Баға жағдайына Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі бақылау жүргізіп отыр.

Осылайша, салалық және мемлекеттік деректерге сүйенсек, Қазақстан ағымдағы маусымда қантпен толық қамтамасыз етілген, ал тапшылыққа байланысты бағаның күрт өсуі күтілмейді.